«Үздік педагог» байқауы: 64 жеңімпазға 1000 АЕК көлемінде сыйақы берілді
Бірқатар қызметкерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері тапсырылды.
Еліміздің бас ұстазы әріптестерін салтанатты жағдайда құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандық ұстаздар халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды және бұл жүлделердің екеуі алтын медаль екенін айта кеткен жөн.
«Мемлекет күллі педагогикалық қауымдастыққа орасан зор сенім мен құрмет, қолдау білдіріп келеді. Күні кеше ғана біздің екі ұстазымыз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды, бүгін де педагогтерімізді төрге оздырып, оларға құрмет көрсетудеміз. Бұл марапаттардың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, адами капиталды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбектерінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын және педагог мәртебесін көтерудің жаңа кезеңін айғақтайды», – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты шарада оқу-ағарту жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да ведомстволық наградалар тапсырылды.
Анықтама үшін: «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық педагог үздік деп танылды, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына ҮЕҰ, ата-аналар қоғамының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т.б. кіреді.