Қазақстан – әлем инвесторларына мүмкіндік ұсынатын алаң
Шетелдік инвесторлар кеңесі – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Кеңес қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүргізеді.
Қазақстан бәсекеге қабілетті 35 елдің қатарына кірді
Жиында сөйлеген сөзінде Президент Кеңес елдегі инвестиция климатын жақсартуға ықпал ететін мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын айтты. Сондай-ақ Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) дерегін алға тартып, Қазақстан әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 35 елдің қатарына кіргеніне тоқталып өтті.
– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деп биік мақсат қойып отырмыз. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кәсіптік-техникалық білім сапасын арттыратын инвесторлар қажет
Мемлекет басшысы Қазақстанның минералды-шикізат қорының ауқымды екенін атап өтіп, геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды игеру саласындағы процестердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары туралы баяндады. Президенттің мәлімдеуінше, кейінгі алты жылда Қазақстан геологиялық барлау саласына 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан. Бүгінде елімізде 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумақта геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүмкіндік бар.
– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.
Мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету ел экономикасына серпін береді
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы ахуалдың жақсаруына, елдің дамуына халықаралық мұнай компанияларының айтарлықтай үлес қосқанын да айтты. Мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады деген сенімін жеткізді.
– Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз. 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазір бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Таза энергетиканы» тартымды ету қажет
Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт-қа жететін «жасыл» жобаларды жүзеге асыру бойынша Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты келісімдер жасалды. Сонымен қатар Қазақстанның атом энергетикасын дамытуда елеулі әлеуеті бар.
– Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, – деді Президент.
Агроөнеркәсіп – назар аударылуға тиіс сала
Мемлекет басшысы инвесторларға агроөнеркәсіп секторына назар аудару керек екенін айтты. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады.
– Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.
Транскаспий халықаралық дәлізін дамытуға күш саламыз
Одан бөлек, Қазақстан көлік және логистика саласында Еуразияның негізгі транзит торабы ретінде өз орнын нығайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта елде 11 мың шақырым ескі теміржолды жөндеп, 5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту басты назарда: жаңа жүк терминалдарын салу мен кеме өндірісін жолға қою арқылы Орта дәліз инфрақұрылымына инвестиция тарту көзделген.
Қолайлы инвестициялық климат құру – негізгі міндет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, инвесторлардың құқығын қорғау және реттеу саясатын дамыту маңызды рөл атқарады. Сот жүйесі мен құқық қорғау саласындағы реформалар елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағыттаған. Жыл соңына дейін іске қосылатын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жобалардың жүзеге асуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жаңа Салық кодексі арқылы да инвесторларға қолдау көрсетілмек. Ол машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтама сатып алуға шығындарды шегеруге арналған салықтық жеңілдіктерді қамтиды, бұл инвестициялық кезеңді жандандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Президент Қазақстан қаржы саласындағы ынтымақтастықта «Астана» халықаралық қаржы орталығына айрықша мән беретінін айтты. АХҚО – әлемдік тәжірибені ұштастырған және Орталық Азия өңірінде ерекше орынға ие қаржы орталығы. Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалогтің маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды жалғастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев баяндама жасап, сөз сөйледі.
Бхаргав Дасгупта, Азия Даму банкінің вице-президенті:
Қазақстан нарығы – айтарлықтай мүмкіндіктер ұсынатын алаң
– Ең алдымен, Азия даму банкі Қазақстанның көп жылдан бергі серіктесі екенін айтып өткенім жөн. Біз Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз және осы уақыт ішінде Қазақстанға 7 миллиард доллардан астам инвестиция құйдық немесе қаржылай қолдау көрсеттік. Қандай салаларда жұмыс істейміз және алдағы уақытта қай бағыттарға назар аударатынымызға тоқталып өтейін. Ең алдымен энергетика секторына баса назар аудармақпыз. Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты барлық мәселе өте маңызды, себебі таза энергия – тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін өте өзекті мәселе. Гидроэнергетикадан бастап күн энергиясына дейінгі жобаларымыз бар. Сонымен қатар біз жол құрылысына, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына инвестиция салып келеміз және жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда жұмыс істеген жылдарда біз ел Үкіметімен тығыз байланыста болдық. Елдегі түрлі мүмкіндікті, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту үшін Үкімет қабылдайтын шараларды үнемі талқылаймыз. Мысалы, тариф саясатын және салық салу жүйесін жақсарту сияқты мәселелер бойынша Қазақстанмен бірге жұмыс істейміз. Бұл – елге көптеп инвестиция тарту үшін қажет шаралар. Әр елдің инвестиция тартуға қатысты өзіне тән талаптары мен стратегиялары бар деп ойлаймын. Қазақстан нарығы өте тартымды және бұл нарықтың түрлі салада айтарлықтай мүмкіндіктер ұсынатынын бұрыннан айтып келемін. Қазіргі уақытта біз Үкіметпен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын көбейту мәселесін талқылап жатырмыз. Бұған қоса, инвестиция салуда жеке секторды белсенді тарту қажет деп санаймыз. Әрі шағын және орта бизнес үшін тең жағдай жасау керек деген ойдамыз, яғни Қазақстанның инвестициялық климатын одан әрі тартымды ету үшін не істеу керек екенін талқылап жатырмыз. Қазір нақты сандарды айта алмаймын, бірақ біз алдағы 4 жылға арналған Стратегиялық серіктестік бағдарламасы аясында жұмыс істейміз. Осы бағдарлама арқылы біз Қазақстан Үкіметіне, әсіресе жеке секторды тарту сияқты маңызды бағыттарда қолдау көрсететін боламыз.
