Алматыда заң бұзған 157 еңбек мигранты анықталды
Сонымен қатар сот шешімін орындамай, елден шықпаған 8 шетелдік те анықталды
14-18 қазан аралығында Қазақстан бойынша «Заңсыз келуші – 2024» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Шараның басты мақсаты – заңсыз көші-қон арналарын анықтау, сондай-ақ онымен байланысты басқа да құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесу.
Іс-шараның алғашқы күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 214 адам анықталды, оның ішінде 157-сі шетел азаматтары.
Сонымен қатар сот шешімін орындамай, елден шықпаған 8 шетелдік те анықталды, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Полицияның мәліметінше, кешегі түнде Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінен 50-ге жуық шетелдік еңбек мигранты табылған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.