Қазақстанның дінаралық ықпалдастыққа қосқан үлесі
Халықаралық шараға әлемнің 19 елінен 30-ға жуық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сондай-ақ бірқатар беделді халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Олардың ішінде Әзербайжан, Ватикан, Ұлыбритания, Мысыр, Израиль, Үндістан, Иран, Катар, Қытай, Сауд Арабиясы, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Португалия, Корея, Ресей, Тайланд, Швейцария, Жапония, сондай-ақ Қазақстан бар.
Хатшылық отырысы аясында VIІ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындысы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасын» іске асыру туралы пікір алмасып, съездің күн тәртібі талқыланды.
Жиын әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіруімен басталды. Спикер рухани көшбасшылар 20 жылдан астам уақыт бойы съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогты дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар хатшылық басшысы бүгінде жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етті. – Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық конструктивті күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мақаласында атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие, – деді съезд хатшылығының басшысы. Іс-шара барысында қатысушылар съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді. – Жалған ақпараттың, оның ішінде жасанды интеллект арқылы әзірленген негізсіз деректің таралуы этностық, діни және әлеуметтік топтар арасындағы әртүрлі қақтығыстарға әкелуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда бейбітшілікті, келісімді және өзара сенімді нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру ерекше мәнге ие. Сондықтан Мемлекет басшысы съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болып, Форумның миссиясын дәріптеудің нақты тетіктерін айқындау міндетін жүктеді. Бүгінде рухани көшбасшылармен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, аталған жұмыс жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізіліп келеді, – деген Сенат Төрағасы барлық қатысушыға осы бағыттағы нәтижелі жұмыс үшін ризашылық білдірді. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ съезд тарихында алғаш рет өткен Жас діни лидерлер форумының маңызына да тоқталып өтті. – Бүгінде жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, съезд тұжырымдамасы алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық сын-қатерлерді шешу жолында ұрпақтар сабақтастығын жалғау, күш-жігер біріктіру. Форум аясында съездер мен Хатшылықтардың діни материалдарының электрондық кітапханасының, олардың қатысушыларының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың сөздері мен еңбектерінің таныстырылымы өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Ізгі ниет елшілері институтын құру жөніндегі бастама іске асырылды. Бұл өте маңызды іс-шара және біз рухани дипломатияны дамытуда елшілерден үлкен үміт күтеміз, – деді Мәдениет және ақпарат министрі. Ал әлемнің әр түпкірінен келген дін лидерлері жиынның мән-маңызы зор екенін жеткізді. – Мен хатшылықтың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Осындай отырыста маңызды мәселелерді қарастырып жатырмыз. Осы ретте Қазақстан Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Біз бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу үшін қолдан келген жұмысты істеп жатырмыз, – деді Сомайя видьявихар университетінің конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік жөніндегі бағдарламасының хатшысы Рудрашка Сакрикар. Жиынға қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді. Мұндай мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес Төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында келесі жылы Астана қаласында өтетін VIII съездің негізгі 4 тақырыбы анықталды. – Алдағы VIII съездің орталық тақырыбы ретінде «Діндер диалогы: Келешек жолындағы синергия» деген атау ұсынылады. Қазіргі заманда халықаралық ұйымдар мен саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы міндеттерді әрдайым мүлтіксіз орындап жатпағанын көріп отырмыз. Сондықтан қазір діннің әлеуетін диалогтарға ықпал етіп, мемлекеттер мен халықтар арасында түсіністік орнатуға пайдалану бұрын-соңды болмаған деңгейде өзекті болып отыр, – деді Хатшылық басшысы – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Хатшылық мүшелері ұсынылған тақырыптың бәрін қолдап дауыс берді. Алдағы съездің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары мен өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII съезд 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте өткізіледі. Ал хатшылықтың отырысы 16 қыркүйекке белгіленді. Жиын соңында рухани дипломатия мүмкіндіктерін дамытуға жәрдемдесу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ізгі ниет елшілерінің мәртебесі туралы ереже қабылданды. Қазақстанда түрлі діни және саяси қайраткерлер қатысатын съезді өткізу – елдің саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты екенінің дәлелі. Осылайша, мемлекеттерде өзара түсіністік пен құрмет мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып отыр.
А.БИМЕНДИЕВА