Жер саласына ауқымды реформа қажет
Еліміздің аумағы 272,5 миллион гектар десек, оның 221,4 миллионы немесе 81,3 пайызы – ауыл шаруашылығы алқаптары. Ал ауыл шаруашылығына арналған барлық жердің 84,1 пайызы – жайылым жерлері. Еліміз жайылым жерлердің көлемі бойынша әлемде 5-орында. Дегенмен шаруалар, ауыл халқы аздаған малын жаятын жайылым таппайды. Бір қарағанда, мүлде ақылға қонбайтын мәлімет. Елімізде шамамен 185 миллион гектар жайылым жер бар десек, оның тек 36 пайызы мал шаруашылығына пайдаланылады екен. Қалған 64 пайызы бос жатыр. Жалпы, жер саласында мәселе көп. Осыған байланысты елімізде ауқымды жұмыс басталып, бірқатар бастама қолға алынған еді. 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент 2022 жылғы Жолдауында жерді игеруді жолға қою керек екені айтқан еді. Биылғы Жолдауда да жерді пайдалануға байланысты бірқатар бағыт-бағдар беріліп отыр.
«Адал еңбек еткендерге бөгет жасамау керек»
Ең алдымен, Президент жер ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екеніне тоқталды. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтаған. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет екенін айтқан Мемлекет басшысы заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін тағы бір еске салды. – Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің сөзінше, көптеген жер иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ екенін айтқан ол Үкімет пен Бас прокуратураға осы мәселені шешуді мықтап тапсырды.
10,8 миллион гектардан астам жер қайтарылды
«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы 2022 жылғы маусымда құрылған болатын. Биылғы шілдеге дейін мемлекетке 10,8 миллион гектардан астам жер қайтарылған. Оның 3 миллионға жуығы азаматтарға берілген. Соның ішінде, биыл мемлекетке 946 мың гектар жер учаскесі қайтарылыпты. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Қайтарылған учаскелер бірінші кезекте халыққа ауылдық жерде мал жаю үшін беріледі. Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге – 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Сондай-ақ биыл агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 431 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 323 млрд теңге қажет. Бұл мәселе бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады. Вице-премьер «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру кезіндегі проблемалар туралы айтып берді. Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешу үшін жүйелі шаралар қабылданған. – Бұл мәселелерді өңірлермен бірге «AMANAT» партиясымен және осы саладағы сарапшыларды қоса отырып бірнеше мәрте талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді бірқатар өңірде алдымен пилоттық түрде жүзеге асырғымыз келеді, кейін тәжірибе алмасып, әр облыстың ерекшеліктерін ескере отырып жасаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Тамара Дүйсенова. Сондай ақ комиссияның бастамасымен мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлеріне ашық қолжетімділік беру мақсатында jerkarta.gharysh.kz. геоқызметі іске қосылды. Жер мәселелері бойынша 3 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 80 пайызы оң шешімін тап- қан.
Ауқымды жер реформасы қажет
Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жер саласында мәселе әлі де шаш етектен. Проблемаларды реттеу үшін нақты қадамдар жасалуға тиіс. Halyq finance сарапшыларының пікірінше, бізге ауқымды жер реформасы қажет. – Президент жердің аграрлық салаға инвестиция тартудағы негізгі фактор екенін атап өтті. Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға арналған шаралар ұсынылған. Алайда ең маңыздысы – ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік құқығын енгізу мәселесі айтылмаған. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жеке меншік және еркін нарық агробизнесті дамытуға және қаржыны қолжетімділікті етуге көмектеседі, өйткені жер көбінесе несие алу үшін кепіл ретінде пайдаланылады, – дейді сарапшы Санжар Қалдаров. Оның айтуынша, қазір жерді нарық емес, қолында билігі барлар бөледі. Ал бұл саланың дамуын тежеп, айтарлықтай кедергі келтіріп отырған фактор. – Қазір елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін нарық емес, шенеуніктер бөледі. Мұндай жүйеде жер инвестициялық тартымдылығын жоғалтады. Сол себепті елімізге ауқымды жер реформасы қажет деп санаймыз, – дейді сарапшы.
Заңсыз алынған жерлерді мемлекетке қайтару процесі әлі жалғасып жатыр. Бұл бағыт бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Ал сарапшылар еркін нарық механизмдері агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, фермерлердің қаржы жағынан тапшылық көрмеуіне жол ашатынын айтады. Олар қазіргі жүйе жердің экономикалық құнын төмендетіп отыр деген пікірде.
Д.Жанатқызы