Жаңалықтар

Заңсыз көші-қонға қатысты бірнеше қылмыс ашылды

polisia.kz

Ішкі істер министрлігі осы айдың басынан бастап заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолын кесті.

Жамбыл облысында жергілікті тұрғын ұсталды. Ол таулы аймақ арқылы Еуроодақ елдеріне табыс үшін барғысы келетін алыс шет елдердің азаматтарына заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған.

Атырау облысында үш шетелдік жалған құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағында басқа шетелдіктерді тіркеумен айналысқан.

Осыған ұқсас қылмыстық схема Елордада ашылды. Онда еңбек мигранттары үшін құжаттарды заңсыз ресімдеуге қатысы бар бес жергілікті тұрғын ұсталды.

– Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кінәлілер мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді ІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.