T-LIFE

Бала кезінде өзен-көлдерге жиі барғандар қоршаған ортаға ерекше қамқор болады – зерттеу

сурет: istockphoto.com

Жаңа зерттеуге сәйкес, бала кезінде өзен-көлдерге, теңіз жағалауларына жиі барған балалар өскенде қоршаған ортаға мұқият қарайтын болады. Австрияда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, балалық шақта «көк кеңістіктерге» (өзен, көл, теңіз жағалаулары) жиі барған адамдар ересек кезінде табиғатпен тығыз байланысты сезінеді. Бұл байланыс, өз кезегінде, табиғи жерлерге жиі барумен және экологиялық жауапкершілікпен мінез-құлық танытумен байланысты.

Зерттеу нәтижелері Journal of Environmental Psychology журналында жарияланды.

Адамдардың қалаға шоғырлануы мен өндірістің қарқынды дамуы аясында табиғатты қорғау әрекеттерінің маңызы артып келеді. Жеке деңгейде экологиялық жауапты әрекеттердің маңызы зор, себебі бұл іс-әрекеттер адамның қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетуге көмектеседі. Мұндай әрекеттерге қалдықтарды қайта өңдеу, пластиктен бас тарту, қоқысты дұрыс жою және энергия тұтынуды азайту кіреді.

Зерттеуді Патрисия Стель бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Олар балалық шақта көк кеңістіктерге жиі барған адамдардың табиғатпен байланысы тереңірек болатынын және олардың экологиялық мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал ететінін анықтау мақсатында статистикалық модель әзірледі. 2 370 австриялық қатысқан зерттеу нәтижесінде балалық шақтағы табиғатпен қарым-қатынас пен экологиялық жауапкершілік арасындағы байланыс расталды. Балалық шақта табиғатта жиі болған адамдар ересек шақта табиғатқа жақын болуға бейім келеді.

Дегенмен, зерттеу тікелей байланыс салыстырмалы түрде әлсіз екенін көрсетті, яғни табиғатпен байланыс ересектердің мінез-құлқына әсер етеді, бірақ бұл әсер аз мөлшерде болуы мүмкін. Зерттеу сонымен қатар демографиялық ерекшеліктерді анықтады: әйелдер ерлерге қарағанда экологиялық жауапты мінез-құлық танытса, ерлер жасыл аумақтарға жиірек баратынын айтты. Сонымен қатар, жұмысы жоқ адамдар экологиялық жауапкершілікті көбірек танытқан.

«Балалардың табиғаттан алыстауы олардың табиғатпен байланыс сезімін дамытуды қиындатып, экологиялық жауапкершілікке әсер етуі мүмкін. Біз бұл зерттеуде балалық шақтағы көк кеңістіктерге әсердің ересек шақтағы табиғатпен байланыс және табиғи ортаға бару арқылы экологиялық жауапты мінез-құлықпен оң байланыста екенін дәлелдедік», – деп қорытындылады зерттеу авторлары.

«Балалық шақтағы көк кеңістіктерге әсерден ересек шақтағы экологиялық жауапкершілікке дейін: табиғатпен байланыс пен қарым-қатынастың рөлі» атты мақала авторлары Патрисия Стель, Мэтью П. Уайт, Валерия Витале, Сабина Пал, Льюис Р. Эллиотт, Леони Фиан және Матильда ван ден Бош.