Егемендік туралы декларация қалай қабылданды?
Сол сияқты әрбір дәуір мен кезеңдер де уақыт жағынан бірнеше ғасырларға созылады. Сондай кезеңдердің бірі – еліміздің қазіргі заман тарихындағы Тәуелсіздік кезеңі. Тәуелсіздік кезеңінің басқа кезеңдермен салыстырғандағы ең басты ерекшелігіне, оның уақыт жағынан өте аз уақытты қамтитыны, ал мазмұн жағынан маңызды, мән жағынан ерекше болуы жатады. Қазақ елінің өз Тәуелсіздігін жариялағалы – 33 жыл, яғни ғасырдың үштен біріндей ғана уақыт өтіпті. Осы бір қысқа ғана тарихи кезеңдегі еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстары қай салада, қандай бағыттарда болмасын орасан зор деуге тұрарлық. Ал мүмкіншіліктеріміз, тіпті де одан да күшті деуге болады.
Осы бір қысқа ғана тарихи кезеңдегі жетістіктеріміз бен табыстарымызды Ел Тәуелсіздігін алған күнмен байланыстырып жүрген болатынбыз. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – тарихымызда Тәуелсіздік жарияланған күн ретінде қала береді. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал осы Тәуелсіздікке тура жол салып берген күн – Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күні ұзақ уақыт бойы неге екені белгісіз, көлеңкеде қалып, соңғы жылдары ғана өзінің алатын орнына отырып, тұғырына қона бастады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары 25 қазан – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» қабылдаған күн ретінде арнайы мереке ретінде белгіленіп, оған «Республика күні» деген атау берілгенін бәріміз білеміз. Бұл күн және де 1992 жылдан бастап бірнеше жыл бойы елімізде мерекеленді. Бірақ та тағы да ешбір себепсізден бұл күн 2000-жылдар ішінде мерекелер күні қатарынан шығарылды, тіпті тарихи дата ретінде аталынбай кетті. Тек 2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі Президент Жарлығы бойынша 25-қазан «Республика күні» мемлекеттік мереке мәртебесіне қайта ие болды. Қазіргі кезде көптеген адам арасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған күн мен Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күнін шатастыру, тіпті оларды бір дата деп қарайтындар да бар. Соған байланысты төменде біз Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күні – 25 қазан – Республика күнінің қалай мереке болып саналатыны жө-нінде ойымызды бөліспекпіз. Тарихи анықтамаға жүінсек, 1990 жылдың дәл осы күні Алматы қаласында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының 12-рет шақырылған Жоғары Кеңесі тарихи құжат – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдаған еді. Бұл тарихи құжаттың маңызы мен мәні әрі жоғары, әрі ерекше болғаны сондай, бұл күн «Ел Тәуелсіздігіне тура апарған дара да сара жол» деп бағаланады. Олай болса, осы күн қалай тарихи датаға айналды, соған үңіліп, назар салып көрелік. Қазақ елінің тарихында XV ғасыр ортасында басталған хандық дәуір деп аталатын тарихи дәуір XVIII ғасыр басында Тәуке ханнан соң саяси бытыраңқылық кезеңіне аяқ басады да, келесі кезеңдерде одан әрі шиеленісе түседі. Оған сол ғасырда «жоңғар факторы» қосылып, жағдайды одан әрі күрделендіреді. Ақыры, XVIII ғасырдың 30-жылдары Ресей өзінің сәтті жүргізген дипломатиясы нәтижесінде қазақ билеушілерінің бір бөлігін өзіне қаратады да, қазақ жеріне дендеп ене бастайды. Ал әскери-саяси жолмен жүргізілген бағындыру саясаты XIX ғасыр ортасына таман Ресей империясына то-лықтай жеңіс әкеледі. Қазақ халқы тарапынан болған қарсылық қозғалыстар күштердің тең болмауынан және басқа да себептерге байланысты жеңіліске ұшырап отырды. 