Жаңалықтар

«AMANAT»-та қоғам қайраткерлері мен еңбек адамдарына мемлекеттік және партиялық наградалар табысталды

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы партияның ауқымды рөлін атап өтіп, партиялықтарға белсенді жұмысы мен жоғары азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.

Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіріп, 25 қазанды Ұлттық мерекеге айналдырғанын еске салды.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан сан өткелектен өтті. Бірақ, біз өткеннен сабақ алып, бүгінімізді табысты, ертеңімізді жасампаз ету мақсатынан тайған емеспіз. Қазіргі уақытта елде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы да сол үшін жасалып жатыр. Көріп отырсыздар, заман, қоғам өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыруда. Заң мен тәртіп үстемдігін орнатып, Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Ал, осы оң өзгерістердің ұшар басында – Президентіміздің реформалары тұр», – деді ол.

Ерлан Қошанов Республика күні қарсаңында ел дамуына ерекше үлес қосқан азаматтардың еңбегі мен жетістіктеріне лайықты құрмет көрсету қадамы игі дәстүрге айналғанын атап өтті. «AMANAT» Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы партияның ауқымды рөлін атап өтіп, партиялықтарға белсенді жұмысы мен жоғары азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.

Биыл наградталған азаматтар арасында Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері мен белсенділері болды. Штаб алты саяси партия мен республикалық 20-дан астам қоғамдық ұйым өкілдерін біріктірді. Олардың қатарында педагогтар, дәрігерлер, шаруалар, мұнайшылар, кеншілер, металлургтер және еліміздің барлық өңіріндегі өзге де кәсіп өкілдері бар. Штаб мүшелері АЭС салуды қолдауға қатысты ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізіп, Президент ұсынған осы прогрессивті идея төңірегінде қоғамды топтастырды.

Сонымен қатар, мемлекеттік және партиялық наградалар жыл басында ел аумағындағы аймақтардың жартысына жуығын әбігерге салған су тасқыны салдарымен күреске белсенді қатысқан «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері мен партия мүшелеріне табысталды. «AMANAT» партиясының мүшелері алғашқылардың бірі болып көмекке келді. Мәселен, Атырауда ұзындығы 20 шақырымнан асатын бөгет тұрғызылды. Қысқа мерзімде волонтерлер қызметі ұйымдастырылып, гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жеткізу жұмысы қамтамасыз етілді.

Президент Жарлығына сәйкес, «Парасат» орденімен кәсіпкер Сыдық Давлетов марапатталды.

«Құрмет» орденін: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қауіпсіздікті үйлестіру жөніндегі бас инспекторы Абай Сақтағанов, «AMANAT»-тың партиялық бақылау комитетінің мүшесі Әнуар Ілиясова, «AMANAT» партиясы ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің директоры Жанар Бектаева, Павлодар облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, «AMANAT» партиясы Қарағанды қалалық филиалының атқарушы хатшысы Юлия Бадина иеленді.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен: мүгедектердің спорттық оңалту орталығының төрағасы Елдос Баялышбаев, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілхаиров, «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» РҚБ президенті Ақмарал Бекмырзаева, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жанболат Саймағанбетов, «AMANAT» партиясы кадрлық жұмыс және құжаттамалық қамтамасыз ету департаментінің директоры Айгүл Төлепбергенова, «Основание» ЖШС темірбетон және ағаш бұйымдары учаскесінің бастығы Евгений Келлер, Жезқазған байыту фабрикасы бас корпусының жөндеуші-слесары Мәулен Көпеев, журналист Полина Шиманская және тағы басқалар марапатталды.

 «Шапағат» медалі «Жастар Рухының» жастар жобалары және талдау басқармасының басшысы Жансая Қуанышбековаға табысталды.

                                                                               

Сондай-ақ, бірқатар азамат АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың үгіт-насихат жұмысына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында: ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, Қазақстан Халық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мирас Әукенов, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, «Ауыл» партиясы аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов, «Ақ жол» демократиялық партиясы аппаратының басшысы Асылхан Қожахметов, Қазақстанның атом индустриясын дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаров, Цифрлық трансформация Қауымдастығының бас директоры Сергей Остапюк және тағы басқалар болды.

«Белсенді қызметі үшін» партиялық наградасын: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі болу орталығының басшысы Ирина Байғазакова, кәсіпкер Азамат Мұханжанов, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ Павлодар магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Қанат Сатабаев және тағы басқалар иеленді.