850 дронның көмегімен Алматыда Республика күніне орай анимациялық шоу ұйымдастырылды, деп хабарлады turkystan.kz.
25 қазанда Алматыда Республика күнін мерекелеуге орайластырылған дрондар шоуы өтті. Қаланың мыңдаған тұрғыны мен қонағы ұмытылмас көріністі тамашалау үшін Абай алаңы мен Астана алаңына жиналды.
Абай алаңынан 500-ден астам дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, бірегей 3D визуалды бейнелер жасады. Инсталляциялар ұлттық мәдениеттің элементтерін және ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелеп, бірлік пен мақтаныш рухын ерекше бейнеледі. Жарық шоуы музыкалық шығармалармен сүйемелденді.
Кейін 21:30-да Астана алаңынан аспанға тағы 350 дрон көтерілді. Көкте бостандық пен тәуелсіздіктің символы іспетті қалықтаған бүркіттің бейнесі, Қазақстан картасы,«КөкТөбе» телемұнарасы, аспалы жол және Алматының танымал көрікті жерлері, бейбітшілік пен отбасылық игіліктің символы - шаңырақ, қалаға және жалпы біздің елге деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде жүректер бейнеледі. Одан бөлек, «25 қазан – Республика күні құтты болсын!» деген құттықтау сөзі пайда болды.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі отшашудың орнына дрондарды пайдалану — мерекелеудің инновациялық тәсілі ғана емес, сонымен қатар технологиялық даму мен экологиялық бастамаларға деген ұмтылыстың символы болғанын атап өтті. Бұл шешім қоршаған ортаға әсерді азайта отырып, бірегей визуалды эффектілерді жасауға мүмкіндік берді.