1864 жылы Ресейдің Шымкент бекінісін әскери жолмен алуы – қазақ жерін бағындырудың толығымен аяқтағанын көрсетті. Ал 1867-1868 жылдары жүргізілген әкімшілік-басқару реформасы Қазақ жерін Ресейдің толығымен бағындырғанын заңдастырып берді. Бұл реформа – дәстүрлі қазақ халқының әкімшілік-басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, оның орнына жаулап алған елдің басқару жүйесі мен әкімшілік құрылымын енгізді. Осы кезден бастап қазақ халқы толығымен отарлық езгінің қамытын мойнына ілді деуге болады. Патшалық Ресей Қазақ жерінде өзінің отарлау саясатын барынша еркін жүргізіп, жергілікті халықпен санаспады. Олардың жерін күшпен тартып алып, онда орыс шаруаларын қоныстандырды, кен орындарын ашып, өндіріс ошақтарын салды. XX ғасыр басындағы Алаш қозғалысы қазақ халқының арман-мүддесіне сай келді. Азаттыққа ұмтылған Алаш зиялылары Алашорда үкіметін құрды, бірақ азамат соғысының басталып кетуі, большевиктер партиясының жеңіске келуі алаштықтарды армандарына жеткізбеді. Жетпіс жылдай уақытқа созылған Кеңес билігі қазақ халқының азаттық туралы асыл арманын айтқызбаса да, жүрегінің түбінен суырып ала алмады. Азаттық идеясының халықтың санасында берік орныққанын жекелеген азаматтардың 1960-70-жылдардағы іс-әрекеттерінен көрініп отырды. Республика күнінің, яғни Тәуелсіздік туралы Декларацияның қандай тарихи алғышарттары бар десек, онда біз қазақ халқының Ресейге отар болған күннен бастап қарсы әрекеттерінің бәрін тарихи алғышарттарға жатқызамыз. Ал бергі тарихи алғышарттарға өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасынан басталған тарихи даму барысын жатқызамыз. 1985 жылы Қазақстан Республикасы құрамында болған КСРО атты алып империяға Бас хатшы болып М.Горбачев келіп, экономиканы қарқынды түрде дамыту үшін «қайта құру» саясатын жариялады. Өйткені Кеңес Одағында 1960-жылдардың ортасында жүргізілген экономикалық реформа алғашында оң нәтижелер бергенімен, 70-жылдарға таман Коммунистік партияның шылауында қалып, аяқсыз қалды. Сол кезден бастап экономикадағы тоқырау басталып, ол үдеріс қоғамның барлық саласы мен астарына өзінің теріс жақтарын енгізіп жібереді. 1980-жылдардың бірінші жартысында Бас хатшылық қызметке келген қартаң басшылар ешқандай батыл әрекеттерге бармады. Жаңа басшы өз бағытын «қайта құру» деп жариялап, оны жүзеге асыру үшін «жеделдету», «демократияландыру», «жариялылық» деп аталатын бағыттарды өмірге енгізе бастады. Бірақ та нақты істен гөрі құр жалаң сөзі көп бұл бағыттардың нәтижелері онша болмады. Алып империяның экономикалық даму үдерісі одан әрі тежеле бастап, көп ұзамай жалпы дағдарыс бүкіл елге жайылды. Ал ол өз кезегінде бұл үдеріс әлеуметтік өмірге кері әсерін тигізді, ал ол үдеріс ұлтаралық қатынастарға кері ықпал етті. Сөйтіп, Кеңес Одағының жекелеген аймақтарында ұлтаралық қатынастардың ушығуы күшейді де, ол дүрдараздыққа ұласа бастады. Көп ұзамай алғашқы қан төгілген ошақтар пайда бола бастады. Орталықтағы жоғары билік ушыққан мәселелерді дұрыс шеше алмады. Кеңес қоғамы және оның азаматтары 1920-1950-жылдардағы өз тарихының ақтаңдақтарын жариялылық арқылы біліп, оның себептерін Коммунистік партияның үстемдігінен, оның Сталин секілді басшылығынан деп қабылдады. Алғаш рет кеңестік кезеңде жаппай сталиндік саяси қуғын-сүргін туралы, Украинадағы голодомор, Қазақстандағы аштық туралы айтыла бастады. Осылайша, мұның барлығына Коммунистік партия мен оның басшылығы, шамадан тыс орталықтандырылған жоғары биліктің жетекшілері кінәлі делінген пікірлер үстемдік құра бастады. Міне, осы жағдайлардың бәрі жинақтала келе Кеңес Одағын құрап отырған республикалардың