Жаңалықтар

БҚО-да ауыл тұрғынын балағаттаған әкімге сөгіс жарияланды

Мой город

Қос тарап өзара сөзге келіп қалғаны, оның барысында шенеунік ауыл тұрғынына қарсы дөрекі сөз айтқаны белгілі болды.

17 қазанда Батыс Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңесте жергілікті тұрғынды балағаттаған ауыл әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлады turkystan.kz.  

«Мой город» басылымы хабарлағандай, жиында жергілікті тұрғынның шағымы бойынша Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Жамбыл Дабысқалиевке қатысты іс қаралды.

Қос тарап өзара сөзге келіп қалғаны, оның барысында шенеунік ауыл тұрғынына қарсы дөрекі сөз айтқаны белгілі болды. Отырыста ауыл әкімі кінәсін мойындады. Оның айтуынша, оқиға осы жылдың 1 қыркүйегінде Жаңабұлақ ауылында мектептегі жиналыстан келе жатқанында болған.

«Маған ауылда шөп таситын жүк көлігі жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Алдында ауыл тұрғындары жаңа асфальтты бүлдірмес үшін жүк көліктерінің біздің ауылда жүруіне рұқсат бермеуді бірнеше рет сұраған. Сондықтан арнайы шлагбауым мен жол белгілерін орнаттық. Ауыр жүк көліктеріне айналма жол салынды. Соған қарамастан жүк көлігі ауылға кіріп кеткен. Мал азығын төмен бағамен - жеті мың теңгеден сатқаны белгілі болды. Бұл ауыл тұрғындары үшін, әрине тиімді. Бірақ бұл жағдай шөп сататын Есқалиев деген адамға ұнамай қалды. Ол да шөп алып келе жатқанын, сондықтан жүк көлігімен ауылға кіретінін айтты. Мен одан айналма жолды пайдалануды өтіндім. Оны бала кезімнен білемін, бірге өстік. Ол дөрекі сөйлей бастады. Сол арада куәгерлер де бар. Мен де шыдай алмай, айтарымды айтып тастадым», – деп түсіндірді әкім өз әрекетін.

Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері кез келген жағдайда мемлекеттік қызметші өз эмоцияларын тежеп, арандатушылыққа бой алдырмауы тиіс екенін атап өтті. Осылайша Жамбыл Дабысқалиев сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.