T-Newspaper

Ғайникен апайдың ғажайып әлемі

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адамның өмірі қызық қой, кейде маңайыңдағы қаншама кісінің ортасында жүріп жалғызсырайсың. Шындап қарасаң, күнде алыс-беріс болып жүрген жандардың саған мүлде сәйкеспейтінін түсінген шақта, адам болмысының соншалықты күрделі һәм жұмбақ екеніне қайран қаласың. Сондай сәтте, өзі жырақта жүрсе де, жаныңа жақын бір жанның сұлбасы миыңда жылт ете қалады. Сол мезетте-ақ, мынау жапан дүниеде, шексіз кеңістіктікте жалғыз еместігіңді сезінесің, бойыңды бір сенім мен өмірге деген құштарлық керней жөнеледі. Маған сондай әсер берген, іштей үнемі іздейтін адамдарымның бірі – Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова. 

Ғайникен апайды танығалы ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Содан бері менің жанымды айтпай ұғатын, үнемі жасы үлкендігіне қарамай, телефон шалып, іздеп тұратын бір жанашыр жа­қыныма айналды. Мен де Алматыға барсам, Ғайникен апайға соғып, сырлас­пай кете алмаймын. Сонда аңғаратыным, Ғайникен Айдарханқызы қазақ өнері мен әдебиетінің, ғылымының, тіпті, билігінің қай дәуірдегі өкілдері болса да,  айналып соғып тұратын алтын қазығы секілді. Руханияттың нәр берер діңгегі секілді. Олай болмағының негізі оның ел рухания­тына  еткен  есепсіз  еңбегі мен Күн секілді таусылмайтын адами шуағының қуатында  жатса керек. Оның Аспан кеңістігінен ғана берілетін адам баласына тән ғажайып әлемінде жатса керек.  Сонау кеңес заманында ат тізгінін тартып мінген шақтан-ақ, елдің руханият әлеміне жетекші болғанын, қаншама жандардың қамқоршысы, тілекшісі, біреуге әпке, біреуге апа болғанын «елу жылда жаңарып» кеткен  жұрт біле ме екен?.. Мүмкін білер, мүмкін білмес! Біл­мейтіндер болса, оған «кешегі кеңес кез­еңін­дегінің бәрі жаман» деген біржақты, негізсіз пікір айтушылар кінәлі шығар. Білсе, онысына өкінбейтін болар деп ойлаймын. Әйтпесе, Балқаш көлінің жағасындағы аядай Көкжиде аулында туып, Лепсі өзенінің сағасында өскен қарапайым қазақ қызының осынша парасатты, осынша сезімтал, осынша Арлы, Намысты болып өсуі, елдің рухын сақтауға саптағы сардардай бүкіл ғұмыр­ын арнап келе жатқаны тегіннен тегін болмаса керек. Ғайникен апай: «Әкем Ай­дар­хан мен анам Ажархан, өздері ауыр балалық шақты бастарынан кешкендіктен болар,  тоғыз бала сүйіп, бізді бетімізден қақпай, отбасының шуағына бөлеп өсірді. Менің әдебиетке, мәдениетке, әдемілікке жақын жүретінімнің сыры – анам Ажарханға байланысты-ау деймін. Ол кісі көне қазақ әдебиетін жақсы білетін, өзі өлең де шығаратын… кешке қарай бала­ларын жинап алып, өзіне ғана тән сұлу әуенімен «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ләйлі – Мәжнүн», «Алпамыс батыр» т.б. жырларды, хикаяларын айтып отыратын» деп еске алады. Айтса айтқан­дай, ол заманда ешкімнің маңдайы шыл­қып жүрмеген шақ еді. Жетістік пен биікке тек өз еңбегің мен білімің арқылы ғана жететінін ерте түсінген Ғайникен Айдарханқызы жастайынан оқу-білімге ден қояды, қоғам жұмысына араласады. Бүгінгі ұрпақ мұрнын шүйіре қарайтын комсомол қатарында жүріп, қоғаммен байланысы арта түседі. «Ол заманда бәрінің өмірі осылай болатын» деуіңіз мүмкін-ау, десек те, Ғайникен Айдархан­қызы жүрген жол қашан да жемісті, қашан да ерекше болғаны екінің бірінің пешене­сіне жазыла бермесі анық. Екі дәуірдің бел ортасында тізгін ұстаған қазақ қыздары көп емес. Солардың бірі һәм бірегейі – Ғайникен Бибатырова. Әсіресе, сонау кеңес заманы ыдырар кезде әрі-сәрі күй кешкен қоғам түгілі биліктегі азаматтарға да оңай болған жоқ. Жаны нәзік, өте мәдениетті Ғайникен апайдың іскерлігін бағалап, кезінде Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі сонау Жамбыл облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығынан Алматыға, орта­лыққа алдыруға ықпал етеді. Бұл 1986 жыл еді... көп ұзамай апалаң-топалаң басталып кетті. Қазақстан билігі басына сайда саны, құмда ізі жоқ Г.