T-Newspaper

Қазаққа қымбат Ташкент

сурет: istockphoto.com

Ташкент десе, елеңдемейтін қазақ жоқ.  Өйткені  бұл қалаға қатысты қаншама тарих, қаншама тұлға есімізге түседі. Тарихы терең, кербез де сұлу қаланың өзіне тартып тұратын ерекше бір лебі бардай... 

Ташкенттегі қазақ тарихының іздері

Ташкент қаласын жақсы білгеніммен, алғашқы көруім 2020 жылдың шілдесі болатын. Бұдан кейін келуіміз жиіледі. Биылғы жылдың  27 тамызы күні тағы да келдік. Бұл жолғы сапарымызға себепкер болған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында әріптестік негізінде жүзеге асырылған «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы болды.  Ташкентке келген әр сапарымыз жадымызда жақсы естеліктермен сақталып қалғаны – шындық. Алғашқы сапарда, анықтап айтсақ, төрт жыл бұрын шілдеде қаланың тарихи орындарымен танысып, Төле би баба­мыздың – Қарлығаш әулиенің басына зиярат еткен едік. Елдік тарихымызда ерекше орны бар би бабамызды өзбек ағайындар «Қарлығаш әулие» деп ардақтайды. Қаланың сырт жағына қарай орналасқан тағы бір ерекше орын – түркі жұртына ортақ Зеңгі баба мен Әнуар ананың мәңгілік жайы. Жан-жақтан келген қала қонақтары мен жергілікті халық ағылып келіп жатқан бұл киелі орынды «Зәңгі ата» деп атап, зиярат еткен көрші ағайынның ерекше құр­мет-ықыласына тәнті болғанбыз. Келесі сапарлары­мызда бұл екі киелі орынға міндетті түрде келіп, зиярат етіп жүретін болдық.

Тарихқа көз жіберсек, Ташкент қаласы ХХ ғасырдың басында түркі халықтары, әсіресе қазақ зиялыларының шоғырланған орталығы болғаны белгілі. Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, саяси өміріне белсене ара­ласып, елдік жолында ірі істер атқарған қазақ зиялыларының бәрі де Ташкент қала­сына табан тіреді. Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов, Сұл­танбек Қожанов, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы, Тұрар Рысқұлов сияқты тарихи тұлғалардың Ташкенттегі ғұмыры ұлт тарихы мен әдебиетінде алтын әріптер­мен жазылды десек те болады.  Елдік мұратты тұтынған Алаш зиялы­лары Ташкентте шоғырланып, бұл қаланы саяси-мәдени орталыққа айналдыруға күш салған. Мұның бәрі өткен тарих болғанмен біз үшін ұмытылмауы тиіс. 1870 жылы Ташкент қаласынан «Түркіс­тан уәлаяты» газеті жарық көре бастаған. Бұл газет қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш бұқаралық ақпарат құралы ретінде қалды. Ол Жетісу және Сырдария облыстарына кеңінен таралды.  Түркістан өлкесінің саяси-әкімшілік орталығына айналған Ташкент қаласында өзбек, қазақ сияқты жергілікті ұлт өкілдері­нің арасынан озық ойлы, көзі ашық, еуропа­лық мәдениетті меңгерген, қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары зиялы қауым ортасы қалыптасты.  Ташкент қаласында 1916 жылғы 1-қара­шада «Алаш» газетінің тұңғыш саны жарық көрді. Бұл газетті ұйымдастырушы Көлбай Төгісов еді. «Алаш» газеті қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көтерді. 1917 жылғы ақ­пан төңкерісінен кейін Көлбай Төгісов қазақ­тар нағыз еркіндікке жету үшін бірігу керек деген идеяны осы газет бетінде батыл көтерді. Тарихи маңызы бар тағы бір маңызды ұйым – «Кеңес» астыртын үйірмесі болды. Бұл үйірмені Ташкент қаласындағы қазақ зиялылары құрды. Төрағасы генерал Сейіт­жа­пар Асфендияров, оның орынбасарлары Мұстафа Шоқай мен С.