"Ұлым Хамза әлемге танымал жокей болса деймін" – Марлан Бектенов
– Қазір ат жарыстарын үзбей тамашалайтындардың арасында ұлыңыз Хамза мен Жұмыртұяқ тұлпар кеңінен танымал. Екеуінің есімі қатар аталады. Алайда ол екеуін баптап жүрген сіз туралы мәлімет тіптен аз. Хамза секілді емес, көпшіліктің көзіне түскенді ұнатпайтыныңызды бірнеше жарыста аңғардық. Сондықтан әңгімемізді өзіңізді таныстырудан бастасақ.
– Менің әке-шешем – көп жыл мал баққан жандар. Сондықтан бала кезімнен атқа мініп өстім. Сол кезде бәйгеге ат қосып, өзім шауып жүрдім. Алайда ол кезде қазіргідей Хамзалар секілді кәсіби түрде айналыспадым. Бүгінде Хамзалардың жарысу деңгейі жоғары ғой. Біздің кезімізде бәйгеге жылқы, түйе тіксе, Land Cruiser тіккенмен тең болатын. Мектеп бітірген соң ат баптауға назарым ауып, он жылдан астам уақыт атбегі болып жұмыс істедім. Содан соң атпен қатар, шабандоз баптау ісіне ден қойып, бапкерлік карьерамды бастадым. Біраз уақыт Алматыда, содан соң шығыс жақтың жылқыларын баптадым. Сосын жасы келген әке-шешемнің қасынан табылайын деп, туған ауылыма қайтуға тура келді. Хамза – менің үшінші балам. Бүгінде келіншегім екеуіміз бес қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Хамза кішкентай кезінен маған еліктеп өсті. Шабандоздың етігін кисем, ол да сондай киемін деп бүлік шығаратын. Мен атқа мінсем, ол да мінемін деп қыр соңымнан қалмайтын. Хамза – Құдайдан сұрап алған балам. Достарымның көбісінің алғашқы балалары ұл болды. Бас қоса қалғанда осы турасында әңгіме өрбітетінбіз. Тұңғышым – қыз бала, одан кейін де қыз дүниеге келді. Сол кезде «Ұл бер! Ұл берсең де, батыр ғып бер!» деп дұға қылып, Алла Тағаладан сұрап алған балам осы – Хамза.
– Әуелден көптен күткен балаңызды қайтсем де жастайынан шабандоз қыламын деген мақсат болды ма?
– Әлбетте. Басында кәдімгідей уайым болды. Себебі ойыншық ат әкеп берсем, зер салып та қарамайды. Ойыншық трактор ойнап, біраз есті шығарды (күліп). Сол кезде қанымызда жоқ тракторшы қайдан пайда болды деп бас қатырған едік. Сосын үш жасында атқа мінгіздім. Төртке толғанда жүгенді өзі ұстап, атты өзі басқаруды үйренді. Бес жасынан бастап бәйгеге шапты. Осы кезде шабандоз болуға деген қызығушылығы артып, қарқыны үдей түсті.
– Көпшілік Хамза – сіз баулыған алғашқы шабандоз, сізді кәсіби жолын енді бастап жатқан бапкер деп ойласа керек. Шекпеніңізден шыққан өзге шабандоздар туралы айта кетсеңіз.
– Жоқ. Хамза – менің алғашқы шәкіртім емес. Мен баулығандардың арасында Хамзадан да көп жүлде ұтқандар бар. Хамза жасымен ерекшеленіп тұр. Хамза күні кеше он екінші көлігін ұтты. Он бес көліктен ұтқан шәкірттерім бар. 2-сынып оқып жүрген кезінен бастап тәрбиелеген шабандоздарым қазір 25 жаста. Оның алдындағылардың 4 баласы бар. Бүгінде үлкен ұлымдай болып кеткен шәкіртім Қабай былтыр 140 шақырым бәйгеде оқ бойы озып, қымбат көлік ұтып алды. Президент кубогін ұтқан Олжас атты жокейім бар. Данияр деген тағы бір мықтым бар. Жалпы алғанда, бүгінге дейін мен баулыған мықтылар қырықтан астам көлік ұтып алыпты.
– Сіз баптаған жылқы я шабандоз жүлдесіз қайтпайды дегенді жиі естиміз. Ат баптаудың арнайы бір құпиясы бар ма сізде, әлде?
– Мұның басты құпиясы – еңбек. Еңбек, бәрін жеңбек. Бар болғаны сол.