Николай Подгузов, Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы:
Үшінші жыл қатарынан 1 миллиард доллардан астам инвестиция салдық
– Еуразия даму банкі Қазақстандағы көлік инфрақұрылымына, логистикаға және жаңартылатын энергия көздеріне белсенді түрде инвестиция құйып келеді. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері – банк стратегиясының басты бағыттарының бірі. Былтыр біз Қазақстан экономикасына үшінші жыл қатарынан 1 миллиард доллардан астам инвестиция салдық. Форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлардың назарын өнеркәсіп пен индустриялық секторды дамытуға аударды. Мемлекеттің міндеті – инвесторларға қолайлы жағдай жасау болса, инвесторлардың міндеті – осы инвестицияларды тиімді пайдалану. Біз осы бағытта белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазақстан жеке тікелей инвестицияларды тарту бойынша аймақта көш бастап тұр, бұл биылғы және өткен жылдардағы нәтижелермен дәлелденіп отыр. Біз де жыл сайын 1 миллиард доллардан астам инвестиция салып, осы істе өз үлесімізді қосып жатырмыз деп сенеміз. Жобаларымызды атап айтар болсақ, Аягөз-Бақты теміржол тармағының құрылысы, бірнеше мұнай-химия кешені, каучук өндірісі зауыты, Алматы маңындағы логистикалық кешен, сондай-ақ бірқатар күн және жел электр стансасы. Сонымен қатар газ инфрақұрылымын дамыту, Орталық Азия интеграциясы, Каспий маңы бағыттарын дамыту секілді ауқымды жобаларды іске асырып келеміз. Аягөз-Бақты жобасы қазір техникалық-экономикалық негіздеме кезеңінде тұр. Бұл – ірі жоба, біз бірнеше жүздеген миллион доллар көлемінде қаражат саламыз деп ойлаймын, ал жобаның толық көлемі синдикат құрамына байланысты анықталады. Қазақстан Еуразия транзит желісінің орталығында орналасқан, яғни Еуропа мен Азияның тоғысында тұр. Сондықтан осы аймақтың байланысын арттыру Қазақстанның экономикасына үлкен пайда әкеліп, жүк айналымын, транзитті және онымен байланысты бизнесті көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан үшін тиімді бағыт және жалпы дұрыс қадам деп есептеймін. Сандарды нақты сандарды айтпасам да, жобаның жай-жапсары егжей-тегжейлі анықталған кезде барлығын ашық мәлімдейтін боламыз. Су ресурстары саласындағы жобаларға тоқталсам, біз қатысып отырған ірі жобаның бірі – Астрахан-Маңғышлақ жобасы. Бұл жоба Қазақстанның солтүстік аймақтарына су жеткізуді үшін жүзеге асырылмақ. Бүгін шетелдік инвесторлар кеңесінде бүкіл Орталық Азияны қамтитын ирригациялық жабдық өндірісін дамыту үшін өнеркәсіптік кластер құрудың маңыздылығын айттым. Себебі тиімді ирригация – сапалы сумен қамту мен ауыл шаруашылығының негізі. Орталық Азиядағы ирригациялық жабдық нарығының көлемі – шамамен 300 миллион доллар, әлемде 4-5-орын алады. Мұндай жабдықтың барлығы импортталады, сондықтан өндірістік қуаттарды өзімізде құру Қазақстанның аймақтағы өндірістік рөлі мен экономикасына тиімді болмақ. Біз осы кластерді дамытуға күш салуды көздеп отырмыз, Таяу Шығыс пен Қытай компаниялары бұл жобаға қызығушылық білдіруде, олармен бірге зауыт салу жоспарда бар. Зауытты Қазақстанның оңтүстігінде, Түркістан облысында салсақ, ол көршілес елдерге де тиімді қызмет көрсете алады деп есептеймін.