Зейнетақы, жөргекпұл және басқа да төлемдерді көтермесек, төмендетуге болмайды – Елнұр Бейсенбаев
"AMANAT" фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ел бюджетін пысықтауда Үкімет тарапынан жыл сайын жіберілетін олқылықтар жетерлік екенін айтып, бірқатар мәселеге тоқталды.
Ең алдымен, әлі де бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді.
Бірінші, біздің бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді. Әлі күнге дейін республикалық бюджеттің 40 пайызын қазба байлықты экспорттаудан түсетін кіріс құрайды. Осы тәуелділіктің салдарынан Президент тапсырған экономиканы әртараптандыру жөніндегі прогрессивті бастама Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отыр, – деді ол.
Сондай-ақ, еліміздегі орта бизнестің экономикадағы үлесі небәрі 7 пайыз ғана. Бұл – тым аз көрсеткіш.
Бір түйір табиғи байлығы болмаса да әлемде «Азиялық жолбарысқа» айналып отырған мемлекеттер цифрлық технология, көлік өндірісі, жоғары білім беру, медицина, спорт, мәдениет және туризм саласын әлемге жоғары бағаға экспорттап отыр. Яғни жоқтан бар жасап, оны қымбатқа сатуда. Ал біз дайын шикізаттан өнім шығара алмай әлек болудамыз, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ, оның сөзінше бюджетте экономиканы дамыту бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4 пайыз болып отыр.
Мәселен, қазір санкциялар астында өмір сүріп жатқан ЕврАзЭС-ке кіретін мемлекеттердің өзінде экономикалық өсім Қазақстанға қарағанда жоғары. Тіпті ол елдерде инфляцияның өзі төмен, – деді депутат.
Ол Президенттің біздің бюджет әрдайым әлеуметтік сипатқа ие болуға тиіс деп айтқан сөзін еске салды.
Өйткені зейнеткердің зейнетақысын, ананың бала күтімі үшін алатын жөргекпұлын, мүгедектің пособиясын көтермесек, төмендетуге болмайды. Дегенмен, Үкімет мүгедектерді әлі қолдамай отыр. Олардың ең төменгі жалақыдан да төмен жәрдемақысын өсіруге құлқы жоқ. Мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақының көлемі жыл сайын тек Үкіметтің 7 пайыздық инфляциялық индексациямен ғана өсіп отыр. Мысалы, мүгедектер үшін жыл сайын қосылатын сома бар-жоғы 5-6 мың теңгеден аспайды. Бұл – осында отырған Үкімет мүшелерінің бір күндік түскі асының құны. Еліміздегі мүгедек жандар биыл орташа есеппен 74 660 теңге, яғни 153 АҚШ долларын алса, 2025 жылы 79 280 теңге, яғни 162 доллар алады екен. Келесі жылға мүгедектердің алатын жәрдемақысына бар-жоғы 9 доллар немесе 4400 теңге ғана қосылыпты. Ал елімізде дәрі-дәрмектің бағасы ұшып тұр. Азық-түлік бағасы да қымбаттамаса, арзандамайды. Осындай жағдайда, 79 мың теңгемен мүгедектігі бар адам қалай күн көрмек?! – деді Елнұр Бейсенбаев.