Мәслихат – елді дамытушы іргелі институт
Жыл бойы еліміздің түпкір-түпкірінде мәслихаттардың 30 жылдығына арналған мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілуде, ал депутаттар қайырымдылық акцияларының бастамашыларына айналды. Сондықтан бұл жыл елорда мен бүкіл ел тұрғындары үшін пайдалы істермен есте қалды деуге болады. Жиын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатынан басталды. – Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Ол – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қоғамның сөзін айтатын, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт. Биыл ел мәслихаттарының құрылғанына – ме-рейлі 30 жыл. Астана қаласының мәс-лихаты елордамыздың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары қала халқының тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды еңбек етіп келеді. Қабылданған әрбір шешімде халықтың мүддесі, елдің болашағы басты назарда, – деп жазылған қала әкімінің құттықтау хатында. Іс-шараның модераторы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов күн тәртібінде мәслихаттардың өңірлердің тұрақты дамуындағы және жергілікті басқарудағы рөлі орасан екенін атап өтті. – Бүгін біз мәслихаттардың жергілікті басқарудың негізгі институты ретіндегі маңызды рөлін талқылаймыз. Күшті мәслихаттар – тек өңірлердің тірегі емес, елдің тұрақты дамуының маңызды факторы. Бұл залда жергілікті басқаруды нығайтуға шешімдер ұсынуға дайын түрлі сала мамандары жиналды. Біздің ой-талқымыз жергілікті билік алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті Е.Сыдықов. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов халық сайлайтын жергілікті өкілді орган жұмысының қорытындылары туралы айтып берді. – Мәслихат – бұл ел заңнамасына сәйкес, Астана халқының еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды анықтап, олардың орындалуын қадағалайтын өкілді орган. Ал біздің басты міндетіміз – ел өмірін жайлы әрі қауіпсіз ету, ол үшін барлық мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтастық орнату. Мәслихаттар азаматтардың өтініштерін қабылдайды және оларға ерекше назар аударады. Мәселен, елордадағы салалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы үш жылдық кешенді даму жоспарларын қабылдадық. Әкімдікпен бірлесіп, түрлі салада бірнеше үш жылдық кешенді даму жоспарлары әзірленіп, жүзеге асырылды. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспар аясында құрылыс басталғаннан бері жөндеу жүргізілмеген медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлдік. Қажетті заманауи жабдықтар сатып алынып, жалақыны көтеру және басқа да маңызды мәселелер қолдау тапты, барлық емхананың жаңартылған корпустары күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға есіктерін айқара ашты. Сондықтан биыл ең алдымен елорда тұрғындары мен бүкіл ел үшін пайдалы істермен есте қалды деп үміттенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бұрынғы және қазіргі әріптестерімді мәслихаттардың 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, – деді қатысушыларды құттықтаған елордалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов. «Қазақстан мәслихат депутаттары» РҚҚ төрағасы Төлеубек Мұқашев 30 жылда барлық мәслихат ықпалды билік органдарына айналғанын атап өтті. – Онсыз өңірлер мен қалалардың тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Сіздердің қызметтеріңіз Астананың әр тұрғынының аманатын арқалап, қаланы абаттандыруға қатысты шешімдер қабылдаудан бастап, түрлі әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда маңызға ие. Жыл басындағы су тасқыны кезінде, одан кейінгі қаншама сындарлы шақта мәслихаттың барлық буыны өздерін көрсете білді. Жер-жердегі әріптестеріміз халық пен атқарушы билік арасында көпір болып, әр алуан елдік жобалардың жүзеге асуына жол ашты, – деді Т.Мұқашев. Іс-шарада сөз алған ардагер депуттардың бірі Тияқбай Бектаев мәслихаттардың бас қаланың өміріндегі алар орнына тоқталды. – 1994 жылы мәслихатта жұмыс істей бастаған едік, содан бері отыз жыл болды. Бұл – маңызды сәт, өйткені мәслихат біздің қаламыз – Астананы құру мен қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Біз секілді бірінші шақырылымдағы депутаттар үшін өзіміз еңбек еткен кезеңдегі жетістіктермен бөлісу мақтаныш және осындай іс-шараларға қатысуға шақыру алсақ көңілімізге қуаныш ұялайды. Барлық депутатты мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойынмен шын жүректен құттықтаймын, – деді Тияқбай Бектаев. Конференцияда Астана қаласы мәслихатының I-VIII шақырылымның бірқатар депутаты ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, «Қазақстан мәслихатының Құрметті депутаттары», «Еңбек ардагері», «Экология саласының үздігі», «Еңбек сіңірген энергетик», «Нашақорлықпен және есірткі қылмысымен күреске қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен наградталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. – Елорда тұрғындары өздері сайлаған депутаттарды біледі, мәслихатқа түрлі сауалмен және мәселелермен жүгінеді. Депутаттар өз кезегінде әкімдікпен бірлесіп, оларды шешу үшін жұмыс істейді. Сондықтан менің ойымша, мәслихат депутаттары біздің мемлекетімізде шешуші рөл атқарады. Осында отырған Астана қаласының депутаттарын айтулы мерекемен құттықтаймын. Сіздерге амандық пен денсаулық тілеймін, осындай атаулы іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын, – деді Бекбол Сағын. Ғылыми-практикалық конференциядан бөлек, іс-шара қонақтарына мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттар көрмесі дайындалды. Конференция аяқталған соң Мәңгілік Ел даңғылындағы скверде «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы ашылып, көшет отырғызу рәсімі өтті.
А.Бимендиева