Шымкентте хабар-ошарсыз жоғалып кеткен көпбалалы ана табылды
Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ
Шымкентте 3 күнге із-түзсіз жоғалып кеткен әйел балаларымен қауышты.
Бұған дейін журналист Гүлмира Әбіқай 31 жастағы Шымкент тұрғынының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтып, дабыл қаққан.
«Соңғы рет 13/10/24 үй жанындағы «Самал» базарына шыққан. 4 баланың кішісі 8 айлық, емшекте. Соның ұйықтағанын пайдаланып, балаларға оны-мұны әкелейін деп базарға жүгіріп кеткен. Бірақ оралмады. Бүгін үшінші тәулікке кетті», - деп жазды журналист.
Шымкент полициясы әйелдің аман-есен табылғанын хабарлады.
«Қазіргі таңда аталған азаматша табылып, отбасына қайтарылғанын хабарлаймыз. Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деді полициядан.