Медицинаның міні – сапасыз цифрландыру жүйесі
Цифрландыру – негізгі қадам
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгенін айтты. Дегенмен бөлініп жатқан қаражаттан елеулі нәтиже жоқ екенін де назарға салды. Сондай-ақ Президенттің сөзінше, міндеттің дұрыс бөлінбеуі, яғни әркімнің өз жұмысын атқармауы немесе шектен тыс жүктеме бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болып отыр.
– Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды, – деді Президент.
Бұл мәселе біраздан бері айтылып, көтеріліп жүр. Халық сақтандыру аясында қажет көмекті уақытылы ала алмайтынына наразы. Дәрігерге апталап, тіпті айлап кіре алмай жүргенін айтып шағымданатындар жетерлік. Басқа-басқа, жаны қысылып, ем іздеп келген науқасқа «осынша уақыт күтіп, шыдай тұр» деу – қисынсыз. Дегенмен бір айта кететін дүние – тегін көмек алу үшін күту керек, бірақ ақысын төлесеңіз, дәл сол кезде, сол жерде қарала аласыз. Бұл ретте Мемлекет басшысы саланы цифрландырмай, елеулі өзгеріске қол жеткізу мүмкін емес екенін жеткізді.
– Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпа- раттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, жаңа жүйе меншік болғанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылап, мәліметтердің шынайы болуын қадағалауға мүмкіндік беруі керек. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс. Бұған дейін Үкімет Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында қазір денсаулық сақтау жүйесін толығымен цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.
– Соның ішінде Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттық-технологиялық платформасы аясында жоспарлау, сатып алу, мониторинг және медициналық көмекті төлеу процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруды жетілдіреді, – деп жазылған Үкімет жауабында.
Саланы цифрландыру, сондай-ақ тегін берілетін дәрі-дәрмектің немесе соған бөлінетін қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына да тосқауыл қоюға мүмкіндік берер еді.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке жағдай жасау қажет»
Президенттің айтуынша, еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет.
– Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет екенін жеткізді. Бұл ретте Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек.
Маман тапшылығы – өзекті мәселе
Жолдауда, ең алдымен медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн екені айтылды. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің шамадан тыс, соның ішінде міндетіне жатпайтын қосымша жұмыстарды істеуі де денсаулық сақтау жүйесінің тиімді қызмет көрсетуіне кедергі болып отыр.
– Қазір дәрігерлер пациентті тексерудің орнына олардың деректерін әртүрлі ақпараттық жүйелерге енгізуге және формуляр- ларды толтыруға мәжбүр болғандықтан, олардың науқастарды қарауға уақыты жоқ. Ал бір пациентті тексерудің стандартпен шектелген уақыты дәрігердің толығымен дерлік компьютерде жұмыс істеуіне кетеді, – деген еді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Оған қоса, медицина қызметкерлерінің өзі дәрігерді үйге шақыру қызметі олардың жүктемесін көбейтіп отырғанын жеткізді.
– Дәрігерлерді үйге шақыру қызметі бар, бұл – жедел жәрдем емес. Күні бойы ауруханада жүргенде, үйіне барып тексеру керек науқастар көбейіп кетеді, сосын жұмыс уақытынан тыс үй аралауға тура келеді. Бұл да белгілі бір деңгейде артық жүктеме, – деді дәрігер-резидент Бейбарыс Нұрлан.
Мәжілісте Асхат Аймағамбетов бұл мәселені барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсыру, штат бірліктерін кеңейту арқылы бір дәрігерге жүктемені азайтуды жалғастыру, сондай-ақ бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу жөніндегі жұмысты аяқтау арқылы шешуді ұсынған болатын.
– Қазір денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 16 мемлекеттік ақпараттық жүйе және 30-дан астам жеке ақпараттық жүйе бар, олар өзара интеграцияланбаған. ТМККК және МӘМС қаражаттарын басқару әлсіз және тиімсіз болып отыр, бұл ең алдымен цифрландыру деңгейінің төмендігімен байланысты. 2024 жылдың бірінші жартысында бірыңғай деректер қоймасын іске қосу және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмектің бірыңғай төлем жүйесін толықтай медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялай отырып өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар медициналық персоналдың жүктемесін азайту мақсатында «бір терезе» қағидасын іске асыру жоспарда бар, бұл медицина қызметкерінің бірнеше ақпараттық жүйеге деректі қайталап енгізбеуі үшін әзірленбек, – деп мәлімдеді Үкімет.
Дәрігерлердің сөзінше, осындай қауырт жұмыс, қарбалас тірлік дәрігер болуға деген құлшынысты азайтады, оған қоса жалақы да мұндай жұмысқа лайық емес.
– Қаншама жыл оқып келгенде, сенімен қатарлас басқа саланың мамандары аяққа тұрып, орнығып жатады, ал сен енді бастайсың. Осындай кезде жалақының аз болуы қынжылтады. Бұл – кадр тапшылығының негізгі себебі, – дейді дәрігер-резидент Бейбарыс Нұрлан.
Е.Қайрат