Өтегенов болды. Үйір­менің мүшелері де, тілектестері де көп еді. Үйірменің бюро мүшелері қатарында  Қ.Қожықов, С.Асфендияров, С.Ақаев, М.Қас­ымов, Ә.Көтібаров, т.б. қазақтар болды. Үйір­менің хатшылық жұмысын З.Сейдалин атқар­ды. Түркістан өлкесін қамтыған бұл «Кеңес» үйірмесі қазақ зиялыларының саяси күрестегі алғашқы қадамы болды.  Ташкент қаласында қазақ тілінде жарық көрген «Алаш», «Бірлік туы» газеттері жабыл­ғаннан кейін қазақ зиялылары ұлттық бас­ыл­ым шығару үшін белсенді жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесі ретінде Ташкент қаласында көптеген қазақ басылымының жарық көруін айтуға болады. Кеңестік билік кезінде ашылған «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Жас қайрат», «Сана» журналдары ұлттық зия­лы қауымның қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Алаш партиясына Қазақ автоно­миялы республикасы ресми түрде тыйым салғанда, оның мүшелері саясаттан шет­тетілгені белгілі. Сол себепті олар 1919-1920 жылдары Түркістан Республикасының орталығы Ташкент қаласына топтасты.  Бұл қалада оларға Алаш идеясын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік болды. 1918 жылы 20-қарашада Ташкент қала­сында ұйымдастырылған Қазақ педагоги­калық курсының жұмысын жүргізу мақсат­ында арнайы «Педагогикалық коллегия» құрылады. Коллегия құрамына Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Қожықов, Ф.Құлтасов және Е.Табынбаев кірген, курстың меңгерушісі И.Тоқ­тыбаев болады. 1919 жылдың мамыр айын­да осы педагогикалық курстарды 145 адам бітіріп, барлығы да қазақ мектептер­інде мұғалім болып қызмет атқаратындық­тары жөнінде қолхат береді. Бұл мәліметтер Т.Тілеуқұлов пен Г.Тілеуқұлованың автор­лығымен 2005 жылы жарық көрген «Таш­кент­тегі Қазақ педагогикалық институтының тарихынан» атты кітабында келтірілген.  Қазақ педагогикалық курсы 1919 жылдың 1-мау­сымында дербес педагогикалық учили­ще болып бөлінеді де, 1920 жылы Қазақ Оқу-­Ағар­ту комиссариаты алқасының шеші­мімен Қазақ ағарту институты болып құры- л­ады.  Институтқа оқытушылар Орынбордан және Сырдария облысынан шақыртылды. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабай­ұлының Ташкентке келуі осы уақыт. «Оның «Батыр Баян» поэмасы да осында жазылды. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы мен Жүс­іп­бек Аймауытұлы да осындай шақыртумен келген. Ташкент қаласындағы  мемлекеттік университеттің қалыптасуы жөнінде арнайы зерттеу жүргізген И.Шамсиева «Ташкент мемлекеттік университетінің Орта Азиядағы жоғары білім тарихындағы рөлі (1920-1960 жылдар)» атты еңбегінде университеттің қалыптасуындағы Н.Төреқұловтың, Т.Рыс­құл­ов­тың, Т.Жүргеновтердің қызметтеріне жан-жақты тоқталады. Саяси жүйе ауысып, аумалы-төкпелі кез­ең басталғанда, қазақ зиялылары Ташкент­ке табан тіреп, өздерінің елдік жолындағы күрестерін жалғастыра берді. Қазақ елін, қала берді күллі түркітектес халықтарды азат­тыққа үндеген ұрандары сөз жүзінде қал­май, саяси-қоғамдық, мәдени-ағартушы­лық, әдеби қызметте көрінді. Міне, Ташкент қаласының біз үшін маңызы осындай... Тари­хымызды түгендей түсу үшін Ташкент архив­терінде, музейлер мен кітапханаларында әлі де ізденіс жүргізу керек-ақ. Әсіресе, Ташкент