Тәуелсіздікке ұмтылуына, Орталықтың үстемдігінен құтылуына итермеледі. «Қайта құру» саясаты жарияланғаннан кейінгі 3-4 жыл ішінде КСРО көлемінде 70 жылдай уақытта қордаланған барлық мәселе 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының I съезінде аузы ашылып кеткен жарадай толығымен көрініс берді. Бұл съездің бір ерекшелігі сонда, ол тікелей эфир арқылы бүкіл Одаққа таратылып жатты. Осы жолдардың авторы сол кезде съездегі әр депутаттың сөзін мұқият тыңдап, ертеңіне ондағы кейбір батыл ойлар мен ұсыныстарды өз орталарымызда талқылаушы едік. Съездің ашылған күнінің алғашқы сәтінен бастап-ақ оның жұмыс бағыты Кремль басшылығы ойлағандай болмады. Грузиядан сайланған бір депутат съездің регламентіне қарамай, мінбеге шығып алып, 1989 жылы сәуір айында Тбилиси қаласында болған қырғынның құрбандарын еске алу үшін үнсіз орындарынан тұруды және сол оқиғаға қатысты съездің шешімімен комиссия құруды ұсынғаны есімізде. Одан кейін сөз алған барлық депутат өз аймақтарындағы әртүрлі түйінделіп қалған, шешімі табылмаған проблемаларды айтып жатты. Міне, осыдан кейін съезд жұмысы компартияның алдын-ала дайындап алған сценарийімен емес, ескегі жоқ қайықтай басқа арнамен, басқа бағытпен жүріп кетті десе болады. Қазақстанда Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы КСРО депутаты Мұхтар Шахановтың осы съездің бір мәжілісінде сөйлегені әлі есімізде. Жалпы алғанда, бұл съезд Кеңес Одағы экономикасының барлық саласы және бағыттары бойынша тұралап қалғанын, құлаудың немесе күйреудің алдында тұрғанын көрсетті. Сонымен бірге коммунистік идеологияның өміршең еместігін, КОКП-ның жетекшілік рөлінің төмендегенін, Мәскеудегі Орталық биліктің қауқары әлсірегенін және одақтас республикалардағы басшылықтың рөлі мен беделінің арта бастағанын көрсетті. Съезден кейін әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі тереңдей түсті де, ол ішкі-сыртқы саяси жағдайға әсер етіп жатты. Ал оны тоқтатудың, дағдарыстан шығудың жолын Орталық билік таба алмады. Дәл осы кездегі КСРО жағдайын толқынды күні теңізде ескегінен айырылған қайықшыға теңесе болар еді. Алғаш рет осы тұста Балтық жағалауындағы үш республиканың тәуелсіздік, егемендік туралы ойлары ашық айтыла бастады. Қызыл империяны сақтап қалу үшін Орталық билік 1990-жылдың бірінші жартысында федерация, конфедерация негізінде жаңа келісімдер жасау, тіпті Жаңа Одақтық шарт жасау туралы идеяларды алға тарта бастады. Сөйтіп, оның жұмысы басталып та кетті. Бірақ оған қарамай Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония өз егемендіктерін жариялап, өзге республикаларға үлгі көрсетіп, батыл қадамдар жасады. Осы кезде Қазақстанда да дәл Орталықтағыдай, Батыс жағалауындағы елдердегідей, Украина мен Грузиядағыдай болмаса да, саяси өмір жандана бастаған еді. Ол қоғамдық өмірді айқындайтын күшке айналмаса да, оның айқын көрінісі бола білді. Демократиялық күштер мен жариялылықтың ықпалымен 1989 жылы Алаш арыстары ақталып, одан кейін Желтоқсан оқиғасына қатысып сотталғандарға кешірім жасала бастады. 1990 жылы шілдеде еліміздегі барлық ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштердің бірігуімен «Азат» республикалық азаматтық қозғалысы дүниеге келіп, өз жұмысын белсене жүргізе бастады. Қозғалыстың атынан көрініп тұрғандай, оның мақсаты – елдің азаттығы, егемендігі, тәуелсіздігі болды. Елдегі мұндай саяси демократиялық үдерістер мемлекеттік билікке де әсер ете бастады. 