«Сазген сазы» шетелді тамсандырды
Концерттің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді мен Аустрияның Сыртқы және Еуропалық істер министрлігінің департамент директоры, елші Герхард Зайллер сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдениетаралық диалогтың маңызды екенін ерекше атап өтті. Олар осындай шаралар арқылы Қазақстан мен Аустрия арасындағы мәдени байланыстардың тереңдей түсетінін айтып, концертті жоғары бағалады. Ансамбль көрермендерді бір сәтке қазақтың ұлан-ғайыр даласына жетелеп, ұлттық аспаптардың қайталанбас үнімен ұмытылмас әсер қалдырды. Домбыраның күмбірлеген дауысы жүректен жүрекке жетіп, қобыздың аңыраған үнінде көне заманның те- реңдігі сезілді. Сазсырнайдың нәзік әуезі мен жетігеннің сыршыл дыбысы көрермендерді табиғатпен үндескен қазақ музыкасының сиқырлы әлеміне бойлатты. Қазақтың күйі мен әні Еуропа классикасының элементтерімен үйлесіп, тыңдаушыларды рухани биіктерге жетеледі. Көркем де нәзік орындау стилі мен әртістердің шеберлігі көрермендерді таңғалдырып, залды ерекше эмоцияға бөледі. Шараның көркін келтірген ерекше сәттердің бірі Мажарстаннан арнайы келген қазақ мәдени орталығының өкілі Оңайша Мандокидің қатысуы болды. Ол қазақтың ұлттық музыкасына терең сүйіспеншілігін білдіріп, көрермендерді Республика күнімен құттықтап, ата-бабаларымыздың рухани мұрасына ерен сағынышын жеткізді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Бағдат Тілегенов сахнада сөз алып, Қазақстанның музыкалық мұрасын әлемге таныту жолындағы ансамбльдің миссиясы мен болашақ жоспарларын баяндады. Ол мұндай мәдени іс-шаралардың шетелдегі қандастарымыз үшін рухани демеу болатынын және ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейде дәріптеуге қосатын үлесін атап өтті. Кеш соңында көрермендер ұзақ қол шапалақтап, ансамбльдің өнеріне шынайы алғыс білдірді. Тыңдаушылар ансамбльдің шеберлігіне тәнті болып, ұлттық өнерге деген ерекше ықыласын жеткізді.
Ә.Тілеужанқызы