Колбин (1927-1998) келді. Орталық комитеттің бірінші хатшылы­ғына Г.Колбиннің келуі неше ғасырлық құлдық қамыт шіріп, тұтас ұлттың да, ұлыстың да кеудесін от қысып тұрған күрделі уақыт тұғын. Осы кезеңдерде мәдениет министрлігің де міндеті аз болмады. Жамбыл облысынан жақында ғана қызмет ауыстырып келген Ғайникен апайдың Димаш Ахметұлымен  пәтер туралы алдын-ала келісімі болыпты. «Совминнің» пәрмені күшті уақыт. Өйткені ол кезде қазіргідей әке-көкесінің, қалтасының арқасында, ненің не екенін білмесе де, билікке жету мүмкін емес еді, «Совминге» ел басқарудың барлық деңгейінен өтпеген, білімі жетпейтін мамандар қызметке өсе алмайтын еді. Жастайынан іскерлігімен, білімділігімен танылған Ғайникенді Қонаевтың баға­лауының да жөні жоқ емес. Сол кездерде қазақ даласындағы әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият Мәскеуге жиі барып, өнерлерін паш ететін. Ал ондай жерлерге әбден сұрыпталған, нағыз таланттарды ғана алып барып, жолын ашатын кездер еді. Жас таланттарды табу, оларды тәрбие­леуде сол кездегі үкімет пен партияның кешенді жоспарлары, нақты әрекеттері болатын. Халықаралық симпозиумдар, әлем әдебиетшілерінің жиыны, бүкіл­одақтық фестиваль, байқаулар, оларға қатысу үлкен мәртебе. Осындай ұйымдас­тыру жұмыстарын атқаруда Ғайникен Айдарханқызы үлкен өнегелі істер атқарды…  Ауыс-түйіс… 1986 жылдан кейін жағдай да, жұрт та күрт өзгерді. Әлгінде Қонаев уәде еткен пәтер жоқ, отбасымен әрі-бері пәтер жалдау әбден шаршатады, сол кездегі Мәдениет министрі Жексембек Еркінбеков өте мәдениетті, жұмсақ кісі болыпты, орынбасары Ғайникен Бибатыр­ованың: «Қонаевтың берем деген пәтерін алуға көмектесіңіз, орталық комитет­тегілерге бірауыз айтыңыз» деген өтінішіне ат-тонын ала қашады. Өйткені орталық­тағылар пәтер мәселесімен Колбиннің өзі ғана айналысып отырғанын, оның елдің жақсысы мен жайсаңдарын білмейтінін, тіпті білгісі де келмейтінін айтады. Ғай­никен апай әрине, оған өкпелемейді, өзі бас хатшы Г.Колбиннің қабылдауына жазылады. Г.Колбиннің алдына өзінің Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғағанын, Жамбыл облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығынан Мәдениет министрінің орынбасары болып ауысып келгенін, оған Димаш Ахметұлының «пәтер беремін» деген уәдесі болғанын айтады. Сонда Г.Колбин: «Ой, не көп, ғалым көп, әртіс көп, бәріне үй керек…» деп үдете сөйлеп, тіпті бір кезде: «Сізді сонау провинциядан (Жамбыл қаласын айтқаны) орталыққа, министрдің орынбасарлығына қалай алып келген?» деп дөрекілік танытады. Сонда Ғайникен Айдарханқызы: «Сіздің туған облысыңыз Ульяновскіні де провинция емес дей алмаймыз» деп тайсалмай жауап қайы­рады. Ғайникен Айдарханқызының бұл жауабы сол уақыттағы бүкіл қазақ дала­сының атынан айтылғандай, «сонау Ресейдің бір түпкірі Ульяновскіден іргелі елге Орталық комитеттің басшысы болып келетіндей өзің кімсің?» деген миллион­даған қаракөздің сұрағы еді. Ондай тосын реакция күтпеген болуы керек, Мәскеу тағайындаған Колбин әп-сәтте аңтарыла қарап, «Жарайды, министріңізбен сөй­лесем» деп сылдырта сөйлеп, шығарып салады. Бар-жоғы 2-3 минуттық тілдесу Колбинге қазақ халқының кім екенін, қазақ қыздарының қандай екенін ұғын­дырса керек.  