Ұрпақ сүйгің келсе, ерте емдел
2023 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы балалар саны 6,5 миллионға таяу. Бұл жалпы халықтың шамамен 33,5 пайызы, яғни елдегі әрбір үшінші адам – бала. Елімізде туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып отыр. Мәселен, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты болғанымен, 2022 және 2023 жылдары кейбір аймақтарда демографиялық өсімнің сәл төмендеуі байқалған. Мұның себептері де әртүрлі. Біз бүгін ұрпақ, бала, донорлық мәселесін қаузап көргелі отырмыз.
20-25 пайыз отбасында мүлдем бала жоқ
Тақырыпты жан-жақты қамту үшін еліміздегі отбасылар туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын біраз ақтардық. «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» 2021 жылы ажырасқан ерлі-зайыптылар арасында ішкерілей сұхбат жүргізе отырып, «Ажырасу және оның салдары» әлеуметтану зерттеу нәтижелері бойынша талдама есебін жариялапты. Әр түрлі зерттеу мен сауалнамалар барысында алынған нәтижелер ажырасудың бірнеше себебін анықтаған. Респонденттер ажырасуға зиянды әдеттер (маскүнемдік, ойынқұмарлық, есірткіге тәуелділік), махаббат сезімін жоғалту, қызғаныш, отбасылық міндеттерге жауапсыздық таныту (материалдық қаражаттың жетіспеушілігі, жұмыссыздық), ерлі-зайыптылардың опасыздығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мінез-құлықтың сәйкес келмеуі, көзқарастарының ұқсамауы, ата-ананың және басқа туыстардың араласуы, балалардың болмауы себеп болғанын айтқан. Аталған зерттеу ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың жиі ажырасатынын көрсетіп отыр. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Елімізде ұрпақ сүйе алмағандықтан 34,9 пайыз отбасы ажырасып кетеді. Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Жалпы, қазақстандықтардың шамамен 20 пайызы ортақ бала болмаса, ажырасқан жөн деп санайды екен. Былтырғы мәліметтерге сәйкес елімізде 20-25 пайыз отбасында мүлдем бала жоқ. Бұл пайыздық көрсеткішке бала сүймеген немесе балалы болуды кейінге қалдырған отбасылар кіреді. Баласы жоқ отбасылардың саны көбіне экономикалық және әлеуметтік факторлармен, соның ішінде урбанизациямен, мансапқа басымдық берумен, сондай-ақ денсаулық немесе бедеулік мәселелерімен тығыз байланысты. Денсаулық сақтау министрлігі елімізде сәби сүйе алмай жүрген ерлердің орташа жасы 37, ал әйелдердің орташа жасы 34 деп мәлімдеді. Жалпы, ЭКО, донор арқылы балалы болған отбасыларда ажырасу сирейтіні жиі айтылып жүр. Өйткені перзент сүюді көптен армандаған ерлі-зайыптылар бала өмірге келген соң жағымды эмоциялық сезімдерді бастан кешіп, отбасының беріктігі нығая түседі екен.