облыстық архивінде қозғалмай жатқан қанша дүние бар екен десеңізші... Әр сапардың көңілге шуақ сыйлар қуаны­шын ғана емес, кейде «әттеген-ай» деген өкін­і­шін де есте тұтып қаларымыз шындық. Осы төрт жыл бұрынғы сапарда жүздесуіміз тиіс болып жүздесе алмаған Меһмен (Меһ­ман­құл Исламқұлов) ағаны кейінгі сапары­м- да арнайы көрмек болып іздеген едім, болмады. Марқұм болып кетіпті. Төрт жыл бұрынғы сапарда менің Ташкентте жүргенім­ді естіген Есенғали аға арнайы хабарласып: «Меһмен акаң маған арзу жанрына қатысты кітаптар беріп жібереді, соны ала келсең», – деп өтініш айтқан еді. Тоқтаған қонақүйдің мекенжайын алып, Меһмен ағаға жолдаға­нын айтты. Мен Зеңгі бабаға зиярат етуге кет­кен кезде Меһмен ака келіп, мен жоқ бол­ған соң кітаптарды кезекшіге қал­дырыпты. Әрине, ол кітаптарды мен Астанаға келген соң Алматыға арнайы жіберіп, Есен­ғали ағаның қолына тигіздім. Арада жыл өт­пей Есенғали аға бақилық болды. Меһмен­құл ака да бұ дүниенің жүзінен ауып кетті. Өз­бек­тің бұл қаламгерімен дидарласу осылайша мүмкін болмады...

«Қатағон қурбонлары хотира музейи» («Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейі).  Қазақ әйелі Фарида 

Өзбекстан Республикасының «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мемлекеттік муз­ейінде қазақ тарихына қатысты мәлімет-деректер өте көп. Қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар, ірі қайраткерлер А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Рысқұлов, С.Қожанов есімдері мен өмірбаяндары музей экспозициясы қатарынан орын алған. Соны­мен қатар қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ ұлтының өкілдері туралы да мәліметтер жетерлік. Солардың ішінде біздің назары- м­ызды ерекше аударған Фарида Жантуғанова есімді қазақ әйелінің тағдыры. Қазақтың қан­шама біртуар азаматтарының қуғын-сүр­гін құрбаны болғаны жүрегіміздегі жазылмас жара. Азаматтармен бірге нәзік жанды әйел адамдар да азапты тағдыр кешті. Көбінің аты-­жөні бізге белгісіз болып қалды. Солар­дың бірі – Фарида Жантуғанова. Алаштанушы ғалымдардың назарына ұсынарлық тың мәлімет осы болар. Низами атындағы Таш­кент мемлекеттік педагогикалық университе­тіндегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ергеш Абдувахидов әріп­тестерімен бірге бұл музейдегі қазақтарға қатысты мәліметтерді ана тілімізде дайын­даған екен. Әріптестерім ұсынған музейдегі экспонат деректерінен Фарида есімі еріксіз назар аудартты.  Фарида Жантуғанова 1898 жылы Қазақ­станның Семей облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Әкесі Зәріп Кәрімбаев тумы­сынан зағип, Зайсандағы мешіттің қариясы бол­ған. 1907-1915 жылдар аралығында Фари­да мен оның әкесі жылжымалы дүкенде ұсақ­ -түйек заттарды сату арқылы бес адамнан тұратын отбасын асырауға көмектескен. Фарида бос уақытында әкесінен сауат ашып, кейіннен Зайсандағы орыс-түзем мектебінде білім алыпты. 1915 жылы Зәріп атасы дүние салғанда, Фарида 500 сум қалың малға Сүлеймен Мергенбаев деген қарт көпеске тұрмысқа ұзатылады. Онымен үш жыл тұрған соң, Мергенбаев қайтыс болып, «Алаш Орда» партиясының белсендісі Мұқыш Бош­таевпен отбасын құрған. 