Еңкейіп құлдық ұра қоймай­ты­ны­нан тайсалды ма екен, 2 аптадан соң, іле-шала Орталық секретариатқа Мә­дениет министрінің орынбасары   Ғ.Бибатырованың атқарған жұмысы туралы есеп беру тыңдауы қойылады. Одан биік басқа да лауазымдар бола тұра, не де болса, сол тыңдауда партияның тезіне салып, сындырып-ақ жіберуді көздеген болуы керек. Оны естіген Мәдениет министрі Ж.Еркімбеков: «Ғайникен-ай, не бүлдірдің, не бүлдірдің?» деп шыр-пыры шығып, қазақтың бір қызының тағдырына балта шабыла ма деп қатты қауіптеніпті. Сонымен, тыңдау болады. Мәскеудің де қабағы Қазақстанға қатулы, келген Колбиннің де қылышы қайраулы. Өз жұмысынан ешқашан мүдірмеген, аймақта да, орталықта да ауқымды идеологиялық жұмыстар атқарған Ғ.Бибатырова тап-тұйнақтай етіп, баяндама жасайды. Тыңдауға  партия мүшелерімен бірге өнер қайраткерлері, мүйізі қарағайдай жазушылар түгел қатысады. «Обалына не керек, жазушылар мен өнер адамдары мені қызғыштай қорғады: «Осы қыз келгелі бізге дамыл жоқ, ана жақта Ғабеңнің мерейтойы, мына жақта Сәбеңнің кездесу кеші, біздің барлық арызымыз бен жоғымызды түген­деп келеді» деп жарыссөзге шыққанда ағынан жарылды. Колбин де таңырқап: «Шынымен, солай ма?» деп айтарға ештеңе таппай, «Мен қызметімді абыроймен сақтап қалдым» деп еске алады Ғайникен апай. Осындай әңгімелерін тыңдасаң, «Ойпырм-ай, қазіргі министрлер түгілі, министрліктің қарапайым қызметкері бір ақынды не бір жазушыны тани ма екен?» деп ойланасың… Ойланасың да, қаншалық­ты құлдырауға түскенімізден шошисың… Өз басым Ғайникен апаймен таныс­қанымда ол кісі Алматыдағы Ғалымдар үйінің директоры болатын. Ең алғаш менің шығармашылық кешім де сол қара шаңырақта Ғайникен апайдың ұйым­дастырумен өтті. Егер жазатайым, теңіздей Алматыдан біреуді іздеген болсаңыз, сол уақытта ол Ғалымдар үйінен, Ғайникен Айдарханқызының маңайынан табыла­тындай көрінетін. Ең құрығанда, іздеген адамыңыз туралы деректі де сол жерден естисіз. Қазір іздеген адамыңыз өзіне керек болмасаңыз, таптыра қоймайтына әбден үйрендік. Бір кезде Д.Қонаев пен Байкен Әшімовтің қамқорлығымен салынған Ғалымдар үйін «Қаныш Иман­тайұлынан қалған қара шаңырақ» деп қастер тұтқан үлкен орда бір кезде талан-таражға түскен сәттері де болған. Тәуел­сіздік алғаннан соң, ескі мұраларды сақтаудың орнына, жекешелендіріп, сатып, орданы жын-ойнаққа, отауды құмарханаға айналдырғанымыз ащы шындық. Сол кезде Алматының қақ ортасындағы еңселі ғимарат Ғалымдар үйі де біреулерге көздің құрты болды. Тек Ғайникен Айдарханқызының ұйқысыз күрескенінің, қалталы күштілермен тынбай  тірескенінің арқасында аман қалған еді! Ерлік емей немене?! Сол қара шаңырақта Алматыдағы зиялы қауымның басы қосылатын, елдіктің әңгімесі, ерліктің шежіресі айтылатын. Жақсы жыр кештері оқылып, ән әуелейтін. Әрине, Ғайникен апай директор болып тұрғанда. Белгілі композитор, жазушы Ілия Жақанов: «Ғалымдар үйі қайнап жатқан өнер ордасы, әлемге әйгілі әншілеріміз Бибігүл мен Әлібектен бастап, мұнда небір жарқын таланттар жарқырады. Бұл сарайды біз «Алтын Ордамыз» деп мақтанамыз» деген екен.   