– Демек қасыңызға жалқау баланы ертіп жүрмейсіз.
– Жаңа алды жиырма беске келген шәкірттерім бар дедім ғой. Олар жалқау балаларға күн көрсетпейді (күліп). Қатарымызға енді келіп, еркелеп жүргендерге тыным бермейді. Өздері кезінде болаттай берік тәртіп көрген соң кішілерден де сондай жүріс-тұрысты талап етеді.
– Расында, осындай ортада өскен Хамзаның жасы кіші болғанымен, сөзі ірі екенін бәйге біткен соң беретін сұхбаттарынан аңғаруға болады.
– Мен ұлыма кішкентай бала деп емес, үлкен жігіт деп қараймын. Екеуіміз ересектер құсап әңгімелесеміз. Мәймөңкелеп, асты-үстіне түсіп, еркелетпеймін. Кенжемді еркелетемін. Ал Хамзаға ересек, кеңесшім ретінде қараймын. Көлік немесе үй сатып алғым келсе, алдымен сол жігітпен ақылдасамын. «Хамза, мынаны былай істесек қалай қарайсың? Астанадан үй алсақ ше? Ертең тәтелерің оқуға түскенде біреудің қабағына қарап жүре ме?» дегендей отбасылық мәселелерді айтып, бірге талқылаймыз. Мен оның қасында мәңгі болмаймын ғой. Ол осы бастан өзін-өзі алып жүруді үйрену керек. Әрі ол – тоғызда болса да, көп ақша табатын бала. Сондықтан ол қаржыны қалай басқару, қайда жұмсау керек екенін біліп жүру керек. Мен тіпті оған «Мынаған ақша салайық па? Мына істен пайда табуға болады екен» деп те айтып отырамын. Ол бәрін тыңдап, бағамдап «Әке, дұрысы сол болсын. Ертең керек болады» деп өз ойын ортаға салады. Алланың берген ұлы. Тоғыз жаста болса да, өз айтары бар, өз қосары бар. Тек менің айтқаныммен жүрмейді. Дегенмен ара-тұра түзетіп отырамын. Менімен бірге жұмыс істейтін балалардың көзінше қатесін бетіне басып, сөгіс жариялаймын. Сосын жаза тағайындаймын. Ондайда «Ойбай, мынау – менің балам», «Хамза – жұлдыз!», «Хамза – елдің сүйіктісі» деген жүрмейді.
– Жұлдыз демекші, кеше Хамза парақшасына жүктелген видеода атқа жем тасып бара жатып, «Жұлдыз ауруымен ауырмау үшін жұмыс істеп жатырмыз» дегенін байқап қалдым. Алты жасынан бастап көпшіліктің көзайымына айналған Хамзаның «жұлдыз ауруына шалдықпауын» қатты қадағалайсыз ба?
– Әрине, қадағалаймын. Хамза өзін жұлдыз санайтындардың қатарынан емес. Ол екеуіміз асығып жүгіріп бара жатсақ та, біреу оның атын атаса, баламды тоқтатып «Бар да, амандас» деп жүгіртіп жіберемін. Дегенмен ел ішінде қаңқу сөз айтатындар табылады. Былтыр Ақсуатта өткен бәйгеде Жұмыртұяқпен келе жатқан Хамзаны жігіттер «Хамза, қал қалай? Бері келші» деп шақырған ғой. Хамза оларға жақындамай өтіп кеткен. Содан соң желіге жасы үлкен жігіттер «Хамза өзінше», «Жұлдыз ауруына шалдығыпты» дегендей пікір жазып кетсе керек. Хамзаның оларға жақындамауына бір ғана себеп бар. Мен оған ат үстінде келе жатып басқаларға жақындауға рұқсат бермеймін. Өйткені ол ондайда көп кісінің қолын алып, атты үркітіп немесе аяғын жарақаттап алуы мүмкін. Ал құны бір миллион доллар ат аяғын ауыртып алса, ертең ол үшін өзгелер жауап бермейді ғой. Сондықтан Хамзаға атпен келе жатып, амандасуға рұқсат бермеймін. Ал бірақ екеуіміз жаяу келе жатқанда елдер қаумалап алып, суретке түсуді сұраса, оны сол ортада қалдырып, өзім кетіп қаламын. Себебі мұндайда баламды халықтың ішінен алып шығу мүмкін емес. Ақырында, бәрінің көңілін тауып, түгелімен суретке түсіп шығады.