1918 жылы мамырда Боштаевпен бірге Семейге келіп, «Алаш Орданың» 1-съезіне қатысады. «Алаш Орда» жастар қанаты «Жас жүрек» құрамында жергілікті әйелдерді саяси қызметке шақыру, қыздарды ерте күйеуге беру, көп әйел алу, қалың мал сынды келеңсіздіктерге тосқауыл қою туралы дәрістер оқиды. Алашшылар Шура үкіметі сарбаздары тарапынан қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін ері Мұқыш Бош­таев шетелге кетуге мәжбүр болған. Фарида ауылына келіп, мұғалім болып сабақ бере бастаған. Тағдыры енді «Алаш» белсен­ділерінің бірі Ысқақ Жантуғановпен тоғы- с­ады. Фарида Жантуғанова 1930 жылы Таш­кентке көшіп келіп, 1930-31 жылдары Орта Азия­лық экономикалық институтының жұмыс­шы факультетінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1932 жылы Өзбек мемлекеттік баспасында (Ўзбекистон Давлат нашриёти) редактор, 1934 жылдан баспаның қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болады. 1936 жылдың қазан айынан бастап екі бала­сымен Орта Азиялық мемлекеттік уни­вер­ситетінің еңбек факультетінің жатақхана­сында тұрып, факультеттің қазақ студент­теріне қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Фарида Жантуғанова 1937 жылы 29 мау­сымда «Алаш Орда» идеяларын таратқаны үшін түрмеге жабылған. 1937 жылы 21 қара­шада атышулы «үштік» Фарида Жантуға- н­ованы 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберу жазасына кескен. 1945 жылы шілдеде Архангельск облысы Котлас қаласындағы түрмеден бостандыққа шыққан. 1955 жылы Қазақстандағы Семей қаласының аурухана­сын­да қайтыс болған. Фарида туралы музей қабырғасындағы бар мәлімет-ақпарат осы. Қуғын-сүргінге ұш­ыра­ған қазақ әйелдерінің азапты тағдырын білу ұрпақ үшін керек. Фарида да ел тарихында аталуы, зерттелуі тиіс тұлға­лардың бірі.  

Ғафур Ғұлам музей-үйі.  Алмас апа Ғафурқызы

Ташкент қаласында кезекті бір сапары­мызда, дәлірек айтсам, 2023 жылдың жел­тоқсан айының басында Арапая көшесінде орналасқан Ғафур Ғұламның музей-үйіне арнайы бардық. Қазақтың классик ақыны Есенғали Раушановтың «Асылдың сынығы» эссесінің кейіпкері, ақынның қызы Алмас (Олмас) апаны  көріп, тілдесу, қазақты қаны бір туысым деп құрметтеген Ғафур Ғұламның музей-үйінің тынысын сезіну басты мақ­сатымыз болған еді. Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетіндегі әріптестерімізбен пікір-тәжірибе алмасып, дәріс оқып жүрген біздерге белгілі түркітанушы ғалым Самихан аға Әшірбаев өзінің шәкірті, «Фольклортану және диалектология» кафедрасының жас оқытушысы Елиорды жолбасшы етіп қосты. Алдын ала хабарласып, қазақ меймандардың келгенін, өзімен жүздесуге ниетті екенін Алмас апаға жеткізді.  Менің қолымда – Есенғали Раушановтың «Жаздың жұпар жаңбыры» атты эсселер жинақ­талған кітабы. Кітапқа енген жазба­лардың ішінде дәл осы Алмас апа кейіпкер болған «Асылдың сынығы» эссесі бар. Қасым­дағы сапарлас әріптестерім Сәулеш Айту­ғанова мен Гүлназ Сағынадинге Ғафур Ғұлам туралы білгендерімді айтып, Алмас апа тура­лы әңгімемді бастай бергенде музей-үйге кел­іп те қалдық.  Бізді музей қызметкері жас қызбен бірге Алмас апа өзі қарсы алды.  Алмас апа жасы сексеннен асса да тың, ширақ. Меймандарды қарсы алуға жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Апамыздың сергек дидары, жүйелі де қызықты әңгімесі бізге айрықша әсер етті. Мен «Жаздың жұпар жаңбыры» кітабын сыйға тартып тұрып, өзі туралы эссе бар екенін айтқанымда апамыз таңырқағандай болды. «Қазақ қаламгерлері көп келеді, есіме түсіре алмай тұрғаным», – деді. Меһмен ағамен бірге келіпті дегенімде, есіне түсіргендей болды.   