1990 жылғы 25 наурызда республика Жоғары Кеңесінің кезекті XII шақырылымына сайлау болып, ол сәуір айында өз жұмысына кірісті. Бұған дейінгі Жоғары Кеңеске сайлаулар шексіз билікті иеленіп отырған Коммунистік партияның басқаруымен, қатаң бақылауымен жүргізіліп, әрбір депутаттыққа үміткер қатаң тексерістерден өткізілетін. Бұл жолғы сайлауда қоғамда болып жатқан демократиялық үдерістер ескеріліп, территориялық принципке сай сайлау округтерімен қатар қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтар атынан 90 депутаттық мандатқа рұқсат берілді. Соның нәтижесінде халық қалаулыларының 90 депутаттық мандатын елімізге белгілі бірнеше ондаған алдыңғы қатарлы заңгер, экономист, қоғамтанушы ғалым, жоғары оқу орындарының ректоры, шығармашылық одақтың жетекшісі, мүшесі иеленді. Барлық 360 депутаттың 7-еуі – ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, 48-і ғылым докторы мен кандидаты, 23-і КСРО мен ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының иегері, 11-і Кеңес Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ері атағын иеленгендер еді. Сайланған 7 академик сол тұстағы Қазақ елінің ұлы ғұламалары – Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Әлиев, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Айтмұхамед Абдуллин, Салық Зиманов болатын. Егемендік Декларациясын қабылдауда қоғамдық ұйымдар, ғылыми мекемелерден және шығармашылық одақтардан сайланған депутат-тұлғалар ерекше рөл атқарды. Ұлттық құрам жағынан алғанда сайланған депутаттардың 181-і қазақ, 100-і орыс, қалғандары басқа ұлт өкілдері болды. 12-шақырылған Жоғары Кеңес Төралқасының төрағасы болып ма- мандығы экономист Ерік Асанбаев сай- ланды. Бұл Жоғары Кеңес ел тарихында екі тарихи заңды қабылдауымен ерекшеленді. Алғашқы құжат – «Президент туралы» заң, осы заңға сәйкес Жоғары Кеңес 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты Қазақ КСР-нің Президенті етіп сайлады. Екінші заң – «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация еді. 1990 жылдың көктемі мен күз айлары аралығында КСРО-ның саяси өмірінде ыдырау үдерісі өте жоғары қарқынмен жүре бастады. Балтық елдерінің егемендігін басқа республикалар жалғастырып, егемендіктері туралы декларацияларын барлық республика жарыса жариялап жатты. 1990 жылдың қазан айына дейін тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана әлі жариялай қойған жоқ еді. Айтуға оңай болғанымен, бұл маңызды құжатты қабылдау депутаттар арасында үлкен идеялық, саяси күрес арқылы жүрді. Негізінен, Егемендік туралы Декларацияның үш жобасы дайындалды. Біріншісін Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын қазағы бар, орысы бар, басқалары бар, орыстілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы даярлады. Олар Декларация жобасын қазан айының басында мерзімді баспасөз бетерінде жариялап жіберді. Бұл жоба бойынша Қазақстанда көпұлтты этностар өмір сүріп жатқандықтан, жаңа қоғамды құру ұлттық мемлекеттілік тұжырым негізінде емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы қажеттігі тұжырымдалды, өйтпеген жағдайда, болашақта бұл қоғамда келеңсіз жағдайларды көп туғызады делінеді. 1989 жылы қыркүйекте қабылданған «Қазақ тілі туралы» заңның болуына қарамастан олар жасаған Декларация жобасында орыс тілі ресми мемлекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба, әрине қазақ азаматтарының қатты қарсылығын туғызды. Жоғары Кеңестің жұмыс тобы Декларацияның негізгі жобасын дайындап, талқылауға ұсынды. Қазан айының бірінші жартысы Декларация жобаларын талқылауға кетті десе болады. Сондай-ақ халық қалаулыларынан, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан, жекелеген азаматтардан көптеген ұсыныс, толықтыру, өзгеріс туралы пікірлер Жоғары Кеңеске түсіп жатты. Осылардың бәрін ескере келе, Жоғары Кеңес заңгер-академик, ұлтжанды азамат, депутат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра Декларацияның жаңа, толықтай нұсқасын, басқаша айтқанда, үшінші нұсқасын жасауды тапсырады. Салық Зиманов бұған дейін академик Ж.