– Жұбайыңыз бір сұхбатта екінші ұлыңыз Исламның Хамзадан асқан шабандоз болатын түрі бар екенін, қайсар мінезді болып өсіп келе жатқанын айтқан еді. Кенжеңіз де ағасының жолын қуып, шабандоз боламын десе, қарсы болмайсыз ба?
– Жоқ, қарсы болмаймын, дегенмен оның шабандоз болғанын қаламас едім. Кенжем расымен өжет, айтқанынан қайтпайды. Алайда ол келешекте қанша жерден мықты шабандоз болса да, оның өмірі Хамзаның көлеңкесінде өтеді. Себебі көпшілік «Оның ағасы кезінде былай істеген», «Оның ағасы осыншама жүлде ұтқан» деп үнемі Хамзамен салыстырып жүреді. Оданда ол өзінің дара жолын салсын. Қыздарыма да өзгелердің емес, өз жолдарыңды салып, өз таңдауларыңа адал болыңдар деп айтып отырамын. Мен балаларымның ешбіріне өз пікірімді таңбаймын. «Сен былай істе. Сен мынаны таңда» деп бұйырмаймын. Мен 15 жылдан бері намаз оқып келемін. Осы уақыт ішінде әйеліме «Сен де намаз оқы» деп талап қоймағанмын. Уақыт өте келе өзі жығылды. Үлкен қыздарым да солай. Ал көпшілік олардың намазға жығылуына мен мәжбүрледі деп ойлайды екен. Алла куә. Тіпті де олай емес. Мен оларға ондай ақыл айтпадым. Себебі бұл – үлкен жауапкершілік. Оны алып жүру оңай емес. Қазір Хамза да қасындағы намаз оқып жүргендерге еріп, өзінше үйреніп жүр. Толық меңгерген жоқ, дегенмен өзі ынта қойып, ниеттеніп жүр. Өзім – қойшының баласымын. Жайлауда өскен мен балаларым ештеңеге мұқтаж болмасын деп қолымнан кел-генін істеп жатырмын. Алайда қарапайымдылық пен кішіпейілділік бәрінен биік тұруын қатты қадағалаймын. Бәрі бір Алланың қолында. Болашақта балаларымның қанаты қатайып, «бұғанасы» берік болғанын бағамдаймын. Өткенде анасы екеуіміз шай ішіп отырғанда Хамза кейбір жастарымыз секілді шашын қызыл түске бояп, сырға тағып жүрсе, күніміз не болады деп елестеттік. Мұндайдан Құдай сақтасын! Мақтанғаным емес, ұлым – намысшыл жігіт. Бірінші сыныпқа барғанда «Сыныпқа барғанда бірден бірінші атаман болуың керек» деп қалжыңдаған едік. Сөйтсек, өз сыныбы мен паралель сыныптағылары былай тұрсын, өзінен бір сынып жоғары оқитындарды «қырып» келіпті (күліп).
– Тоғыз жасында он екі көлік мінген Хамзаның қай жеңісін айрықша атап өтер едіңіз?
– Ешбірін бөліп-жармаймын. Бәрі ыстық. Бәрі айрықша. Ұлымның әр жеңісі бөлек. Әр сайысқа жанымызды салып тұрып дайындалғандықтан, бәріне бірдей қараймын. Ұлым айтқан ақылыма құлақ түреді. Әсіресе, ең жауапты сәтте екеуіміз құрған тактикадан танбайды. Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған бәйгеде «Саған үйдегілер, қожалықтағылар ғана емес, күллі Жетісу облысы жанкүйер болып отыр. Иненің ұшындай болсын қателікке жол бермеуің керек, балам. Қате жіберіп алсаң, үлгермей қаламыз» деп айтқанмын. Ол кезде жасы 8-де. Ұлым сол айтқанымды ақтап, бас жүлдені иеленді.
– Хамза сіздерге көршілес жатқан ауылдан шыққан, Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы Бауыржан Мырзабаевқа ұқсағысы келіп, Еуропаның үздік жокейі болуды мақсат ететінін жасырмайды. Оны Еуропадағы жокейлер мектебіне қай жастан бастап беруді жоспарлап отырсыз?
– Бауыржанды бауырымдай көремін. Оған «Менің балам саған аманат. Ертең Еуропаға барғанда жетектеп жүресің» деп үнемі айтамын. Биыл Германияға бару ыңғайы бола ма екен, білмедім. Онда балалар пониге мініп, жарысады екен. Олар далбалақтап шауып жүргенін көргенде «Хамза оларды жаяу жүріп-ақ озады ғой» деймін. Бауыржан Еуропадағы жокей лицензиясын таза өз еңбегімен алды. Хамза қазір елде жүріп, тәжірибе жинақтап жүр. Келесі жылы Қазақстанда жокей мектебі ашылады дегендей сыбыс бар. Дегенмен біздің мектепте оқығандардың әлемдік рейтингке шығуы қиындау. Сондықтан Хамзаның «іргетасын» осында қалап, кейін Англияда 15 жастан соң қабылдайтын мықты мектепке апару жоспарым бар. Онда үш жыл оқып шыққан соң, 18 жасқа толғанда әлемдік жарыстарға қатысуға мүмкіндіктер бар. Оның ол жақта дұрыс оқуы, дұрыс шабуы өзіне байланысты. Ол кезде мен оның қасында жүре алмаймын. Сол үшін қазірден бастап өз-өзін алып жүруге баулып жатырмын. Өкініштісі сол, қазір көп ата-ана баласын бос жіберген. Мен кейде ондай балаларды байқап қалсам, «Әке-шешелерің қастарыңда мәңгі жүрмейді. Ертең оларсыз қалай өмір сүресіңдер?» деп айтамын. Бір данышпан айтқандай, «Тыныш заманда әлсіз адамдар туады, ал әлсіздер қиын заманды алып келеді». Қазір әлсіздердің заманы болып бара жатыр. Көңілі тоқтар ертеңгі күнін ойламайды. Сенбессіз, алайда Хамзада әлі күнге дейін телефон жоқ. Қаншама көлік ұтып алса да, «Маған телефон алып беріңдер. Бүйтіңдер, сүйтіңдер» деген ол жоқ. Тәтелері мен қарындастарында телефон бар. Бірақ өзі ұстамайды. Оның ұстауға уақыты да жоқ. Түн батқанда шаршап үйге келеді. Анасының телефонында ойнайтын бір ойыны бар. Соны ойнап жатып, тез ұйықтап қалады. Ертесі мектепке кетеді, одан келе салып, комиссияға барады. Сосын атқа мінеді. Содан соң түннің бір уағында үйге кіргенде тамақтанып алып, «талып» ұйықтайды.
– Байқағанымыздай, қазір тек Хамзаны емес, өткен аптада Алматыда өткен республикалық бәйге чемпионатының ақтық мәресінде екінші орын алған Жоламан атты жас шабандозды да тәрбиелеп жүр екенсіз.
– Иә. Жоламан мен әкесі бізді әлеуметтік желі арқылы үнемі бақылап жүрсе керек. Жоламаның әкесі де – Талдықорған өңірінің тумасы. Кезінде өзі де бәйгеге қатысып, бірнеше көлік ұтқан. Қазір мал бағады. «Марлан аға, менің де Хамзамен жасты ұлым бар. Ол да мықты шабандоз болғысы келеді» деп қолқа салып, ақырында баласын маған қиып берді. Айта кетерлігі, ол бала интернатта оқыған. Өз артын өзі жинап, өз киімін өзі реттей біледі. Өте жақсы бала.
– «Тәрбиеңе беремін. Баламды шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоз қып бер» деп айтатындар көп пе?
– Олай айтатындар жетерлік. Алайда солай айтқан ата-аналар ақырында менің талабыма шыдай алмайды. Жоламан шабандоздың баласы болғаннан әрі интернатта оқығандықтан шыдап жүр. Біздің қатарымызға қосылғысы келетіндер бір күн шауып, ертесі күні кетемін, қалаған күні келемін дейтіндер емес. Темірдей тәртіпке бағынуы қажет әрі еңбекқор болуға тиіс.
– Бала Хамзаның арманын айттыңыз. Ал бапкер Марланның арманы қандай?
– Мен Хамзаға «Барым да, нарым да, үмітім де сенсің» деп ылғи айтып отырамын. Бір отбасыда барлығы бірдей елеулі адам болып кетпейді ғой. Біреуі ғана бір жерді жарып шығады. Сондықтан ұлыма «Үкілеп отырған үмітіміз – сенсің. Тәтелеріңнің, бауырларыңның да сүйеніші – сенсің» деп рухтандырып отырамын. Бар арманым – ұлым әлемдік рейтингке шығып, өз арманына адаспай жетсе екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет! Дегеніңізге жетіңіз!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