Музей-үйдің негізі 1983 жылы қаланып, 1988-1998 жылдар аралығында толықты- р­ылып, жаңартылып отырған екен. Дирек­торы Алмас Ғафурқызы – ақынның қызы. Осы музей-үйде Ғафур Ғұламның 1993 жылы 90 жылдық, 1998 жылы 95 жылдық мерейтойы атап өтіліпті. Музей-үй екі бөліктен тұрады. Біріншісі – Ғафур Ғұламның тұрған үйі де, екінші бөлігінде экспозициялар орналастыр­ылған. Екінші бөлігі 2003 жылы Ғафур Ғұлам­ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған.  Ғафур Ғұлам – өзбек әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер. Ол өзінің поэ­зия­сында шығыстық дәстүр мен заманауи стильді шебер тоғыстыра білді.  1970 жылы, ақын қайтыс болғаннан кейін оған сол кез­дегі ең жоғарғы марапат – Лениндік сыйлық берілген. Ғафур Ғұлам өзінің шығармашылық ғұ- м­ырында қазақ әдебиеті өкілдерімен өте ты­ғыз байланыста болған. Оның қазақ әдебиеті­нің көрнекті өкілі Сәбит Мұқановпен досты­ғы, басқа да қаламгерлермен рухани-шығар­ма­шы­лық байланысы музей-үйіндегі фото-суреттерде де айрықша таңбаланған.  Алмас (Олмас) апа әке мұрасы болған әр­бір экспонатқа, әрбір  суретке қатысты ше­жі­ре шертеді. Әкесінің қазақтарға ерекше құр­метін майын тамыза әңгімелейді. Қазақ­тың классик ақыны Есенғали Раушановтың эссесінен де бұл анық байқалады.  Ғафур Ғұламның Алмас ападан басқа да перзенттері бар, олардың өздері де, ұрпақ­тары да үлкен қызметтерде, ғылым саласында жетістікке жеткен айтулы тұлғалар екен. «Ер Төстігім бір төбе» дегендей Алмас апа сол пер­зенттерінің ішінде әке мұрасын сақтап, насихаттауға бар өмірін арнап келе жатыр. Әкенің әрбір шығармасының жазылу, жария­лану тарихын жете біледі, келушілерге кеңінен әңгімелейді.  Алмас апамен қоштасып кетпек болғаны­мызда: «Шай ішесіздер, дәм татасыздар, меймандарды онсыз жібере алмаймын», – деп дастарқан жайды. Шай дастарқанын ширақ қимылмен өзі дайындады. Көмектеспек болып едік, рұқсат етпеді. Шай үстінде де әке­сі­нің қазақ ақын-жазушыларымен досты­ғын тамсана айтумен болды.  Біз Алмас апамен қоштасып, саулық тіледік. Биыл да музейге арнайы ат басын бұрдым. Алмас апамен жүздесе алмадым. «Ауырып қалды, бүгін келе алмады», – деді сондағы қызметкер қыз. «Жасы үлкен адам ғой», – дегенді қосып қойды. «Музейге жөндеу жұ­мыстарын жүргізгелі жатырмыз. Экспонаттар заманауи талаптарға сай жаңартылады, толықтырылады», – деді тағы. Мен Алмас апа өзімізге көрсеткен фото-альбомдағы сурет­терді қайта бір парақтап көруді ойлаған едім...  Алмас апамыздың саулығын тіледім. Ол кісі берер тағылым, атқарар шаруа әлі де көп.   Музей-үйден шығып бара жатып Есен­ғали ағаның «Асылдың сынығы» эссесіндегі соңғы жолдарды есіме алдым.  «Ташкенде қазақ халқын өз халқындай өле сүйген Үлкен кісінің музей үйі бар. Жақ­сы жерлерге зиярат қып, дұға ету сүндет. Мұны менсіз де білесіздер. Бірақ мен, осы шағын жолжазбада бәрінен бұрын, неге дүр, Алмас ханым Ғафур қызын өзімнің туған апайымдай көріп кеткенімді айтқым келді», – деп аяқтайды Алмас апа туралы эссесін Есен­ғали аға. Мен де дәл осындай сезімде болдым. Екі сапарымда да...