Әбділдиннің басқаруымен Алаш арыстарын ақтаған комиссия құрамында жұмыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс істеген С.Зиманов комиссиясы Декларацияның соңғы жобасын Жоғары Кеңеске 15-қазанда ұсынды. Жобаны талқылау өте қызу және қарқынды жүрді. Депутат Салық Зиманов басқарған жұмыс тобы әзірлеген «Егемендік туралы Декларация» Жобасының Жоғары Кеңестің мәжілісінде қалай талқыланып және қандай сындарға төтеп бергенін әрі заңгер, әрі тарихшы, әрі журналист, әрі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамед Egemen Qazaqstan газетінің өткен жылдардағы бір санында керемет қылып баяндап бергені есімізде. Стеннограммаға негізделіп мақалада жобаны талқылау барысында ондағы әрбір баптың, әрбір сөйлемнің, ашық талқылаудан өтіп, бірден дауысқа салынып отырғанын көреміз. Ақыры, ұзақ талқылаудан соң, 1990 жылдың 25 қазан, жұма күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-шақырылған Жоғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны көпшілік дауыспен қабылдады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Декларацияны 261 депутат қолдап, 71 депутат қарсы дауыс береді, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермеді. Осылайша, Қазақ КСР-і Одақ құрамындағы республикалар арасында 14-болып «Егемендік туралы Декларациясын» жария етті. «Әлемді сұлулық сақтайды» деген қанатты сөздің жалғасы іспетті «Қоғамды зиялылық бастайды» деген сөздің ақиқатын осы жерде көруге болады. Көп ұзамай Қырғыз елі де осындай заңын қабылдады. Қабылданған Егемендік туралы Декларация 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақ мемлекеттілігін құруда, қоғамды қалыптастыруда жалпы адамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынатыны айтылды. Қазақ КСР одақтағы басқа мүшелермен ерікті түрде бірігетін және олармен келісім-шарттар негізінде қатынастар жасайтын егемен ел деп жарияланды. Сондай-ақ Декларацияда Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қазақстан халқы деп жарияланды. Сонымен бірге, бұл маңызды құжатта Қазақ КСР-нің территориясы тұтас, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайдалана алмайды делінді. Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа, яғни, заң, сот және орындаушы болып бөлінетіні жария етілді. Сонымен бірге, Қазақ КСР аумағында Ата Заң мен ел заңдарының үстемдік құратыны, ел аумағындағы ұлттық байлық республиканың дербес меншігі болатыны, халықаралық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъект болатыны және ішкі саясатты өз мүддесіне сай анықтайтыны, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің Елтаңбасы, Туы және Әнұраны болатыны мәлімделді. Арада 1 жыл және 1,5 ай өткеннен соң Қазақстан Республикасы Егемендік туралы Декларациясын негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ Елінің Тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, Егемендік Декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат болып саналады. Сол себепті де, осы құжат қабылданған күн – 25 қазан ел тарихындағы аса маңызды тарихи күн болды және ұлттық мереке – Республика күні болып саналады. Мерекеміз ұзағынан болсын және құтты болсын!
Берекет КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы