Алтын бағасы аспандап барады
Жыл басынан бері алтын 39,5 пайызға қымбаттаған. Бұл ретте, елімізде де алтын құйма сатылымы артқаны байқалып отыр. Биылғы III тоқсанда екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері жалпы салмағы 475,5 келі болатын 14 мың алтын құйма сатқан.
Белгісіздік – басты себеп
Таяу Шығыстағы ахуал және алдағы айда АҚШ-та өтетін президент сайлауының нәтижесіне байланысты белгісіздік алтынның қорғаныс активі ретіндегі тартымдылығын арттырды. Дүйсенбі күні Лондонда сауда басталғанда, алтын құйма бағасы 0,4 пайызға өсіп, бір троя унциясы 2 732,45 долларға жетті, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 40 пайызға жоғары. Bloomberg деректеріне сәйкес, алтынның салыстырмалы күш индексі соңғы үш сессия бойы 70 деңге- йінде, артық сатып алу аймағынан жоғары болды. Бұл көрсеткіш бағаның «қызып тұрғанын» және инвестиция көлемі артқанын білдіреді. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің келесі отырысы 6-7 қарашада өтеді. Бұл ретте, елдегі базалық ставка одан әрі төмендейді деген болжам бар, бұл да алтын бағасының өсуіне әсер етіп отыр. Алтын ешқандай пайыздық табыс әкелмейтіндіктен, оның құнына, әдетте базалық ставканың төмендегені оң ықпал етеді. Сондай-ақ АҚШ долларының нығаюы және облигациялар кірістілігінің өсуі де металл бағасының шарықтауына түрткі болды. Әлемдегі көптеген орталық банк қазір ақша-кредит саясатын жеңілдетіп жатыр. Мәселен, жақында Еуроаймақта, Канадада және Ұлыбританияда базалық ставкалар төмендеді.
Жыл басынан бері – жарты тоннадай алтын
Алтынға деген сұраныстың өсуіне оның тұрақты түрде қымбаттауы себеп болып отыр. 2024 жылдың басынан бері алтын 39,5 пайызға қымбаттап, бір граммы 30,3 мың теңгеден 42,2 мың теңгеге дейін өскен. Ұлттық банк мәліметінше, биылғы III тоқсанда еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 475,5 келі 13 940 алтын құйма сатылған. Ең көп алтын сатылған аймақтар – Алматы, Шымкент және Астана қалалары. Даналап сату бойынша жылдық өсім – 65 пайыз, ал келілеп сатуда 24,6 пайызға жетіп отыр. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7,4 тонна 200 мыңға жуық алтын құйма сатылыпты.
Сарапшылардың болжамы қандай?
Standard Chartered банкінің сарапшылары алдағы апталарда алтын бағасы тағы да өсуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Банк төртінші тоқсанда алтынның орташа бағасы унциясына 2 800 доллар болады деп күтсе, келесі жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 2 900 долларға жетеді деп болжайды. Осыған ұқсас пікірді Citi Research те білдірді. Банк алтынның үш айлық болжамдық бағасын бұрынғы 2 700 доллардан 2 800 долларға дейін көтерді. Сарапшылар 6-12 ай ішінде алтынның бағасы 3000 долларға жетуі мүмкін екенін айтады.