Түркітанушы ғалым  Самихан аға Әшірбаев

Ташкент шаһары дегенде есімізге түсетін ерекше тарихпен бірге ерекше адамдар бар. Солардың бірі Алмас апа туралы айтып өттік. Тағы бір көзі тірі тұлға туралы айтпау әді- л­етсіздік болар. Ол – өмір жолы мен ғылыми-ұстаздық еңбегі өзінен кейінгі буынға өнегеге айнал­ған филология ғылымдарының док­торы, профессор Самихан аға Аширбаев. Сами­хан аға – тіл біліміне салмақты үлес қос­қан белгілі тілтанушы, түркітанушы ғалым.   Біз Әлішер Науаи атындағы Ташкент мем­лекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университе­тіне алғаш барғанымызда өзбек әріптестері­міз «Қазақтар келді, Самихан акамен жүз­дестірейік», – десті. Оқу ісі жөніндегі прорек­тордың кабинетінде отырғанымызда, келіп кірген салиқалы қартты «Міне, Самихан ака, туыстарыңыз келді», – деп қарсы алды бас­шы­лық. Бізбен өте жылы шыраймен аман­дасып, таныстықтан соң «Мына өз-ағаларың мені «қазақ» дейді. Туыстарың келді дегесін тездетіп жеттім», – деді қазақша жылы әзіл­мен жымиып. Содан бері Самихан ағамен жақын туыс жандардай болып кеттік.  Ағамыз туралы тарқатып айтар болсақ, Самихан Аширбаев 1946 жылдың 18 сәуірінде қазіргі Түркістан облысы Түркістан ауданы Қориз ауылында дүниеге келген. Қазақ тілін жетік білетіні, қазақтарға деген ерекше ықы­ласы осы қазақ топырағында туып-өскені­мен байланысты болар.  1964-1968 жылдар аралығында Низами атындағы ТМПИ-ның Тарих-филология факультетін бітіріп, сол жылы «Көне өзбек жазуы» кафедрасына оқытушылық қызметке қабылданады.  1975 жылы жиырма тоғыз жасында «Өз­бек тілі грамматикалық құрылымын үйрену тарихы» (1875-1917 жылдар аралығындағы орыс түркологтарының шығармалары негі- з­інде) атты кандидаттық диссертациясынан-ақ өзінің кең құлашты, озық ойлы іздені­м­паздық қасиетін танытып үлгерген болатын. Самихан Аширбаевтың бұл ғылыми жұмысы сол кездегі ғылыми ортаға үлкен сілкініс жасады. Самихан ака өзбек тілі грамматика­сындағы кейбір деректерді ғылыми түрде нақтылап, батыл ойлар айтты. Сол кездегі өзбек тіл білімінің  марғасқалары жас зерттеушінің бұл батыл ізденістерін құптап, ұстаздық ақыл-кеңестерін беріп, бағыт-бағдар сілтеді.  Тіл білімі ғылымында өз бағыт-бағдарын анықтаған ғалым 1990 жылы өзбек әдеби тілінің негізін қалаушы Әлішер Науаидің прозалық туындыларын зерттеуге ден қойды. Нәтижесінде, «Әлішер Науаидің прозалық туындыларындағы жай сөйлем құрылымы мен мазмұн ерекшеліктері» тақырыбында док­торлық диссертациясын қорғап, көне өзбек тілінің заңдылықтарын, оның ұлттық сипаты мен ерекшеліктерін терең ашып берді.  1970 жылдардан бастап оқу процесінің түрлі салаларында, әуелі декан орынбасары, сырттай оқу бөлімінің деканы, проректор және жоғары және орта арнаулы білім  мин­ис­трлігінде әдістемелік кеңестің хатшысы қызметтерін қатар атқарған. Түркия және Ауғанстанда көптеген шәкіртке ғылыми жетекші болған.  1997 жылы Самихан Аширбаевтың тіке­лей жетекшілігімен Қазақстан Республика­сындағы оқу өзбек тілінде жүргізілетін мектептер үшін «Өзбек тілі» (5-9 сыныптар) оқулықтары жарық көрді. Бүгінде бұл оқулықтар мектеп оқушыларына таптырмас құралға айналды. Зерделі ғалым, шебер әдіскердің терең ізденіске толы бұл еңбегі де өз кезінде үлкен жаңалық болды.  