Базалық ставка өзгеріссіз қалды
Базалық ставка – экономиканың «термометрі» сияқты. Ол – нарықтағы ақшаның қолжетімділігін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті реттейтін маңызды құрал. Банктердің несие және депозит мөлшерлемелері базалық ставкаға тәуелді. Мысалы, базалық ставка жоғары болса, банктер де кредит пайызын өсіреді және депозит табысын арттырады. Төмендетсе, төмендетеді. Яғни, базалық ставканың өзгеруі экономикадағы несие беру, депозиттер, валюта нарығы және инфляцияға тікелей әсер етеді. Осы себепті, бұл шешім қоғам үшін маңызды және Ұлттық Банк экономикалық жағдайды жан-жақты талдап барып, ставка бойынша шешім қабылдайды.
«Қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыру қажет»
Реттеушінің мәліметіне сүйенсек, бұл шешімді қабылдағанда инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілген. Естеріңізге сала кетейік, шілдеде өскен жылдық инфляция тамыз, қыркүйекте ақырындап төмендеген болатын. – Инфляция біздің болжамымызға сай қалыптасып келеді, алайда 5 пайыздық таргеттен жоғары болып тұр. Халықтың инфляцияны күтуі де өзгеріп, жоғары деңгейде қалды, – деді Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов. Жалпы, әлемде инфляция төмендеп келеді. Ұлттық банктің айтуынша, оған орталық банктердің жоғары ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы себеп болып отыр. Сыртқы ахуалға келер болсақ, әлем бойынша азық-түлік бағасы өскені байқалады. Әсіресе, Қазақстанның саудадағы негізгі серіктесі – Ресейде инфляция қарқыны жоғары. Ішкі экономикада проинфляциялық қысым бар. Оған фискалдық ынталандырудың күшеюінен қалыптасқан тұтыну сұранысы, тұрғын үй коммуналдық қызметі бағаларының өсуі және халықтың инфляцияны күтуінің артуы әсер етіп отыр. – Біздің шешім қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру саясатын жалғастыруды көздейді. Ол баға өсімін баяулатып, инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін қажет, – деді Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов. Енді реттеушінің шешім қабылдауына негіз болған факторларға жеке-жеке тоқталып өтейік.
«Инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді деуге әлі ерте»
Базалық ставка инфляцияны тежеу мақсатында қолданылады. Әдетте, егер инфляция жоғары болса, орталық банктер ставканы өсіреді, ал инфляция төмендегенде, төмендетеді. Бұл азаматтардың кредитке деген сұранысын азайтуға және ақша айналымын шектеуге көмектеседі. Қыркүйектің қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,3 пайызға дейін баяулады. Тамыз айындағы көрсеткіш 8,4 пайыз болған еді. Негізінен, ол азық-түлік компонентінің дезинфляциясынан қалыптасты. Тамызда 5,5 пайыз болған азық-түлік бағасының өсімі қыркүйекте 5,1 пайызға дейін баяулады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 7,7 пайыздан 7,6 пайызға дейін бәсеңдеген. Ақылы қызметтер инфляциясы шілдедегі ең жоғары мәннен түсіп, екі ай қатарынан 13,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Жалпы, сервистік инфляцияға тұрғын үй коммуналдық қызмет құнының өсуі мен бірқатар нарық қызметінің қымбаттауы айтарлықтай әсер етіп отыр. – Қыркүйекте инфляцияның бір айдағы динамикасы 0,4-ке дейін төмендеді. Алайда, ол орташа тарихи мәндерден біршама жоғары болып отыр. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері шілдеде айтарлықтай жеделдегеннен кейін баяуласа да, көктем мен жаз басындағы ең төмен мәндерден әлі де жоғары. Яғни, инфляциялық үдерістер тұрақты төмендеп отыр деп айтуға әлі ерте, – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов. Сонымен қатар кей көрсеткіштерден өндіріс шығындарына байланысты бағаларға қысым артқан. Осылайша, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өндірісінде және тауарлар импортында баға өсімі байқалып отыр. Базалық ставканы белгілейтін кезде ескерілетін мәселе – халық пен бизнестің инфляцияны күтуі. Егер бизнес пен халық инфляция өседі деп күтсе, шығындарын көбейте бастайды, бұл инфляцияға түсетін қысымды арттырады. Мұндай жағдайда базалық ставканы көтеру инфляцияны күтуді төмендетуге көмектеседі. Қыркүйекте халықтың инфляцияны күтуі 14,1 пайызға дейін өсті. Тамыздағы көрсетіш – 13,1 пайыз болған еді. Респонденттер азық-түлік, аяқ киім мен киім-кешек және коммуналдық қызмет бағасының өскенін байқаған. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары алдағы инфляцияға тұрақты болжам айтып отыр. Олардың бағалауы бойынша ол жыл соңына дейін 8,4 пайыз болады. Бұрын олар инфляция 8 пайыз шамасында қалыптасады деп күткен болатын.
Ішкі экономикада не болып жатыр?
