Депутат Қызылорда облысынан Өзбекстанға дейін төте жол салуды ұсынды
Ежелден еншілес, тарихы тамырлас екі ел – Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық тығыз қарым-қатынас жаңа кезеңде өрбуде. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда және тауар айналымы жылдан жылға артып келеді.
Осыған орай, Өзбекстанға төте жолмен баруға Қызылорда облысынан ақылы автомобиль жолын салудың маңыздылығы мен қажеттілігі күн сайын артуда. Оған бірнеше фактор бар: Бірінші. Ауылшаруашылық және өнеркәсіп өнімдерін тасымалдауға дұрыс бағыт болса, ол туризмнің де дамуына әсер етеді. Онда Өзбекстанның Бұқара, Самарқан қалаларына келген туристер сапарын Қызылордадағы Қорқыт бабамыздан бастап, Ұлытау облыстарына дейін жалғастыруға мүмкіндік алады. Осылайша, бұл өңір туризмін дамытуға оң серпіліс бере алатын халықаралық жол болады. Ал Ұлытау өңірінің туристік әлеуеті өте жоғары. Екінші. Алдағы уақытта «Қызылорда-Жезқазған» трассасы арқылы Астана қаласына тікелей жол қатынасы ашылып, Ресей Федерациясына шығуға мүмкіндік береді. Республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолынан бастау алып, Қызылорда қаласы арқылы Өзбекстан Республикасының «Көкаяз» елді мекеніне дейін, ұзындығы 179 км, 2 жолақты, қозғалыс бөлігінің ені 9 метр құрайтын ІІ-санаттағы автомобиль жолы түседі. Үшінші. Осы автомобиль жолының құрылысы іске асырылған жағдайда екі ел арасындағы автокөлік қатынасындағы арақашықтық шамамен 1330 км (Қызылорда қаласынан есептегенде) қысқарып, сауда айналымының көлемі бірнеше есеге өсетін болады, – деді депутат.
Осы айтылған мәселелерді ескере келе ол «Үшқұдық (ӨР) – Қызылорда (ҚР)» бағыты бойынша автомобиль жолын салу жобасын кезек күттірмей бастау қажет деп санайтынын жеткізді.