«Жас жүрек жайып саусағын...»
Түнекті тіліп түскен жалқы жарықта бір құдірет бар. Ол өзіне, өзінің тылсым тұңғиығына тартады. Сырласып, мұң шаққың келеді. Түндегі түннің сыры. Күндіз айтылмайтын түнгі сыр. Басқаша айтсақ, күндіз, тапа-тал түсте, төрт көзің түгел отырғанда, адамдардың бір-біріне жасаған опасыздығы. Күндіз, тапа-тал түсте, оған айта алмаған махаббатың, сосын одан өзің күткен оның өз сөзі... Адам дегеніміз – сөйлейтін, ойлайтын және осы екеуін ақылмен іске асыратын «омыртқалылар» (хайуани әрекеттеріне қарай). Бірақ олардың омыртқасыздығын (опасыздық) уақыт әрдайым әшкере етсе де, мойны басы былқылдып арада жүретін адамдарды қоғамдық орта қалыптастырып, әлдебір саяси жүйе қызығын көрген. Рас, адамдар деген сөз көпше түрде тұрғанымен, ол одан да көп, мың-миллион. Адамдар – тілге, дінге, нәсілге бөлініп, ұлттар мен ұлыстарға тармақталады. Мәдениетті түрде мемлекеттер дейміз. Міне, осы мемлекеттердің бір-біріне жасаған геноцид саясаты Ай мен Күннің астында адамдардың бейбіт күн кешуіне кедергісі көп-ақ. (Ешкімді алаламайтын Күн мен Айдан адам баласы алатын тағлым аз емес.) Мысалы, саналы түрде, ақыл-парасатпен, ғылымның ұлы жетістіктерін пайдалана отырып жасалған зұлымдықтар. Сол сияқты әр елдегі қасақана, қантөгіспен ұйымдастырылған басқыншылық соғыстар, т.т. Осынау үлкен, керек десеңіз, ұлы мұраттар аясында түсіндірілетін мемлекеттер саясаты күндіз жасалған опасыздық. Бәрі көріп, бәрі біліп тұрған шындықты күндіз айта алмасаң, түнге барып жыламасқа шараң қайсы?! Ләйләнің тобылғы сайдағы түнгі монологы – мінәжат. «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс». «Түнгі әлем, өзгеге мінәжат етпек емес, өзгенің өзіне мінәжат етерін біледі» (А.Сүлейменов). Әркімнің Жаратқаннан тілейтін тілегі бар және жайнамазда жалғыз. Ал жаңа туған жарты ай жердегі адамдарға сәулесін молырақ түсірейін деп он бесінде толықсығанда, неге жүкті болады екен? (Ай туады дейміз!) Жердің көлеңкесі Айға түседі. Үлкеннің көлеңкесі де үлкен. Өкінішке орай, қастерлі қара жерде, онымен тайталасқан көлеңкесі көп адам, ұлт, мемлекеттің болатыны қалай?! ...Ләйләнің терең сайдағы Аймен сырласуына осы айтқандарымызды дәлел қылуға аздық етеді. Бізге қайсысы бірінші жазылды деген мәселеден гөрі рухани кеңістіктегі қайсысының орны басым түсті, осыған назар аудару керек сияқты. Айтпағым, «Қызжылаған» драмасы мен «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің тақырыбы оқырманға әртүрлі әсер етеді. Драмада трагедиялық жайт тақырыбында тұрса, әңгімеде мазмұнын білмей, тақырып құпиясын бірден ашпайды. Сосын, «Мәңгілік бала бейне» деген сөздерде соншалықты құбыжық көрінетін ештеңе жоқ. Осы үш сөзде тазалық бар, сосын періштелікке меңзеу бар. Мәңгілік – Құдайық ұғым. Сосын, Сөз – Мәңгілік делінеді. Демек, Ләйлінің Түні де, Айы да, оған айтқан сөзі де – мәңгілік. Сосын, ол сөздер – біздің, қалың қазақтың, автордың төл сөздері. Жазушының «Мәңгілік бала бейне» спектаклін тоқсаныншы жылдары Әуезов театрынан көрген едім. Шынымды айтсам, сол кезде шығарманың мәтінімен таныс емес болатынмын. Кейінірек жазушының «Муза» деп аталатын кітабынан (2004) «Қызжылағанды», «Мәңгілік бала бейнені» қолыма ұстап, салыстыра отырып оқып шыққам. Сонда екі шығарманың аты «Мәңгілік бала бейне» болып, ортақ бір тақырыпқа тоқталса деп ойлағам. (Ал С.Нарымбетов түсірген «Қызжылаған» фильмін көрген емеспін.) Он жыл бұрын жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Кітапхана» бағдарламасында «Мәңгілік бала бейне» туралы сұхбат болып еді. «Мәңгілік бала бейнені» іздеу» деген тақырыппен оны «Қазақ әдебиетіне» жариялаған – Жүсіпбек аға. Сонда: «Мәңгілік бала бейне» халықтың ықыласына бөленген және кішкене тағдыр арқылы үлкен адамзаттық мәселені көтерген шығарма. Осы шығармасында Роза Мұқанова өз уақытының мәселесін жазған. Мәңгілік бала бейне мотивін сәтті тапқан. Шеберлігі жағынан кейінгі туындыларынан асып түспесе кем түспес. Алайда «Мәңгілік бала бейне» жазушының шығармашылық өміріндегі бет-бейнесін қалыптастырған туынды. Ләйләнің ақыл-есі, барлығы жақсы дамыған. Тек тәни тұрғыдан ғана дамымаған. Физиономиялық болмысы ерекше және айрықша. Бар мәселе қажеттілік жағынан айтуға тиісті нәрсені мұның адамдармен қатар тұрып, айта алмауында. Көбірек жасқанады, қаттырақ жабығады, тереңірек сезінеді. Содан кейін барып, адамдармен түсінісе алмаған соң, табиғатпен түсініседі. Құлыншақтай кісінесіп табысады десек те болады. Махаббатын көзден таса жерде, үлкен сайдың ішінде отырып айтуында ешқандай балаңдық жоқ. Қолдан әсіре бейнелеу жоқ. Ешқандай жасандылыққа да ұрынбаған. Жалпы, автордың осы шығармасы өте қарапайым, тілі де өте қарапайым, қолдан қиындатылмаған, жаттық. Басы артық суреттеулерге, бейнелеулерге көп бармайды. Метафора, образ дегендер көп кездеспейді, меніңше. Қарапайым, ұғынықты, түсінікті сөздер мен сезімдер өзі үйіріп әкетеді. Жазушы кейіпкерінің өмір сүрген ортасын қанық біледі. Аймен сырласу сәттерін қайталап жазатыны да сол. Сосын, осы бір қасіретті әуенді шегіне жеткізген, меніңше. Бұл енді жалпылап қарасақ, шарасыз хал ғой. Айналасындағы адамдар қыздың басындағы жағдайға еріксіз тартылады. Бұл арада уақыттың бедерлері батымды таңбаланған. Жақсы деген Құмардың өзі басында ілтипат білдіргенімен, артынан бір кішкене ақшаның шеті шыққан кезде қалай тайқып кетті. Тіпті, Қатираның өзі де осы бір сәтте күпіршілік ойларға барып қалады, ол ақшаны маған берсең, мен-ақ көндірер едім ғой, – дейді. Ләйләнің ақыр соңында әлгі адамзаттың қолымен жасалған трагедиядан әрмен, мына айналасындағы адамдардың қасірет уын сепкен іс-әрекеттерінен түңіліп, қашып барып, ана жерде өз көрін өзі қазып жататын тұсы бар ғой. Осы бір жері маған ауыр әсер етті. Шындығында, бұл шығарма Роза Мұқанованың жазушы ретінде танылуына үлкен ықпал еткен шығарма. Жазушылық кредосын айқындаған дүние десе де болады. Алғашқы ізденіс, алғашқы өте сәтті қадам және осы тақырыпта жазылған ашық шығарма болғаннан кейін де біз солай қабылдаймыз. Бұдан да тереңдетіп, үлкен әлеуметтік, тіпті, адамзаттық