Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өліміне күдікті адамдардың есімі аталды
Тергеу нәтижесінде 10 күдікті анықталып, олардың тоғызы қамауға алынған.
Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы 46 кеншінің өліміне және 28 адамның жарақат алуына себеп болған апатты тергеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Апат 2023 жылдың қазан айында болған еді. Алғашқы жарылыс К2 қабатынан бөлінген метанның жануы нәтижесінде болған. Газ механикалық ұшқыннан тұтанып, метан қоспасының жұмыс істемейтін аймақта жарылуына және шахта туннелдеріндегі көмір шаңының бірнеше рет жарылуына әкелді.
«Жарылыстың таралу ұзындығы шамамен 6 км құрады», деп хабарлады бақылаушы орган.
Тергеу барысында жұмыс ұйымдастыруда келесі кемшіліктер анықталды:
№6 учаскенің инженерлік-техникалық қызметкерлері мен Костенко атындағы шахта басшылары тарапынан қауіпті өндірістік факторларды тиісті деңгейде бақыламау; 2023 жылдың қыркүйегінде 48к3-батыс лавасында болған оқиғаларды тиісті дәрежеде тексермеу; Шаңды-жарылысқа қарсы іс-шараларды тиісті деңгейде орындамау, нәтижесінде жер асты жұмыстары кезінде шаң мен газдың артуы, апат қаупін жоғарылатты.Тергеу нәтижесінде 10 күдікті анықталып, олардың тоғызы қамауға алынды. Олардың қатарында:
Сергей Мустивко – шахта директоры, шахтадағы тау-кен жұмыстарын апатсыз жағдайда ұстауға, өндірістік және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, жабдықтарды уақтылы жөндеуге жауапты;
Николай Грознов – шахтаның бас инженері, өндірістік қауіпсіздік жағдайын бақылау, шахтаның газ, шаң жарылғыштық және кен қабатының кенеттен лақтыру қаупін анықтау міндеттеріне жауапты;
Вадим Ерёмин – өндіріс бойынша директордың орынбасары, қауіпсіз жұмыс жағдайын және шахта жабдықтарының сенімділігін қамтамасыз етуге жауапты;
Дмитрий Федоренко – техника қауіпсіздігі бойынша бас инженердің орынбасары, шахтадағы техника қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты;
Владимир Шишканов – желдету және техника қауіпсіздігі учаскесінің бастығы, шахтадағы желдету және газ режимін қамтамасыз етуге жауапты;
Виталий Пестряк – желдету және техника қауіпсіздігі учаскесінің шаң-жарылысқа қарсы қорғау жөніндегі көмекшісі;Виктор Коптенков – №6 учаскенің бастығы, желдету, шаң-газ режимі және өртке қарсы шараларды қамтамасыз етуге жауапты;
Т. Габдушев – конвейерлік көлік учаскесінің бастығы, шаң-жарылысқа қарсы шараларды орындауға міндетті;
Владимир Гонноченко – өндіріс бойынша бас инженердің орынбасары, өндірістің инженерлік қамтамасыз етілуін бақылауға жауапты;
Дмитрий Коцар – шахтаның бас механигі, шахта жабдықтарында қауіпсіз жұмыс жүргізуді қамтамасыз етпегені үшін күдікті деп танылған.
Апаттан 74 адам, соның ішінде қаза тапқандар мен тірі қалған кеншілердің жақын туыстары зардап шегуші ретінде танылды.
«Қазіргі уақытта күдіктілер іс материалдарымен танысып жатыр. Іс аяқталғаннан кейін қадағалаушы прокурор арқылы сотқа жолданады», деп түйіндеді Бас прокуратура.