Тайқазан

«Құтқарушы – мамандық емес, борыш!» – Жедел-құтқару жасағының қызметкері

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл Қазақстанның азаматтық қорғаныс органдарына 29 жыл толып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметі 1995 жылы құрылған. Содан бері 1,6 млн төтенше жағдай болыпты. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың арқасында 421 мыңнан астам адам құтқарылған. Ал жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам төтенше жағдай тіркеледі екен. Жалпы, қазір азаматтық қорғаныс органдарында 27 мыңнан астам адам қызмет етіп жатыр.

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Алмаз Қарсыбековпен тілдескен едік.

От пен судың ортасындағы 16 жыл

Ол – Қарқаралы ауданының тумасы, құтқару қызметінде 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 18 жасында қатардағы құтқарушы болып бастап, басшының орынбасарына дейінгі жолды жүріп өткен.

– 2004 жылы Қарағанды политехникалық колледжіне құтқарушы мамандығына оқуға түстім. Сол оқу орнын бітіргеннен кейін осы Жедел-құтқару жасағына жұмысқа тұрдым. Бізді көпшілік өрт сөндірушілермен шатастырады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың мақсаты бір – адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, ескерту, материалдық құндылықтарды сақтау. Өрт сөндірушілер мен жедел-құтқару жасағы Төтенше жағдайлар департаментінің екі бөлек бөлімшесі. Бірақ өрт сөндірушілер өртке барады. Ал есік іштен жабылып қалса, біреу балконға ілініп қалса, шатырға шығып, түсе алмай қалса, балалар шарбаққа, темірге тұтылып қалса, жер сілкінсе, біз барамыз. Осылай төтенше жағдайдың түр-түрін тізбектеп айта беруге болады. Түркияда жер сілкінгенде біздің құтқарушылар мен кинологтарымыз барып келді. Адам іздейтін, арнайы үйретілген иттеріміз бар, – дейді кейіпкеріміз.

Еріксіз езу тартқызатын сәттер де аз емес

Қауіпті мамандық болғанымен, еріксіз езу тартқызатын сәттер де аз емес. Сондай оқиға биыл Солтүстік Қазақстандағы су тасқынында болған екен.

– 8 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Пребрежное деген ауылға бардық. Дайындық жұмыстары басталды. Ауылдың жан-жағына қап үйдік. Ауылды толықтай қоршадық. Он екісі күні таңға жақын су келе бастады. Дереу іске кірістік. Себебі суды үш күн ұйықтамай, ұстап тұрдық. Әрі қарай ұстай алмайтын болған соң, эвакуация жұмыстарын бастадық. Үйінен өз еркімен шықпаймын деп, қарсыласқан кісі көп болды. Мұндайда су келе жатқанын көрсетіп, сендіріп, көндіресің. Бір көшені толықтай көшіріп бола бергенде, қызметкерлеріме сол көшені тағы бір шолып шығуға бұйрық бердім. Олар қайықпен қайтадан артқа жүзіп кетті. Топан су үйлердің терезесінен асайын деп тұр. Сол кезде жігіттер бір үйдің терезесінен фонарь жарығын көріп қалып, жақындап барып, форточка арқылы бір жігітті құтқарып қалды. Сөйтсек бір жас жігіт үйіне мас болып келіп, ұйықтап қалыпты. Үйін су алып, өзі жатқан диваннан арқасына әбден су өткенде ғана оянған. Оянса диван үй ішінде жүзіп жүр екен. Жалма-жан телефонын алып, фонарын жаққан кезінде біздің жігіттер көріп қалған, – дейді құтқарушы.

«Әр адам жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек»

Мұндай жағдайлар қорқынышты, әрі күлкілі көрінгенімен, бұған құтқарушылардың еті әбден үйреніп кеткен. Олар үшін бұл – күнделікті жұмыс.

– Қазір бізде эмоция жоқ. Бастапқыда қандай да бір эмоция болғанымен, бара-бара етің өліп кетеді. Тек жұмысыңды жауапты, жылдам орындауға тырысасың. Басқаларға қызық көрінетін оқиғалар біз үшін – күнделікті шаруа. Сондықтан көп оқиға есімізде қалмай, ұмытылып кетеді. Жұмысыңды тыңғылықты істесең, өзіңді кінәлі сезіну сияқты сезімдер де жүрегіңе салмақ салмайды. Әр адам жұмысына жауапты қарауы керек. Кейде опырылып құлағалы тұрған қабырғалардан, жарылу қаупі бар газдардан аман қалатын кездеріміз болады, – дейді Алмаз Қайратұлы.

Мәртебелі мамандық

Оның айтуынша құтқарушы – мамандық емес, миссия, борыш.

– Құтқарушы мамандығы – мәртебелі мамандық. Қаншама елдің алғысын аласың. Бірақ кез келген адам құтқарушы бола алмайды. Бізге жұмысқа тұрғысы келетіндер көп болғанымен, бәрі бірдей өте алмайды. Жұмысқа қабылданар алдында психологиялық, медициналық тексерістен өтеді. Физикалық нормативтер тапсырады. Содан өтсе, қатарымызға қосылады. Әр үш жыл сайын осындай аттестациядан өтіп отырады. Сондықтан құтқарушылар әрдайым формада жүруі керек. Шақырту болмаған бос уақытта құтқарушылардың спортпен шұғылдануына, білімін жетілдіруіне баса мән береміз. Бос уақытты дұрыс ұйымдастыру – кез-келген басшысының міндеті. Қызметкерлеріміз жұмысын жақсы көріп істейді, бірін бірі түсінеді. Ұжым жақсы болса, жұмыс та жақсы. Штатта психологымыз бар. Моральдық жағынан қиналған, шаршаған қызметкерлермен психолог жұмыс істейді. Түрлі психологиялық тренингтер өткізіп отырамыз», – дейді ол.