Спорт

Қазақстандық өрт сөндіруші джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

ТЖМ

Спортпен айналысуды 8 жасынан бастаған Талант қазіргі таңда үш дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы атанып отыр.

24-28 қазан аралығында Ираклион қаласында (Греция) джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, халықаралық турнирде өз күштерін сынап, өз дағдылары мен шеберліктерін көрсету үшін әлемнің 58 елінен 970 спортшы жиналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасында бәсекелестік жоғары болды.

Қазақстан атынан сынға түскендердің қатарында Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің технигі Талант Тоқтыбаев та болды. Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметімен қатар, спортта да табысқа жеткен Тоқтыбаев 85 кг салмақ дәрежесінде JU-JITSU CONTACT бөлімінде өнер көрсетті. Өзіндік шеберлігі мен күш-жігерінің арқасында ол чемпионатта бірінші орынды иеленіп, алтын медаль иегері атанды.

Бұл жеңіс – Талант Тоқтыбаевтың спорттық мансабындағы үлкен жетістіктерінің бірі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның джиу-джитсу спортының беделін халықаралық деңгейде көтеруге қосқан маңызды үлесі.

Спортпен айналысуды 8 жасынан бастаған Талант қазіргі таңда үш дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы атанып отыр. Сонымен қатар Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.