проблемаларды жан-жақты қамтып, көптеген фактіні жинақтап жазуға болар еді. Бірақ бұл шығарма менің ойымша адамзаттық проблеманы көрсетуді мақсат тұтпаған, жазушының көрсетейін дегені жаңағы Ләйләнің тағдыры. Осы бір жас қыз. Мына шығарма осы албырттығы мен адалдығын жоғалтпауы керек. Қолдан күрделендірудің қажеті шамалы. Ал анау ядролық қасірет деген өте үлкен нәрсе ғой. Соның қасында мынау бір кішкентай ғана өмір сияқты болып көрінеді. Сөйткеннің өзінде, шын мәнінде, біз әлі де сол атом зардабын дәл осы шығармадағыдай түсіне алған жоқпыз. «Мәңгілік бала бейненің» сахналық нұсқасын көргенде жыламаған адам сирек. Семей полигоны туралы естіген, оқыған деректер мен дәйектер құрғақ ақпарат ретінде ғана қабылданады. Осының бүкіл қасіретін жазушы рухымызға қорғасындай ерітіп құйып отыр...», деппіз. Сұхбатқа тән ауызша сөйлеу мен талдаулар қаз-қалпында берілген. Рас, редакциялайтын тұстар аз емес, әйтсе де тасқа басылған сол сөздерімді мына мақалаға енгізуді жөн көрдім. Өйткені онда айтқандарыма алып-қосарым аз. Жасырарым жоқ, жазушыдан қайталап оқыған үш шығармам болса, соның бірі осы «Мәңгілік бала бейне» («Өзің» – «Сен», «Муза» – Мұқағали»). Бұған оның сахнадан көрген нұсқасын қосамын. Олай дейтінім, бұл шығарманың адамзаттық ауыр халді арқау еткенін айту емес, осы қасіреттің қазақ жерінде болып жатқанын алғаш білгенім. Көрмеген, білмеген, сезбеген нәрсе жоққа тең. «Полигон» деген сөзді мың рет естідік, шындап келгенде, соны денелеп білдік пе? Маған Дегелең, Қарауыл, Шұбартау деген кеңістіктер аталарымның мекені ретінде ақсақалдардың аузынан естілетін. Кейін әйгілі «Абай жолын» оқыған соң, ұлылар өлкесіне айналып еді. Міне, сол қазақтың ақыл-ойын, ұлы рухани оазисті кеңестік жүйе (адамдар тобы) атом бомбасымен талқандап жатыпты. Сесі әлемге, зардабы Семейдің халқына тиген екен. Соны білдік, қапаландық, ыза болдық және сонысымен «Мәңгілік бала бейне» есте қалды. Бұл аз ба?! Ашығын айтсақ, Ләйләнің аузымен Айға айтылған ащы ақиқатқа шүбә келтіруге қақымыз жоқ. Рас, шығарманың оқиғалық өрбуінде байланысқа түсетін кейіпкерлердің бойында алуан түрлі белгілер байқалады. Жақсылы, жаманды сол мінез-құлықтарды заманы, қоғамдық ортасы, керек болса тегінен келе жатқан қаны қалыптастырған. Мұң мен наладан көз жасы құрғамаған жалғыз Ләйлә. Жылауына себеп көп, жыламауына себеп жоқ. Оның жалғыз сырласы Ай, адам(дар) емес. Ай – ол үнсіз, өзге әлем. Сосын, таза. Адамдар мекенінен алыс. Жақын деген Қатира да, Құмар да жартылай адам. (Әңгімедегі кейіпкерлер драматургияның заңдылықтары, талаптарына сай әртүрлі сомдалғанын талдап, қайталап жатпаймыз. Жалпы, бұған дейін түрлі бағыттағы әдеби-теориялық талдаулар көп жазылғанын және құнды ой-пікірдің де аз емес екенін ескеруіміз керек.) Жақсылығы да, жамандығы да бар. Ал депутат пен пысықай, сосын қатындар бірөңкей тип. Мансапқор, сатымсақ, толып жатқан табашыл тобыр. Бірақ осылардың ішіндегі қасіретті «қылмыскер» (баласын және өзін-өзі өлтірген әйел) Шөкіштің сандырағында