Қазір… Ғалымдар үйіне кірмегелі көп жылдар өтіпті… Мүмкін енді кірмей өтетін шығармыз… Кешегі ғасыр қазақ әдебиеті мен өнеріне, ғылымына теңдессіз тұлғаларды тарту етсе, олардың қалыптасып, орны­ғуына, танылуына еңбек еткен тұлғаларды мен олардан бөліп қарай алмаймын. Солардың атын біліп, кейбір өзім көзін көргендерін тізбелесем, көзіме еріксіз жас үйіріледі. Өнер тізгінін Өзбекәлі Жәнібеков, Ғайникен Бибатырова, білім тізгінін Шәмша  Беркімбаева, идеология тізгінін Әбіш Кекілбаев, ғылым тізгінін Қаныш Сәтбаев,  М.Әуезов т.б. ұстаған дәуір не деген жемісті еді! Осы күні халық талант тумай отырған жоқ, сол талант­тарды ұлықтайтын, ұқсататын  механизм мен рычагтар жұмыс жасамай отырғаны қынжылтады… Ғайникен апайдың: «Академиктерім сарқылып, ұлылар көші ұзап барады» деп мұңаятынын жиі көре­мін. Десе дегендей, Ғайникен апай бүкіл ғұмырын, барлық күшін еліміздің руха­ния­тына арнаған жан. Тіпті, оның тыныс-тіршілігі де, жинаған байлығы да осы – руханият адамдары. Халқымыздың ардақты ақын қызы Фариза Оңғар­сыновамен оның соңғы күніне дейін жұбы жазылмай, құрбы-дос болып сыйласты. Фариза апай да Ғайникен Айдарханқызы туралы: «…егер елімізде адамның еңбегін, адалдығын, қадір-қасиетін қастерлеп тізетін Құрмет кітабы болса, соның бір бетіне Ғайникен Айдарханқызы Бибатыр­ова есімі алтын әріппен жазылар еді. …Ғайникенді білетін мыңдаған қарапайым адамның жүрегіне әлдеқашан өшпес әріптермен жазылып қалған. Сондықтан да олар: «Ондай адам жоқ қой!» деп жүре­гіңді дір еткізер сағынышпен айтады…» деп толғана очерк жазған еді.  Еліміздің ардақты перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиевтің (Хакім Тілегенұлы): «Қолынан жақсылық жаса­ғаннан басқа дәнеңе келмейтін бір адамды білсем, ол адам – Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова!» дегені Ғайникен апай болмысына берілген шынайы баға. Ал Еркеғали Рахмадиевтің: «Қазекем: «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген болса, Ғайникеннің кім екенін білетін адам: «Сол бақыр бастың талайы­нан Бибатырова әлдеқайда артық!» дейтіні сөзсіз. Менің де айтарым – осы!» деп бағалуы, Ғайникен Айдарханқызының кім екенін танытса керек. Азаматтық келбеті, адамдық болмысы  Әбділдә Тәжібаев, Кәкімбек Салықов, Мұзағаң Әлімбаев, Тұмағаң Молдағалиев, Күләш Ахметова, Маралтай және көптеген ақынның жырына арқау болған, бүгінде 90 жасқа толып отырған Ғайникен апайды мен сонау ұлылардан қалған Көздей көремін. Әрине Көзді де көруге көз керек! Қазіргі мансап пен байлық қуғандарға ол көз көріне қоя ма?..  Сөйлесе қалсаң, әлі елдің болашағына алаңдауды, жанын қоярға жер таппайды. Өз басынан гөрі, Өзбекәлі­нің өнегесін, академиктер Әбдуали Қайдаровтың, Рәбиға Сыздықованың еңбектерін, Қаныш Имантайұлының ерлігін, олардың ұрпақтары туралы көп айтады, қазір «Ешкімге ешкім керек болмай қалды-ау» деп налиды… мен де үнсіз бас шұлғимын. Шұлғи отыра, Ғайникен Айдарханқызы  секілді қазақ қызының өн бойындағы «тереңдік пен кеңдік,  парасат-пайым, адалдық пен қайраткерліктің осыншалықты үйлесім табуы не деген ғажап?» деп ойлаймын… Құдды бір ғажайып әлем… Жоғарыда Фариза апамның жазғанындай, кім көрінген алып жатқан «Құрмет»  ордені емес, біртұтас ұлт санасындағы Құрмет кітабына алтын әріппен жазылып, ел жүре­гіндегі Ізгілік тамырына қан жүгіртетін жаратылыс осындай болар деп ойлаймын… Мен үшін Ғайникен Айдар­ханқызы Бибатырова қандай құрметке де, сыйға да лайық!  Мерейлі 90 жасыңыз құтты болсын, қадірлі Ғайникен апай! Дүние тұрғанша тұрғайсыз!

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері, Астана қаласы