Қоғам

Павлодарда колледж студенті 16 жастағы қызды ұрып-соққан

istockphoto.com

Анасы қызын ұрып-соққан күдіктінің әлі бостандықта жүргеніне наразы.

Павлодар тұрғыны бір-екі апта бұрын қызын колледж студенті ұрып-соққанын айтты. Ол облыс прокуроры мен полиция департаменті басшысынан көмек сұрады.

Әйел қызын ұрып-соққан күдіктінің әлі бостандықта жүргеніне наразы.

Оқиға 5 қазан күні болған. Павлодар инновациялық көпсалалы колледжінің студенті 16 жастағы Павлодар тұрғынын аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушінің анасы видео түсіріп, Павлодар облысының полиция департаментінің басшысы мен прокурорына жүгінді.

«Мен сіздерге жүгінуге мәжбүрмін. Өйткені мен Талғардағыдай оқиға қайталанады деп қорқамын. Соққының салдарынан қызым бас-ми жарақатын алып, ми шайқалу түрінде денсаулығына зиян келтірді. Сондай-ақ беті мен басында соққының іздері бар. Бала қазір ауруханада жатыр. Тергеу мүлдем жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге бірде-бір куәгерден жауап алынбады. Оқиға орнында камералар болғанымен, бейнежазбалар тәркіленбеген. Арыз жазғаныма екі апта болды. Алайда ешқандай шара қолданылған жоқ. Қызымды ұрып-соққан бойжеткен басқаларға да қол көтерген, бұл бірінші рет емес. Осы істі бақылауға алуларыңызды сұраймын, себебі қыз қылмыстық әрекетін жалғастыруда», – деді зардап шеккен жасөспірімнің анасы.

Полицейлер 16 жастағы қыздың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісін растады. Тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

«Полиция қызметкерлері бұл істі объективті және жан-жақты тергеу үшін қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды», – деп жауап берді облыстық полиция департаменті.