Тайқазан

«Бір ауысымда 500 тонна кен тасимыз» – TikTok-та видеосы 1 млн қаралым жинаған кенші

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Машинаның өз салмағы 45 тонна болса, кен артқанда жалпы салмағы 80-85 тоннаға жетеді.

Еңбек адамы десе, шыңырауда тер төгіп, жігерін жиып, ұйқыны қиып, тынбай жұмыс істейтін мамандар ойға оралады. Жұмыс десе ішер асын жерге қойып, бар қажыр-қайратын сарп етіп келе жатқан мамандар көзге көп түсе бермейді. Жұмыстың да түр-түрі бар: көкте, жерде, жердің үстінде, жердің астында. Жердің астындағы ауыр жұмыс, әрине – шахтерлардікі. Қазақстанның жер қойнауы кен мен көмірге, түрлі-түсті қазба байлыққа толы екенін ескерсек, еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі бағыттағы шахтада еңбек етіп жүрген шахтерлар – елдегі елеулі еңбек табын құрайды. Бүгінде ел дамуына, экономикасына айтарлықтай үлес қосып жүрген кеншілердің еңбегі орасан. Тек оны біз байыбына барып түсіне бермейміз.

Сол шахтерлердің қауырт жұмыс күнін, «Шахтерлардың жұмысы осылай» деп олардың тыныс-тіршілігін қаз-қалпында әлеуметтік желіде көрсетіп жүрген кеншінің бірі – Құрсабаев Сұлтан Арыстанбекұлы. «Қазақмысқа» қарасты «Шығыс Жезқазған кенішінің» «Анненская» шахтасында 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан азамат. Біз кейіпкерімізді TikTok әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына салған қызықты видеолары арқылы тапқан едік. Онда Сұлтан шахтер жұмысының қыр-сырын көрсетеді. Оның желіге жүктеген видеолары арқылы шахтер мамандығына, кен қазу ісінің «құпиясына» қызыққан жұрттың қарасы көп. Оны көпшіліктің жазған пікірлерінен-ақ байқауға болады. Өздерін қызықтырған түрлі сұрақтарын да қойып жатады.

«Бірінші салған видеом миллионнан астам қаралым жинады. Шахтер мамандығына қызығатын адам көп екенін байқадым. Түрлі сұрақ жаудыртты. Содан кейін «Менің жұмысым жұртқа қызық екен ғой» деп, келесі видеоларды түсіріп сала бастадым», – дейді өзі.

Кеншілердің ауыр жұмысы халықтың қызығушылығын туғызғып, сүйікті мамандығының сұранысқа ие екенін байқаған ол жұрт жаудырған жылы лебіздері көңілін марқайтқанын айтады. Бала күнінен шахтер болуды армандаған ол 18 жасында шахтаға жұмысқа тұрған. Содан бері 14 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келеді.

«1992 жылы Төртінші дейтін елдімекенде дүниеге келдім. Ақын, термеші Шынболат Ділдебаев туған ауыл. Бала күнімнен «Кім боласың?» десе «Шахтер боламын» дейтінмін. Әкем ұзақ жылдар бойы шахтада еңбек еткен. Әкеме қарап бой түзедім. Мектептен кейін Сәтпаевтағы технологиялық колледжді тәмамдадым. Оқуымызды аяқтаған соң оқу орны шахтаға жұмысқа тұрғызды. Ол кезде 18 жастамын. Бала болдық қой. Шахта көрмегенбіз, жердің астында жердің үстіндегідей өмір жоқ. Бастапқыда шахтаның қай қуысынан кіріп, қай қуысынан шыққанымызды білмей, әлекке түстік. Талай адастық. Үш айдан кейін үйреніп кеттім. Кен таситын көлікті жүргіземін. Машинаның өз салмағы 45 тонна болса, кен артқанда жалпы салмағы 80-85 тоннаға жетеді. Бір ауысымда 500 тонна кен тасуымыз керек. Кейде шаршайсың, себебі жердің астында атмосфера бөлек, жердің бетіндегідей емес. Денсаулыққа да салмақ түседі, бел ауырады. Сондай кездері кеткің де келетін кездер болады. Бірақ жердің бетінде мұндағыдай айлық төлейтін жұмыс жоқ. Жалақы жақсы, отбасымыздың ырзық-несібесін осы шахтадан тауып жүрміз. Жылына бір рет «Самсунг» ауруханасында тегін емделеміз. Басқа қалаға санаторияға да жібереді. Сонысы жақсы. Шаршаған сәттерде болмаса, жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда түрлі қызық болып тұрады. Наряд қызықты өтеді, стажерлерды үйреткеннің өзі – бір қызық», – дейді Сұлтан Арыстанбекұлы.

Сұлтан шахтерлар отбасында туып-өскен, 8 ағайынды. Әкесі шахтада табаны күректей 32 жыл еңбек етіп, қазір зейнетке шыққан. Ал ағасы мен інісі де «Қазақмысқа» қарасты басқа шахталарда учаске басшысы болып жұмыс істейді.  

Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған кенші ауыр жұмыстан кейін балаларына асығады.