Жаңалықтар

Белгілі актриса Баян Имашева дүниеден өтті

Instagram/auezovtheatre

Өнегеге толы өмірінде, өнерге арнаған саналы ғұмырында актрисаның қазақ театры мен киносына, мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актриса Баян Имашева қайтыс болды. Суық хабарды Мұхтар Әуезов атындағы театрдың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың әртісі Баян Имашева өмірден өтті. Бойындағы сахна шеберіне тән ойлылылық пен даралық, театрға, өнерге деген адалдығы - қазақ театр өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында жүзден аса рөл мен қазақ тарихындағы сан тағдырлы әйелдер бейнесін сомдатты.

Өнегеге толы өмірінде, өнерге арнаған саналы ғұмырында актрисаның қазақ театры мен киносына, мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз деп білеміз. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады», - делінген хабарламада.