«15 миллион теңге, алтын белбеу мен тайтұяқ»: «Қазақстан барысы» жеңімпаздары марапатталды
Астанада XIII Республикалық қазақ күресі турнирі «Қазақстан барысы» аяқталды.
Абай облысынан келген балуан — Ерасыл Қажыбаев «Қазақстан барысының» жеңімпазы атанды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Қабанбай» лақап атымен танымал, 32 нөмірде өнер көрсеткен Ерасылдың бойы – 187 см, салмағы – 152 кг. Екінші орынға Шымкенттен келген «Оңтүстік барысы» Ерсұлтан Мұзаппаров ие болды, оның бойы – 178 см, салмағы – 98 кг. Үшінші орынды «Болатшы» лақап атымен танымал Абай облысының өкілі Саят Шамшиев иеленді, оның бойы – 179 см, салмағы – 115 кг.
Биыл турнирге аймақтық іріктеуден өткен Қазақстанның 42 мықты балуаны қатысты. Олар еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласын — Астананы, Алматыны және Шымкентті таныстырды. Сонымен қатар турнирде өткен жылғы «Қазақстан барысы» чемпионы мен «Әскер Барысы» аталымының екі өкілі де бақ сынады.
Турнирдің бас жүлдесі — 15 миллион теңге, алтын белбеу мен тайтұяқты Ерасыл Қажыбаев жеңіп алды. Жеңімпазға жүлдені ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады.
Турнирдің жеңімпаздары арнайы баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Мен бұрын осы турнирдің күміс жүлдегері болғанмын, ал бүгін тайтұяқ — басты титулды жеңіп алдым! Енді күш жинап, дзюдо және қазақ күресінен келесі жарыстарға қатысуға дайындаламын, сонымен бірге келер жылғы «Қазақстан Барысы - 2025» дайындалатын боламын», - деді «Қазақстан барысы – 2024» атағына ие болған Ерасыл Қажыбаев.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 27,1 миллион теңгені құрады, оның ішінде 3,72 миллион теңге бапкерлерге арналды. Жүлделер келесідей бөлінді: 1-орын — 15 000 000 теңге, 2-орын — 3 300 000 теңге, 3-орын — 1 080 000 теңге. Сонымен қатар, әрбір жеңіске жеткен күрес үшін балуандарға 100 000 теңге төленді.