авторлық көзқарастар аз емес. Жындының аузымен айтылған шындық немесе күндіз жоғалтып, түнде тапқан ақиқат (драмада). Ол – Ләйлә-ғұмыр! Өмір деуге дәтің шыдамайтын қайғылы хал. «Мен тазамын, пәкпін!» деп өлген қорғансыздардың қабіріне таяу Қарауылда туған Ләйләнің тағдырына кінәлі кімдер? Жазушыны толғандырған қалың сұрақ оқырманға да қойылған дейміз. Әлбетте, әркім әртүрлі қисындауға еркі бар. Бір жайт анық: Семейдегі осы ядролық жарлыстарды жасағандар (адамдар, кеңестік жүйе, т.т.) біздің халықтың алдында кешірім сұраған жоқ және айыпталмады. Айыпталмаған адамдар жазаланбайды. Осы реттен қарағанда, жазушы Роза Мұқанова өзінің Ләйләсімен тарихи әрі адами қасіретті айыптап, қаламын сілтеді. «Мәңгілік бала бейне» бәрі-бәріне көркем шындық арқылы жасалған ар соты. Айыптау актісі – шығарманың әрбір жолында Ләйләнің аузымен айтылған (жынды Шөкіш те айтады). Айға айтылған ақиқат. Жалпы, өнерде Ай адамша сөйлемесе де, адами сапада кейіптеуге (олицетворение) көп айналып, әдеби образ сияқты болып кеткен. Ақын да, жазушы да оған соқпай өтпеген. Өйткені оның адамдармен өмірлік әрі рухани бағзы бір байланысы бар. Туысқан түрік халықтары мен қазақ мифінде жетім қыз – өгей шешеден (кейде өгей әке) қорлық көргенде, Айға барып, арманын айтып, жылайтыны айтылады. Қыздың көз жасын көрген Ай оған қолын созып, өзіне тартып алыпты. ...Ол ай сайын үмітпен толып, қайғымен солып отырады екен. Жебеуші, қорғаушы, қамқоршы болып көрінетін Айда аналық мейірім бар. Сондықтан Ләйләнің Айға барып мұңын шағуы заңдылық. Автор да аталған мифті әдейі пайдаланған деуден аулақпын, алайда творчестволық таным өзінің бастапқы байырғы сюжетімен осылай үндесіп түсті. Сондықтан бұл шығарма санамызда жатқан бізге етене жақын түйсікті түртіп оятты. Соңғы кезде, көп сөз боп жүрген ұлттық код дегеніміз осы болса керек. Бәлкім, тарихи жады. «Төсек тартып жатқан қыз бетіне Ай сәулесі түсті. Қарауылдың барлық терезесінен сығалап, іздеп, тінтіп жүріп, Ләйлә-қызды тауып алған сияқты. Әппақ болып, дөңгеленіп, ерекше бір нұрмен қыз бетіне төніп тұр. Науқас қыз Айға қарап алғаш рет жымиған. Көптен күткен жанашырын, сырласын терезе сыртынан байқап қалып, қыз жүрегі елжіреп сала берген. Өз тағдырына, адамдарға деген өкпесі сол күнгі ағыл-тегіл көз жасына айналды. Сол сәт жап-жарық Айдан мәңгілік адасып қалатындай тағатсыздана сүйсініп тағы да қарады». Ол қолын созып алып кетпесе де, Ләйлә-қызды тауып алғанына күмән жоқ. Шығарманың шешімі түрліше аяқталғанымен, Ләйлә Айлы түнде (драмада өзіне-өзі көр қазып) өмірден өтеді. Опасыздық пен қылмыс, қорлық пен қорғансыздық, махаббат пен сатқындық, сұлулық пен ұсқынсыздық және өте-мөте мейірімге зәру жалғыздықта, кемтарлықта жаны шырқы- раған сау саналы Ләйләға қастандық күндіз жасалып, түнде өлтірілген. Оған Ай куә. Автор Айды сөздің ортасында да бас әріппен жазған...
Ермек ҚАНЫКЕЙ, М.Әуезов атындығы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғмо-ның жетекші ғылыми қызметкері, филолгия ғылымының кандидаты