Жаңалықтар

Қазақ халқы тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет ретінде Түркияны ерекше қадірлейді – Е.Қошанов

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркия Республикасының Ұлттық күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, бауырлас түрік халқын Анадолы елінің құрылғанына 101 жыл толуымен құттықтады.

Палата төрағасы өз сөзінде қазақ халқы тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет ретінде Түркияны ерекше қадірлейтінін атап өтті.

– Былтыр ғана тамырлас елдің ғасыр тойын өздеріңізбен бірге атап өткен едік. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып жатыр, – деді Ерлан Қошанов.

Биыл екі ел арасында Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 30 жыл толып отыр.

– Біздің достығымыздың тамыры бұдан да тереңде жатыр. Сан ғасырлық ортақ тарихымыз, мәдени-рухани сабақтастығымыз соған куә. Сол екіжақты қарым-қатынас, бабаларымыз салып кеткен сара жол жыл өткен сайын жанданып, ынтымағымыз өрлеп-өркендеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Оған біздің елдеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның арасындағы мызғымас достық берік негіз болуда. Және қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге зор септігін тигізуде, – деді Палата төрағасы.

Мәжіліс спикері стратегиялық серіктестіктің ерекше қарқын алуында қазақ-түрік Парламентаралық ынтымақтастығығың еңбегі мол екеніне назар аударды. Оған биыл мамыр айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Қазақстанға ресми сапары серпін берді.

Ерлан Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары мемлекет басшыларының уағдаластықтарын қарқынды іске асыруға белсене атсалысатынын айтты.

Сонымен қатар, 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына 15 жыл толады. Мәжіліс төрағасы осы айтулы датамен де құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.