Қоғам

Жүкті әйелін өлтірмек болған ер адам 15 жылға сотталды

Оқиға 2024 жылдың шілде айында Маңғыстау ауылындағы дүкеннің алдында болған.

Маңғыстау облысында жүкті әйелін өлтірмек болған ер адам 15 жылға сотталды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 2024 жылдың шілде айында Маңғыстау ауылындағы дүкеннің алдында болған. Видеодан жаралы әйелдің жерде жатқанын көруге болады. Ер адам оған жақындап, әйелді тепкілей бастайды. Куәгерлердің айтуынша, ер адам адамдардың көзінше әйелге бірнеше рет пышақ сұққан.

Соттың мәліметінше, ер адам асхана пышағымен әйелінің арқасынан, санынан және кеуде тұсынан пышақтаған. Өтіп бара жатқан адамдардың араласуының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды.

Прокурор сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Алайда сот отырсында сотталушының әйелі оны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Сотталушының өзі жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, ең төменгі жазаны тағайындауды сұрады.

"Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының шын өкінуін, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты мас күйінде жасағаны ескерілді", – делінген Маңғыстау облыстық сотының хабарламасында. 

Ер адам кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.