Жаңалықтар

Талдықорғанда 16 жастағы бозбала есірткі таратқан

polisia.kz

Кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның туысқаны жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде ұсталды.

«Қарасора – 2024» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Жетісу облысы ПД қызметкерлері Талдықорған қаласында есірткіні жасырын қойып кету арқылы есірткі таратты деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім мен 23 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Талдықорғандағы пәтерде шұғыл тінту барысында кәмелетке толмаған баладан ірі мөлшердегі есірткі заттары табылды. Спорттық сөмкеден полиция қызметкерлері ұнтақ заты бар пластикалық контейнер, төрт полимерлі пакет, изолентамен оралған 12 бума, сондай-ақ электронды таразыларды, әртүрлі түсті 38 бума және 600-ге жуық ZIP пакет, сонымен қатар 522 грамм синтетикалық есірткі затын тапты.

Жасөспірім осы жылдың тамыз айының соңында әлеуметтік желісінде “тиімді” жұмыс жайлы ақпаратты көргенін айтты. Белгісіз куратор есірткіні таратуға қатысқаны үшін жоғары ақы төлеуге уәде беріп, ұсыныс жасаған. Тіркелгеннен кейін ол облыс аумағында есірткіні жасырын салуға тапсырма ала бастаған. Есірткіні қойып кетуші күдіктілер қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.