Қоғам

24 жерден пышақтаған: Ақтөбеде дәрігерді өлтірген тұрғын 22 жылға сотталды

istockphoto.com

Сотталушы сот үкімімен марқұмның отбасына 20 миллион теңгеден аса өтемақы төлеуге міндеттелді

Ақтөбеде дәрігерді айуандықпен өлтірген тұрғынға қатысты үкім шықты. 34 жастағы сотталушы енді алдағы 22 жылын түрмеде өткізеді, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқиға осыдан жарты жыл бұрын болған. Қылмыскер дәрігер тұратын пәтерге түн жарымында баса-көктеп кіріп, оны зорлаған. Одан соң денесін жиырма төрт жерден пышақтаған. Осыдан кейін екінші қабаттағы пәтердің балконынан сыртқа қашып шығады. Осы кезде алдынан полиция қызметкері шығып қалған. Оған да пышақ сілтеп, жалға алған көлігімен қашып кеткен.

Сотта марқұм дәрігердің сотталушымен бұрын таныс болғаны анықталды. Қылмыскер соңынан қалмай, мазасын алып жүрген. Оның үстінен бірнеше рет полицияға да арыз түсірген.

Марқұмның ата-анасы 22 жыл — жеңіл жаза деп отыр. Сондай-ақ сотталушы сот үкімімен марқұмның отбасына 20 миллион теңгеден аса өтемақы төлеуге міндеттелді.

"Сот шешіміне бір жағынан қанағаттанып, бір жағынан қанағаттанбаймын, шыны керек. Ауыр қылмыс жасап отыр, қызымды пышақтаған, 24 жерден. Аса ауыр қылмыс. Бұл жерде кешірім, ешнәрсе болған жоқ. Жоқ дегенде, 25 жыл беру керек еді", - дейді марқұмның әкесі Қалдыбай Томаров.