Теміртауда тәрбиеші балабақшаға мас күйінде барған
Тәрбиеші педагогикалық этиканы өрескел бұзғаны үшін теріс себептермен жұмыстан шығарылды.
30 қыркүйекте «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші жұмысқа мас күйінде келіп, балаларға агрессия көрсеткен. Кейін тәрбиешінің жұмысқа мас келгені туралы ақпарат полицейлерге анонимді түрде хабарланған. Ата-аналардың біреуі полицияға қоңырау шалған болуы мүмкін.
Шақыртудан соң полицейлер сигнал бойынша келіп, тәрбиешіні медициналық куәландыруға алып кетті. Одан орташа дәрежедегі мастық деңгейі анықталды.
Ата-аналар келесі күні балабақшаға келіп, мас тәрбиешінің балаларға қалай қарағанын көру үшін бейнекамералардан жазбаларды сұратты. Кадрларда тәрбиешінің өзін ұстай алмай тұрғанын көрген. Ол балалардың қолынан сүйреп, киімдерін лақтырған. Видеода полицейлердің кіріп, оны ғимараттан қалай алып кеткені де көруге болады. Алайда бұл үзіндіні ата-аналарға бейнежазбадан көшіруге рұқсат етілмеді.
Теміртаудың білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Халипа Жаудинова қызметтік тергеу аяқталғанын хабарлады.
«Сараптама көрсеткендей, тәрбиеші балабақшада мас күйінде болған. Ол өзінің түсіндірмесінде жексенбіде қандай да бір іс-шарада болғанын, сол жерде сусын ішкенін жазды. Ал дүйсенбіде жұмысқа келген», – деді Теміртаудың бас педагогы Халипа Жаудинова.
Балабақша асханасында алкоголь табылған жоқ.
«Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тәрбиеші педагогикалық этиканы өрескел бұзғаны үшін теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ, балабақша директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды», – деді Теміртау білім бөлімінің басшысы.