Экономика баяулағанда, базалық ставканы төмендету арқылы несиелеуді ынталандырып, кәсіпорындарға қаржы тартуды жеңілдету көзделеді. Керісінше, экономика тым «қызып кеткен» жағдайда, ставканы көтеріп, ақша массасын азайту қажет болады. Қаңтар-тамыз аралығындағы қысқамерзімді экономикалық индикатор жылдық мәнде 4,4 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. – Іскерлік белсенділіктің кеңеюі ішкі және сыртқы сұраныспен қамтамасыз етіледі. Айтарлықтай өсім құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында байқалуда. Өнеркәсіпте өңдеу секторының оң динамикасы сақталады. Ал тұрақты ішкі сұранысқа байланысты сауда саласының көрсеткіштері қарқынды, – деп айтылған Ұлттық банк ақпаратында. Ал ішкі сұраныс халықтың нақты табысының өсуімен қамтамасыз етіліп отыр. Ұлттық Статистика бюросының кейінгі мәліметтері бойынша, шілде айының аяғында нақты кірістердің өсімі 4,5% болды. Сондай-ақ бұған экономиканың ресурстық емес секторындағы инвестициялық белсенділіктің кеңеюі мен жүргізіліп жатқан фискалдық ынталандыру өз ықпалын тигізіп жатыр. Ұлттық Банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индексі жылдың көп бөлігінде немесе сегіз жыл қатарынан оң аймақта қалыптасып отыр. Кәсіпорындар бизнес жүргізудің келешек шарттарын оң бағалады.
Сыртқы ахуал қандай?
Базалық ставкаға әлемдік орталық банктердің, мысалы, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің немесе Еуропа орталық банкінің шешімдері де әсер етеді. Егер басқа елдерде мөлшерлемелер өзгерсе, Қазақстан оларға сәйкес шара қабылдауы мүмкін. Одан бөлек, экономикаға әсер ететін сыртқы факторлар да бар. Қазір сыртқы ортада кейбір сын-қатер факторлары артқанын байқауға болады. Бұл негізінен еліміздің саудадағы басты серіктесінің бірі Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне және әлемдік азық-түлік нарықтарында бағаның өсуіне байланысты болып отыр. ФАО индексі шілде-тамызда біршама баяулаған еді, бірақ қыркүйекте өсті. Индекстегі азық-түліктің барлық түрі қымбаттады. Сондай-ақ бірқатар елде монетарлық саясат жеңілдей бастағандықтан, сыртқы ақша-кредит шарттары аздап жұмсарған. Әлемде жалпы инфляция баяулап келеді, алайда базалық инфляцияның, яғни оның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштердің төмендеуі айтарлықтай баяу жүріп жатыр. Еуроодақта инфляция шілдедегі 2,8 пайыздан тамызда 2,4 пайызға дейін төмендегені байқалды. Еуропа орталық банкі өз саясатын жұмсартты. Дегенмен ЕОБ инфляцияны 2 пайызға жеткізу үшін жеткілікті қатаң ақша-кредит шарттарын сақтайтынын мәлімдеген еді. АҚШ-та да инфляцияның тамызда 2,5 пайызға дейін айтарлықтай баяулағаны байқалды. Бұл қыркүйекте АҚШ ФРЖ-ның ставканы соңғы 4 жарым жыл ішінде алғаш рет төмендетуіне әсер етті. Қыркүйекте ставканы бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендетті. Ресейде инфляция шілде-тамызда 9,1 пайызға дейін өсті. Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені көтеру үрдісін жалғастырып, ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажет екенін мәлімдеген болатын. – Әріптестердің бағалауы бойынша, бұл дезинфляция процесін жаңартады, инфляцияны күтуді төмендетеді және инфляцияның 2025 жылы мақсатқа жетуін қамтамасыз етеді, – деді Ұлттық банк Төрағасы. Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың одан ары шиеленіскеніне байланысты мұнай бағасы қазан айының басынан бері 75-80 доллар деңгейінде сақталып отыр. Бағаға ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірудегі шектеуді жеңілдетуді биылғы желтоқсанға дейін созуы мен Қытайда қабылданған бірқатар фискалдық ынталандыру да жанама әсер етіп отыр.
Негізгі мақсат – 5 пайыздық меже
Қорыта айтқанда, реттеушінің түсіндіруінше, инфляцияның қайта төмендей бастағанына қарамастан, сыртқы секторда және экономиканың ішкі контурында тәуекел факторларына байланысты бағаларға белгілі бір қысым артқан. Сондай-ақ бюджет қаражаты тапшылығы мен оны Ұлттық қордың қаражатынан жабуға қатысты белгісіздік тағы бір маңызды фактор ретінде аталып отыр. Оған қоса, теңгенің әлсіреуі де ставканы төмендетуге мүмкіндік бермеген. – Айырбастау бағамының әлсіреуінен және ақша нарығындағы мөлшерлеме динамикасынан туындаған, біршама жеңілдетілген ақша-кредит шарттарын ескерсек, мұның бәрі базалық мөлшерлемені төмендетуге айтарлықтай шектеу қояды, – деді Ұлттық банк Төрағасы. Ол инфляция тұрақты түрде баяуласа, әсіресе оның тұрақты бөлігі түссе, Ұлттық банк базалық ставканы ақырындап, сақтықпен төмендетуді қарастыратынын айтты. – Осы орайда біз бұған дейін айтқан бағытта әрекет ете береміз. Болжамды кезеңде күтілетін экономиканың өсуін ескерсек, біз қазіргі ақша-кредит шарттарын ұстамды қатаң деп бағалаймыз. Ұлттық Банк инфляцияның 5 пайыздық ортамерзімді мақсатына тезірек қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарын осы деңгейді сақтап қалуға тырысады, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк «инфляция түссе, базалық ставка неге төмендемейді?» деген сұраққа осылай жауап берді. Яғни, инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді деп нық айтуға кейбір ішкі-сыртқы факторлар мүмкіндік бермей отыр. Енді базалық ставкаға қатысты қабылданған келесі шешім қарашаның аяғында жарияланатын болады.