Тұрғындардың 52,5 пайызы дәрігерге қаралмайды
Бізді 2022 жылы жарық көрген «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасындағы «Ерлердің және әйелдердің репродуктивті денсаулығы» тарауындағы мәліметтер қызықтырды. Елімізде 2021 жылы 18 және одан жоғары жастағы адамдардың репродуктивті денсаулығына әсер ететін несеп-жыныс жүйесі ауруларының жиілігі ер азаматтарға қарағанда (274 044 жағдай) әйелдер арасында (878 524 жағдай) жоғары екен. Айырмашылық 604 480 адам. Сонымен қатар несеп-жыныстық жүйесінің бүйрек және несеп жолы тастары сияқты аурулары әйелдер мен (12 495 адам) қатар ерлерде де (10 819 адам) бірдей екенін байқадық. Бүйрек тубулоинтерстициальды ауруы әйелдерде – 226 484 жағдай, ал ерлерде – 97 284 жағдайды құрайтыны алаңдатады. Сондай-ақ әйелдерде жатыр мойны эрозиясы мен эктропионы жиі кездесетіні айтылады. Ерлердің бедеулігі 2020 жылы 1 372 пациентте кездессе, ал 2021 жылы 1 515 ер-азамат тіркелген. Әйелдердің бедеулігі 2020 жылы 16 187 пациентте, ал 2021 жылы 19 880 әйелде болған. Яғни, байқағанымыздай, елімізде ерлер және әйелдер бедеулігі артып отыр. Бұл жерде біз тек тіркелген ер мен әйелдер санын ғана көріп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Ауруын жасырып жүрген ерлі-за- йыптылардың нақты саны қанша екенін ешкім білмейді. «Қазақстандық отбасылар» жинағынан отандастарымыздың репродуктивті денсаулық жағдайы туралы әртүрлі деректерді көзіміз шалды. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 52,5 пайызы соңғы 5 жылда репродуктивті денсаулықты қорғау (дәрігерлерге тексерілу, скринингтен өту) саласындағы қызметтерді пайдаланбағанын көрсеткен. Қалған 44,8 пайызы ғана дәрігерге қаралып тұратындарын айтса, 2,8 пайызы жауап беруге қиналған. Дәл осы сұраққа ер адамдар әйелдерге қарағанда «иә» деген жауапты 1,5 есе аз таңдаған. Бұл да біраз мәселенің бетін ашатын мәлімет екенін ішіміз сезіп отыр. Бұл сөзімізді соңғы 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдаланған ер адамдардың үлесі – 34,4 пайыз, әйелдер 53,4 пайыз деген статистика да қуаттай түседі. Бұл ер-азаматтардың репродуктивті денсаулықты сақтау мақсатында міндетті скринингтік тексеруден шұғыл өту қажет екенін көрсетеді дейді мамандар.
Жүктілікке дайындалу – жауапты кезең
Дәрігерлер 35 жасқа дейін тұрмысқа шыққан әйелдер бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, күйеуімен бірге гинеколог, репродуктолог мамандарға қаралу керегін айтады. Ал 35 жастан асып тұрмыс құрса, жүкті болу мерзімін алты ай ғана күтуі керек. Яғни, жарты жылдың ішінде жүкті болмаса, дереу мамандарға қаралуы тиіс. Өйткені жас ұлғайған сайын ұрық саны азайып, сапасы төмендейді. Ал балалы болуды жылдар бойы күтіп жүргендер 40 жаста мүлдем ұрық қалмайтынын түсінуі керек дейді мамандар. Донорлық жұмыртқа жасушалары өздігінен жүкті бола алмайтын әйелдер үшін – балалы болудың бірден-бір жолы. Медицина саласында мұндай әйелдерді екі үлкен топқа бөліп қарастырады. Бірі – әйелдің жұмыртқа жасушалары жоқ немесе бала көтеруге жарамсыз.
– 40 жастан кейін ЭКО жасаудың өзі нәтижесіз болуы мүмкін. ЭКО-ны қырықтан асқандарға донорлық ұрықпен жасайды, ал оған ұрынбас үшін ер мен әйел уақытылы отбасын құруға тырысуы керек. Әйел заты 30 жасқа толғанға дейін 1-2 балалы болғаны дұрыс, табиғаттың заңы сондай. Бірақ бүгінде әлеуметтің заңы басқа болып тұр. Қыздарымыз оқу, қызмет, мансап қуып, жағдай жасаймын деп жүріп кеш тұрмысқа шығып, әлеуметтік бедеулікке тап болып жатыр. Бүгінде кеш тұрмысқа шығу, әке болуды кейінге шегерудің зардабын тартып жатқандар аз емес. Жас ұлғайған сайын балалы болу мүмкіндігінің де азаятынын ұмытпаған дұрыс, – дейді биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.
