Жаңалықтар

Республика күні туралы жастар не біледі? – Сауалнама

istockphoto.com

25 қазан – егемендігімізді, еркіндігімізді, елдігімізді ұлықтайтын күн

2009 жылға дейін Республика күні 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн ретінде тойланып келді. Кейін ол мереке мемлекеттік мерекелер қатарынан шығып қалған болатын.

Ал 2 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтаруды ұсынды. Яғни 2022 жылдан бастап бұл мереке қайта жанданды.

Осыған байланысты Turkystan.kz тілшісі Астана жастарының арасында сауалнама жүргізіп, Республика күні жайлы не білетіндерін сұрап білді.

Мақсат Нұрлыбай, елорда тұрғыны, оқушы:

– Республика күні біршама уақыттан кейін қайта жаңғырған мереке екенін білемін. 25 қазан қарсаңында Астана көшелеріне, ғимараттарына көк туымыз ілініп, мерекенің атмосферасы сезіліп жатыр. Көк туымызды көрген сайын патриоттық сезіміміз арта түседі.

Саида Жапарова, елорда тұрғыны:

– Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтілетінін білемін. Тіпті мереке қарсаңында халыққа арналған әртүрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр. Бұл халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Назым Жұртбай, елорда тұрғыны:

– Мереке биыл екінші жыл қатарынан тойланып жатқанын білеміз. Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған күн. Сондай-ақ, біздің егемендігімізді, еркіндігімізді және ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін күн.

Нұрай Жолдасқызы, елорда тұрғыны, студент:

– Ғаламтордан біраз мәлімет оқығанмын. Білуімше, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Егемендігінің Декларациясы жарияланған. Алғаш рет 1995 жылы мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, 2009 жылдан бастап тойланбайтын болған. 13 жылдан кейін Президенттің ұсынысымен қайта енгізілген. 2022 жылдан бастап қайта жанданды. Ендігі кезекте мұндай тарихи күнді кеңінен насхаттауымыз керек деп санаймын.

Аяулым Қайыргелді, елорда тұрғыны, студент:

– 25 қазанда егемендік туралы Декларация қабылданған. Бұл күні тәуелсіз ел жолындағы аға-әпкелеріміздің қайсарлығы мен ерен еңбектері Республика күнінде тағы бір мәрте еленетін мереке.

Бекарыс Мейірім, елорда тұрғыны:

– Республика күні – ұлттық мереке. 25 қазан – Қазақстанның өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, өзіндік туы мен әнұраны бар жеке дара ел болып қалыптасуына ықпал еткен күн. Был екінші жыл қатарынан елде мерекелік көңіл-күй орнап, концерттік бағдарлармалар қойылып, көптеген іс-шаралар өткізіліп, халық шад-шадыман күйде жүр. Халқымызды осындай бейбіт күннен айырмасын дегім келеді.

Осылайша, Республика күні халықтың патриоттық сезімін нығайтуға, тәуелсіз ел екенімізді тағы бір сезінуге ықпал етіп отыр. Әсіресе жастар бұл мереке кеңінен тойлануы керек деп есептейді.