Эльдар Шамсутдинов, экономист:
Сұраныс алда да тұрақты болуы мүмкін
– Алдағы жылдары алтын бағасының жоғары деңгейде сақталу ықтималдығы орталық банктердің активтерін қорғау құралы ретінде алтынға деген қызығушылығына байланысты болады. 2024 жылы алтын 25 пайыздан астам қымбаттап, АҚШ-тың акциялары мен облигацияларынан озды. Мұндай өсімге орталық банктердің алтынды бұрын-соңды болмаған көлемде сатып алуы ықпал етті. Бұл ретте, Мексика, Моңғолия және Чехия секілді елдер геосаяси шиеленіс пен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі аясында алтын қорларын арттыру ниетін мәлімдеді. Тамызда сатып алу қарқыны баяуласа да (таза сатып алу көлемі небәрі 8 тонна болып, наурыздан бергі ең төмен көрсеткіш болды), Польша, Түркия және Үндістан сынды ірі экономикалар алтын қорларын ұлғайтуды жалғастырып отыр. Сонымен қатар «Trump trade» деп аталатын, Дональд Трамптың саяси стратегиясына байланысты сауда трендінің қайта жандануы да алтын бағасының өсуіне ықпал етіп отыр. Орталық банктердің тарапынан алтынға деген сұраныстың жоғары болуы металл бағасының тұрақты түрде қымбаттауына әсер етуде. Мұндай жағдайлар 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін де байқалған: экономикалық тұрақсыздық кезеңінде орталық банктер резервтерін қорғау мақсатында алтын қорларын айтарлықтай арттырған. Бүгінгі ахуал да осыған ұқсас: геосаяси шиеленіс күшейіп, пайыздық мөлшерлемелер төмендеп жатыр. 2024 жылы Польша, Түркия және Үндістан алтын сатып алуды жалғастырып жатқанда, Қазақстан өз қорын 5 тоннаға азайтты, ал Қытайдың Халық банкі 18 ай бойы үздіксіз сатып алып, мамыр айынан бастап бес ай қатарынан резервін көбейткен жоқ. Бұл тарихи параллельдер алтынның белгісіздік жағдайында инвестициялық стратегиялардың маңызды бөлігі болып қалатынын көрсетеді. Орталық банктер мен ірі инвесторлар арасындағы сұраныс болашақта да тұрақты болуы мүмкін.
Асылхан Аңдашев, экономист:
Инвесторлар өз қаражатын бағалы металдар арқылы сақтап қалуға тырысып жатыр
– Алтын бағасының күрт өсуі – инвесторлар өз қаражатын бизнесті дамытуға емес, алтын сияқты бағалы металдарға құю арқылы капиталын сақтауға тырысып жатқанын көрсетеді. Әдетте, инвесторлар дағдарыс кезінде немесе дағдарыс алдында алтынға қызығушылық танытады. Қазір алтын бағасы рекордтық көрсеткішпен өсіп жатыр. Алдағы уақытта алтын бағасының жоғары деңгейде сақталуы әлемдік орталық банктердің ақша-несие саясаты, ірі экономикалардағы белсенділік сияқты көптеген факторға байланысты. Тарихи тұрғыдан қарасақ, 1980 жылдары әлемде инфляция жоғары деңгейде болған кезде, алтын бағасы унция үшін 250 АҚШ долларынан бірден 600-700 АҚШ долларына дейін өсіп еді. Сол сияқты 2008 жылғы әлемдік және одан кейінгі Еуропадағы ұзаққа созылған дағдарыс кезінде де алтын бағасы 1600-1800 АҚШ долларына жеткен. Келесі қатты өсу қарқыны коронавирус пандемиясы мен посткоронавирустық инфляция кезеңіне келіп отыр. Алайда қазір дамыған елдерде инфляция деңгейі төмендеп келеді, орталық банктер де пайыздық мөлшерлемелерді төмендету циклын бастап кетті. Сол себепті алдағы уақытта инвесторлар бағалы металдар нарығынан қайтадан құнды қағаздар нарығына оралуы керек. Сол кезде алтын бағасы не тұрақталады, не төмендеуі де мүмкін. АҚШ Федералдық резервтік жүйесі де, Еуропалық орталық банк те алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеме төмендеу курсын таңдағаны жайлы айтып жатыр. Ал аз мөлшерлеме бизнестің дамуына жақсы түрткі болатыны сөзсіз.
Осылайша, алтын инвесторлар үшін қауіпсіздік жастығына айналып отыр, ал қаржы нарығындағы белгісіздік оның маңызын одан әрі еселеп отыр. Сарапшылар бағалы металл құны ары қарай өсе береді деген болжам айтады.