Профессордың бұл сөзін дәрігер-репродуктолог Ислам Ерғалиев те құптайды. Оның айтуынша, егер ерлі-зайыпты үйленгеннен кейін бір жылдың ішінде жүктілік болмаса, бұған ер де, әйел де бей-жай қарамауы керек.
– Репродуктолог маман ерлі-зайыптының денсаулығындағы кінәратты дер кезінде анықтап, лайықты емдеу тәсілдерін ұсынады. Адамның өзінің және жұбының денсаулығына қамқорлық танытуы – толыққанды отбасын құру үшін өте маңызды фактор. Балалы бола алмай жүргендерге жолдасыңыз да, өзіңіз де міндетті түрде дәрігердің тексерісінен өтіп, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына көңіл бөліңіз дегім келеді. Өйткені жүктілік процесіне дайындалу – әр жұп үшін жауапты кезең. Бұл кезеңде физикалық, психологиялық және эмоционалдық денсаулықты нығайту қажет, – дейді дәрігер-репродуктолог.
Ерлердің ұрығына сұраныс жоғары
Маман соңғы жылдары елімізде ер адамдардың ұрығына сұраныс артып келе жатқанын айтты. Бұған көбінесе қыздарымыздың тұрмысқа шықпауы себеп екен. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Бұрын қыздарымыз ер адамның биоматериалын шетелден таңдайтын. Бұл оларға моральдық жағынан да, қаржылық жағынан да қиынға соғатын. Ал қазір қазақтың қыз-келіншектері қазақтың ұрығын сұрайды екен. Нәзік жандылар бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарайтын көрінеді. Олар донордың қай жерде туып-өскенін, руын білгісі келеді. Негізінен, әйелдерге жалпылама анкеталық мәлімет қана ұсынылады. Олар еркектің ұрығын анкетадағы осы сипаттары бойынша таңдайды. Онда ер адамның ұлты, руы, бойы, салмағы, білімі, бала кезіндегі фотосы көрсетіледі. Елімізде ерлердің биоматериалына сұраныс артқанымен, донор тапшы.
– Бүгінде ер адам ұрығының бір порциясы 40 мың теңгеден басталады. Он рет тапсырса – 400 мың теңге. Ұрық тапсырушылар саны көп емес. Көбінде ерлер «Бір рет тапсырып көрейінші» деген қызығушылықпен келеді. Алайда 10 адамның тек екеуінің ғана биоматериалы донорлыққа жарамды болып шығады. Ұрығы жарамаған еркек балалы бола алмайды деген сөз емес. Баласы бар еркектердікі де жарамсыз болып жатады. Бұл олар белсіз немесе енді ұрпақ сүйе алмайды дегенді білдірмейді. Тек донорлық ұрыққа қойылатын талап өте жоғары болғандықтан ғана «сыннан» өтпей қалады, – деп түсіндірді уролог Арман Есенұлы.
Маманның талап жоғары деуі бекер емес. Ең әуелі ұрықты 200 градусқа дейін қатырып, сосын ерітеді. Бұл биоматериалдың қаншалықты шыдамды екенін көрсетеді. Мәселен, жыныстық жолмен жұғатын адамның иммундық тапшылығының вирусы, мерез, сары аурудың В, С түрлеріне тексереді. Бұл тексеруден соң ұрықты тағы үш айға қатырады, сосын қайта тексеріп барып, тағы үш айға қатырады. Яғни, ұрық алты ай карантинде болады. Зерттеу қорытындылары жақсы нәтиже көрсетсе ғана оны қолдануға болады. Биоматериалдан жоғарыда аталған ауру түрлері анықталса, ол ұрық жарамсыз деп есептеледі. Елімізде донор санының жетіспеушілігін дәрігер-репродуктолог Ислам Ерға-лиев менталитетімізбен байланыстырады. Оның үстіне берілетін сыйақы мөлшері де аз. Оның айтуынша, 100 ер адамның 5-6-сының ғана ұрығы толық талапқа сай келеді.
