Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Сапар барысында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Люксембург Премьер-Министрі Люк Фриденмен және Люксембург Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Ксавье Беттельмен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерімен қатар қаржы технологиялары, «жасыл» энергетика арқылы тұрақты даму, фармацевтика және көлік инфрақұрылымы жобалары сияқты келешегі бар бағыттарды талқылады. Екі елдің іскерлік қоғамдастықтары үшін мүмкіндіктерді кеңейту және экономикалық байланыстарды нығайту қажеттілігі расталды.
Сонымен қатар Мұрат Нұртілеу Люксембургке сапары барысында Еуропалық инвестициялық банктің президенті Надия Кальвиньомен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстандағы негізгі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Су ресурстары мәселелеріне ерекше назар аударылды. ҚР СІМ басшысы Орталық Азия өңірі үшін аса маңызды ағынды суларды тазарту жүйелерін жаңғырту және су тасқынынан қорғау құрылыстарын салу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар М. Нұртілеу жетекші бельгиялық және люксембургтік компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.