Жаңалықтар

Оралда жоғалып кеткен жігіт қыстақта қой бағып жүрген жерінен табылды

istockphoto.com

Оны қалай алып кеткені белгісіз

Орал қаласында жоғалып кеткен Алмас Мұқанов бір айға жуық уақыттан кейін аман-есен табылды.

Орал қаласының тұрғыны, жоғалған жігіттің әпкесі Марал Құлбарақованың айтуынша, ол інісін Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округіндегі қыстақтан тапқан. 

«Інім ерекше бала еді. Көп сөйлемейді, үндемей қалады. Оны қалай алып кеткені белгісіз. Шаруа қожалығының қойын бақтырып қойған. Сақалы өсіп, азып кеткен, жеңіл киіммен жүр екен. Полицейлер іздемеген. Ауылдың қарапайым баласы хабарлағаннан кейін сол қыстаққа барсам, содан табылды. Қалаға алып келдім. Қазір Бәйтерек ауданы Көшім ауылында тұратын апа-жездемнің қолында», - деді Kazinform тілшісіне М.Құлбарақова. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі жігіттің табылуына байланысты ақпаратты кейін беретінін жеткізді.