– Ер адам ұрығының сапасының жарамсыз болуының ең бірінші себебі – ұрық түзілетін аталық бездің әртүрлі аурулары, екіншіден артық салмақ, зиянды тамақ, үшінші – генетикалық бұзылыстар, төртіншісі – иммундық бедеулік, бесінші жыныстық жолмен жұғатын инфекциялық аурулар, алтыншысы туа біткен жыныстық ақаулар, – деп талдап берді маман.
Донор орталықтарын зерттегенімізде биоматериалдар сыйақысының да әртүрлі екенін байқадық. Ерлердің ұрығы кей орталықтарда 40 мың болса, кей жерлерде 80 мың теңгеден басталады екен. Әйелдердікі де солай. 100-120 мыңнан 350 мыңға дейін. Бұл мәселеде тағы бір олқылық на-зарымызды аударды. Елімізде өзінің биоматериалын өткізетін ер-азамат-тардың нақты саны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі олардың саны 200-ге жуық дейді. Нақты санының белгісіз болуының басты себебі донорларды тіркейтін ортақ база жоқ. Министрлік алдағы уақытта цифрлық технологияға сүйеніп, ооцит және шәует донорларының бірыңғай регистрін жасауды жоспарлағалы бірнеше жыл өтті. Алайда бұл істің алға жылжитын түрі байқалмайды. Өйткені біз хабарласқан барлық орталық ортақ базаның әлі құрылмағанын жеткізді. Шетелде мұндай жүйелер әлдеқашан жолға қойылған. Алайда ерлер мен әйелдердің биоматериалдарын сақтауға әлемнің біршама елінде тыйым салынған. Дамыған Германия, Италия, Оңтүстік Корея сынды елдер мен көршілес Өзбекстанда ооцит донорлығына мүлдем рұқсат жоқ. Ал Францияда бұл құпия түрде іске асырылады екен. Қазақстанда донорлықты жүргізу және жыныстық жасушаларды сақтау ережесі Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен жүзеге асырылады. Донорларға қойылатын талаптардың барлығы заң шеңберінде жасалған. Донор өз биоматериалын 10 реттен артық бере алады, бірақ оның ұрығынан 10 бала туса, бұл донордан алынған биоматериалды одан кейін қолдануға болмайды. Яғни, бір донордың биоматериалынан 10 бала өмірге келсе, оның биоматериалы пайдаланылмайды.
Урологқа бару ұят емес
Шыны керек, біздің қоғамда ер адамдардың урологқа қаралуы ұят саналады. Осы бір стереотиптен арылатын да кез келген секілді. Өйткені қоғам таңып берген жалған намысты баладан биік қою арқылы көптеген жылын жоғалтқан отбасылар аз емес. Оның үстіне, отбасында бала болмаса ең әуелі әйелдің денсаулығына жабатын қасаң көзқарастың да әлі тігісі сетіней қоймады. Өзі- міз сырттай бақылаған осы жайт туралы уролог Арман Есенұлынан сұрағанымызда:
– Ерлер арасындағы мұндай стереотип жайлап бұзылып келе жатыр. Көзі ашық, білімді жастар үйленерден бұрын денсаулығына мән беріп, тексерілуге келіп жатады. Алайда сіз атағандай көзқараспен өмір сүріп жатқандар әлі де бар. Олар әсіресе еліміздің шалғай елді мекенінде тұратындар, – деді дәрігер.
Маманның айтуынша, донорлар туыстық және тұрақты деп бөлінеді. Мәселен, ер адамның табиғи жолмен балалы болу мүмкіндігі жоқ болса, бауырының биоматериалын пайдалана алады.
