T-LIFE

Өзін-өзі тым қатты жақсы көретін адамдар әлеуметтік желіге эгоизмнен емес, әлсіздіктен жүгінеді – жаңа зерттеу

сурет: istockphoto.com

Canadian Journal of Behavioural Science журналында жарияланған жаңа зерттеуде өзін-өзі тым қатты жақсы көретін адамдардың әлеуметтік желілерді қолдану себептері талданған.

Жалпы, өзін-өзі шектен тыс жақсы көретін адамдар Instagram, Facebook және TikTok платформаларын өз эгосын қанағаттандыру үшін пайдаланады деген пікір үстемдік етіп келген еді. Алайда зерттеу нәтижелері олардың өз маңыздылығын арттырудан гөрі бір нәрсені жіберіп алудан қорқып (FOMO) желіге жүгінетінін көрсетті.  

Ғалымдар зерттеулер сериясы арқылы эгоцентристік адамдардың әлеуметтік желілерді өздеріне назар аударту үшін емес, жатсыну сезімін жеңілдету үшін пайдаланатынын анықтады. Бұл жұмыс эгоцентризм мен әлеуметтік желілердің өзара байланысы туралы дәстүрлі пікірлерге қарсы пікір ұсынады. Бұған дейінгі теориялар тәуелсіз адамдар FOMO-ға азырақ бейім болады деп болжаған. Бірақ зерттеушілер эгоцентристік тұлғалардың желіге тәуелділігіне FOMO-ның қаншалықты ықпал ететінін нақты білгісі келді.  

Зерттеушілер желілерді шамадан тыс пайдалану көбінесе мазасыздық пен қорқыныш сияқты терең психологиялық факторлардан туындайтынын дәлелдейтін мәліметтерге сүйенді.

Әлеуметтік желілер эгоны көтерудің тамаша алаңы болғанымен, адамдардың бұл платформаларға жүгінуінің басқа да себептері болуы мүмкін екенін көргім келді. Менің болжамым бойынша, тек эгоизм ғана емес, басқа да факторлар желіге тәуелділікке себеп болуы ықтимал, – деді зерттеу авторы, Бэйлор университетінің профессоры Джеймс А. Робертс.  

Зерттеуде үш кезеңнен тұратын тәжірибе жүргізілді:  

Бірінші зерттеу: 199 ересек америкалыққа сауалнама жүргізілді. Оларға эгоцентризм деңгейін, FOMO мен әлеуметтік желіні пайдалану әдеттерін анықтайтын сұрақтар қойылды. Нәтижесінде эгоцентризм мен желі қолдану арасындағы байланыс тек FOMO арқылы жүзеге асатыны анықталды. Яғни, адамдар желіде көп уақытты өздеріне көңіл аударту үшін емес, маңызды нәрсені жіберіп алмаудан қорыққандықтан өткізеді.  

Екінші зерттеу: 241 қатысушы екі топқа бөлінді. Бір топқа эгоцентризм сезімін ояту үшін олардан эгоистік әрекеттерін еске түсіру сұралды, ал екінші топтан күнделікті әдеттегі күндерін сипаттау талап етілді. Бұл тәжірибеде де эгоцентризм сезімі FOMO-ны күшейтіп, қатысушыларды желіде белсенді болуға итермелейтіні расталды.  

Үшінші зерттеу: Бұл кезеңде қатысушыларға FOMO сезімін тудыратын сценарий ұсынылды. Нәтижесінде FOMO-ның эгоцентризм мен әлеуметтік желіге тәуелділік арасындағы байланысты күшейтетіні анықталды.  

Ғалымдар болашақта әлеуметтік желіні пайдалануға ықпал ететін басқа психологиялық факторларды зерттеу керектігін атап өтті. Робертс желілердегі белсенділіктің жастардың ойлау, эмоцияларды басқару және назар аудару қабілетіне кері әсерін тигізетінін ескертті:

Қысқа видеолардың (TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts) кеңінен таралуы жас буынның ойлау жүйесіне әсер етіп, олардың әл-ауқатына қауіп төндіреді.  

«Мен, өзім және тағы да мен: Эгоцентризм, FOMO және әлеуметтік желілерді қолдану» атты зерттеудің авторлары – Мередит Э. Дэвид пен Джеймс А. Робертс.