17 қазанда Алматыда жедел құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі
Алматылықтар мен қала қонақтарына алаңдаудың қажеті жоқ, себебі бұл жай ғана сынақтан өткізу.
Алматыда 17 қазан күні сағат 10.00-де жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, оның аясында Mass Alert халықты жедел құлақтандыру жүйесі сынақтан өтеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Сейсмикалық жаттығулар теле- және радиохабар тарату арналары автоматты түрде үзіп, «Баршаның назарына!» деген сигналдан соң сирена-қондырғыларды қосу, сондай-ақ телефондарға хабарлама жіберу арқылы басталады. Сигналды алғаннан кейін ғимараттан ашық алаңға шығу керек.
Сейсможаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге дайындығын арттыру және қауіпсіз орындарға бару бағыттарын пысықтау.
Алматы қаласы Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы тұрғындарды үрейленбеуге және сейсмикалық жаттығуларға белсенді қатысуға шақырады.
Айта кету керек, iPhone құрылғыларының иелері iOS 18 бағдарламалық жасақтамасы болса ғана ескерту алады.
Осыған байланысты алматылықтар мен қала қонақтарына құрылғыларын iOS 18 жүйесіне жаңарту қажет. Егер құрылғы автоматты түрде жаңартылмаса, оны «Баптаулар – Негізгі – Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту» деп өзі жаңарту керек.