– Егер бауыры болмаса, ұрықты криобанктен алады. Алайда мұндайға келісетін әйел бар, келіспейтін әйел бар. Шариғат бойынша мұндай донорлыққа тыйым салынғандықтан, біз оларға бала асырап алуды ұсынамыз. Осы арада мәселе айна-лып шариғатқа тіреледі. Кейде ерлі-зайыптылар донорлық жолмен балалы болуға келіспей жүріп алады да, он жыл-дан соң ойларынан айнып жатады. Алайда балалы болу кезінде әр жыл маңызды, әйелдің ағзасы жыл өткен сайын балалы болуға қарсы жұмыс істей бастайды. Бұл – жаратылыстың заңы. Сондықтан неғұрлым ерте қимылдап, тезірек шешім қабылдаған дұрыс, – дейді уролог Арман Есенұлы. Ғылым дамыған сайын адамның балалы болу мүмкіндігі де артып келеді. Бүгінде шетелде жастар өздерінің биоматериалын алдын ала сақтап қояды. Мұның басты себебі – олардың отбасылық өмірге асықпайтыны, кеш үйленіп, жасы келгенде тұрмысқа шығатыны. Сондай кезде балалы бола алмай жатса, сақтаулы тұрған өз биоматериалын пайдаланады. Жұмыртқа жасушаларын қатырып сақтауға және бір себеп – қатерлі ісік. Шетелде егер әйел жаман ауруға шалдықса, химия, сәулелік емдерді бастамас бұрын аналық жасушасын қатырып қоюды ұсынады. Себебі мұндай емнен кейін аналық ұрық қалмайды, әйел табиғи жолмен жүкті бола алмайды. Ал бүгінгі медицина аналық ұрықты 5-15 жылға дейін сақтауға мүмкіндік береді.
Ерлер бедеулігі 50 пайыздан асады
Соңғы мәліметтерге жүгінсек, ерлер бедеулігі 50 пайыздан асып бара жатыр. Уролог-андролог дәрігер Бахадыр Ташпұлатов соңғы 30 жылда 20-30 жас аралығындағы жігіттердің өзінде спермограмма көрсеткіштері нашар екенін айтты.
– Ерлердің репродуктивті денсаулық сапасының нашарлауына күйзеліс, қолайсыз экология, дұрыс тамақтанбау, семіздік, ұйқының бұзылуы әсер етеді. Ал бедеуліктің ең кең тараған екі себебі бар. Біріншісі – туа біткен бедеулік, екіншісі – жүре пайда болған аурулар. Бүгінде спортпен айналысатын ер адамдардың арасында да бедеулік кездеседі. Өйткені олар бұлшықеттерін жасанды түрде өсіреді, дәрігердің келісімінсіз түрлі пре-паратты қабылдайды. Сондай-ақ шылым шегу және ішімдік ішу де ерлердің денсаулығына кері әсер етеді, – дейді уролог-андролог дәрігер.
Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин бедеуліктің 35-40 пайызы әйел денсаулығына, 30-35 пайызы ерлерге қатысты, ал қалған 30 пайыз жағдайда ерде де, әйелде де кінәрат шығады дейді.
– ЭКО жасауға келген ерлі-зайыптылар арасында ерлердің бедеулігі – 51 пайыз. Бүгінде ұрықтың сапасы әлсіреп, санының азаюына инфекциялар, дұрыс тамақтанбау әсер етіп отыр. Сондықтан біз тексеруді ылғи да ер адамнан бастаймыз. Әрбір ер- азамат некеге тұрар алдында спермограмма жасатса деймін, ал үйленбей тұрып екеуі кариотиптерін анықтаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кариотип – адамның хромосомаларының жиынтығын, олардың мөлшері, саны, пішіні секілді барлық сипаттамасын көрсететін зерттеу түрі. Бұл әдістің бағасы да қолжетімді. Ал әйелдер гормонға анализ тапсырып, УДЗ жасатып, гинекологиялық ауруы бар-жоғын анықтап алса, қаншама бедеуліктің алдын алуға болар еді, – дейді Вячеслав Локшин.