Самихан Аширбаев көптеген шетелде хал­ықаралақ конгресс, конференция, жиын­ға қатысып, баяндамалар жасады, ғылыми мақала, еңбектер жариялады. Ғылымдағы көп жыл табысты еңбектері үшін абырой, атаққа бөленіп, халықаралық TURKSOY ұйымының «Ахмет Байтұрсынов» медалімен (2022), Өзбекстан Республикасы Президен­тінің Жарлығымен «Достық» ордені (2024) және бірнеше құрмет грамоталарымен мара­пат­талды.  Самихан Аширбаев онға тарта кандидат пен алты ғылым докторына ғылыми жетекші,  он докторлық, отыз кандидаттық диссерта­цияға ресми оппонент болған екен. Өзінің мағыналы ғұмырында түркітану ғылымы­ның, өзбек тілінің дамуына, ғылымның жас күштерінің қалыптасып, нығаюына көп еңбек сіңіріп келеді.  Самихан ағайдың өзбек тілі тарихы мен түркітануға қатысты екі жүзге тарта еңбегі бар. Солардың ішінде «Көне түркі тілі», «Өз­бек тілінің тарихи грамматикасы», «Өзбек әдеби тілі тарихы», «Ескі өзбек тілі және жазуы», «Өзбек диалектологиясы», «Түркі тіл­дерінің салыстырмалы-тарихи грамма­ти­касы», «Ареал лингвистика» тағы басқа еңбек­тері жас мамандардың игілігіне айналып келеді.  Самихан аға: «Алтай Сәрсенұлы Аман­жолов – біздің ұстазымыз», – деп, ерекше ықылас-құрметпен айтқан еді бізге. Ғылыми ізденісіне баға беріп, тілектестік білдірген Алтай Аманжолов туралы естелігін тыңдай отырып, ғылымға, ғалымға, ұстазға деген құрметтің риясыз үлгісін Самихан ағадан көруге болады деп түйген едік.  Көрнекті түрколог ғалым және өзбек тіл білімінің, түркітанудың білгір зерттеушісі Самихан Аширбаев бүгінде тынымсыз ғылы­ми ізденісін жалғастыруда. Ғалымның әлі де түркітануға қосары мол деп ойлаймыз. Биылғы сапарымызда арнайы сәлем бермек болғанымда, әріптестер ағаның Мем­лекеттік наградамен марапатталып жатқа- н­ын жеткізді. Өзбекстан Республикасының Пре­зиденті Самихан ағаның ғылымдағы, қоғамдағы еңбегін жоғары бағалап «Достық» орденімен марапаттапты. Лайықты марапат. Ертесіне Самихан аға басқарып отырған «Фоль­клортану мен диалектология» кафе­драсына арнайы құттықтап барғанымда, үл­кен ғалымның марқайып отырған сәтін көрдім. Алдыңғы келгенімізде де қазақ әріп­тестеріммен бірге  үйіне арнайы шақырып, кең дастарқанынан дәм татып, түрлі музыка­лық аспаптармен танысып, мағыналы сұхбат құрған едік. Бұл жолы да «Кешке үйге қонақ бол, балаларым жиналып, ас (палау) пісіреді», – деді. Ертең жол жүретін болғандықтан рах­мет­імді айттым. Балалар демекші, Сами­хан ағаның үш ұлы үлгілі отбасы, жақсы маман, жоғары қызметтегі жандар. Немере­лері де есейген, жоғары оқу орындарында біл­ім алуда, алды қызметте.  Түркітану ғылымында өзіндік орны бар, өзбек тіл ғылымының дамуында ересен еңбек еткен ғалым, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаз, қазақты қаным бір туысым деп ерекше қадірлейтін абзал адам Самихан аға ортамызда аман-сау жүрсін деген тілектеміз. 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