"Spotify-да жұмыс істеуді армандадым" – Дана Батырхан
– «Болды. Бітті. Болашағымды тек ІТ саласымен байланыстырамын» деген түсінік қашан қалыптасты?
– Негізі, мен басында адам денесінің құрылысын зерттеуге қызыққан едім. Мұны байқаған ата-анам мені дәрігер болады деп ойлап, биология, анатомия кітаптарын сыйлайтын. Ал мамандығы бағдарлама жасақтаушы үлкен ағам үйде компьютерде күні-түні жұмыс істейтін. Оның өз ісін беріліп істегенін, эмоциясын байқап, сыртынан бақылап жүретінмін. Не істеп жатқанын онша түсінбеймін, бірақ ол өмірі мәз болып жүреді. Жалақысы да жақсы-тын. Сөйтіп, бірте-бірте жасақтау ісіне мен де қызыға бастадым. Ағам секілді компьютерде жұмыс істеп, ақша тапқым келді. Оған қоса, бірде көз алдымда екі бала төбелесіп, шашыраған қанды көріп, шошып қалғаным бар. Содан соң дәрігер болмаймын, ағамның жолын қуып, ІТ маманы боламын деп шештім. Мектепте үздік оқушы болдым. Қолданбалы математика бойынша ғылыми жоба әзірлеп, сайыста жүлделі орын алған соң, қалаған университетке оқуға түсу мүмкіндігі берілді. Сөйтіп, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ақпарат жүйелері мамандығына оқуға түстім. Үшінші курста Арман Сүлейменов негізін қалаған nFactorial курсына қатыстым. Онда мобильді қосымша жасақтау ісін ұнаттым. Курс аяқталған соң, ондағы мобильді студияда жұмыс істеуге шақырылдым. Онда екі жыл жұмыс істеп, өзім оқыған университеттің магистратура бөліміне оқуға түстім. Сосын Beeline компаниясына жұмысқа тұрып, оның мобильді қосымшасын жақсартуға атсалыстым. Содан соң бір жарым жылдай Қазақстандағы ең ірі әрі мықты ІТ-компания Kolesa Group-та жұмыс істеп, оның да қосымшасын жақсартуға жауапты болдым. Кейін пандемия уақытында онлайн жұмыс істеуге көшкен кезде әлемнің әр бұрышында отырып, жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Сол уақытта америкалық Reddit компаниясына іріктеуден өтіп, онлайн жұмысқа тұрдым. Бірнеше айдан соң Spotify-дан хабарласты. Мен онда құжат тапсырғанымды ұмытып кетіппін. Онда жұмысқа тұру менің арманым болатын. Бағымды сынап көргім келді. Бірнеше кезеңді қамтитын іріктеуден өту үшін тыңғылықты дайындалдым, көп есеп шығардым. Негізі, мен 2019 жылы Spotify-ға бірінші рет құжат тапсырғанымда өтпей қалғанмын. Ол кезде тәжірибем аздау болды. Ондағылар «Саған әлі көбірек жұмыс істеу керек. Көп есеп шығаруың қажет» деп шығарып салған болатын. Араға екі жарым жыл салып, қайта іріктеуден өттім. Алайда бұл жолы тәжірибем бар, сұхбаттасу кезеңінде қалай сөйлеу керек екенін білемін әрі есеп те шығара аламын. Ақырында, бәрінен іркілмей өтіп, жұмысқа шақырту алдым. Олар маған Швеция немесе Нидерландының бірін таңдауға мүмкіндік берді.
– Spotify-дың бас кеңсесі орналасқан Швеция емес, Нидерландыны неге таңдадың?
– Екі елдің қайсысында экспаттарға қалай қарайды, қай жерде тұрған жақсы дегендей сауалдарға жауап іздеп, зерттеу жасадым. Швецияның тұрғындары табиғатынан жабық, суықтау, интроверт. Ал Нидерланды азаматтары ашық. Біз секілді той-томалақты жақсы көреді. Оған қоса өзге елден көшіп келгендерге жақсы қарайды. Мысалы, мұнда жергілікті тұрғын тапқан табысының көп бөлігін салыққа төлейді. Ал экспаттарға жеңілдік қарастырылған. Жалақыңның жетпіс пайызын өзіңе алсаң, отыз пайызын салыққа ұстап қалады. Қарапайым тұрғындарға қарағанда біз салыққа аз сома төлейміз. Алайда бес жылдан соң жағдай теңеседі. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда қазақтар туыстар секілді араласады. Ұлттық мерекелерде түрлі ивент ұйымдастырып, елшілікпен тығыз байланыста болады. Жыл басында Словенияға барып, Қазақстан футболшыларына қолдау көрсетіп қайтты. Бір-бірін тартып, үнемі көмектесіп жүреді.
– Spotify-да қандай функцияға жауаптысың?
– Менің командам Spotify қосымшасының архитектурасымен айналысады. Қосымшадағы түрлі кнопкаларға түрлі команда жауапты. Біз олардың үстінен қараймыз. Әрбіріне қалай жұмыс істеу керек екенін айтып, жол сілтеп отырамыз. Мысалы, үй салғанда құрылыс бригадирі «Сен үйді былай салуың керек» деп құрылысшыларға бағыт сілтеп отырады ғой. Біз осы қосымшаның бригадиріміз десек болады. Қай затты қайда қою керек екенін айтып отырамыз. Қиын болып жатса, оларға көмектесеміз. Сондай-ақ біз басқа да жобаларға атсалысамыз. Spotify-дағы қолданушының жеке парақшасын бір құрылғыдан екіншісіне ауыстыруды енгіздік. Ендігі кезекте музыканы телефоннан ғана емес, теледидардан да тыңдауға болады. Мұны өзім жасадым десем де болады. Жалпы, Еуропаның әр елінде Spotify-дың кеңсесі бар. Америкада да бар. Жапонияда мен Кореяда да жұмыс істейді. Ал Нидерландыдағы кеңседе 120 адам жұмыс істейді. Оның сексен пайызы үйден жұмыс істейді, ал жиырма пайызы кеңседе отырады. Негізі, әдепкіде мен де үйден жұмыс істеуге келіскен едім, алайда жуырда кең әрі әдемі жаңа кеңсеміз ашылған соң, қазір жұмысқа жиі келіп жүрмін, әрі әріптестермен де байланыс орнатқан көп көмегін тигізеді.
– Сұрамасам болмас. Spotify-дан қазақша әндер тыңдайсың ба?
– Әрине. Бұрын Ninety One тобын жиі тыңдайтынмын. Қазір бұрынғы тыңдаған әндерімді қайта тыңдаймын. Қазір Айым атты әншінің тыңдарманымын. Ән айту стилі, дауысы да керемет. Қазақстандық әншілерден бөлек, блогерлер де онда подкасттарын салады. Алайда әзірше ол функция әлі қолжетімді емес секілді.
– «Онда жұмысқа тұру арманым» деп қалдың. Сонда музыкалық сервис құрастыруға бұрыннан қызыққан ба едің?
– Иә, қатты қызықтым. Бірінші рет Spotify туралы жаңалықтардан естідім. Ол кезде бұл платформа Қазақстанда қолжетімді емес-тін. VPN жүктеп қана қолдана аламыз. Жүктеп алған соң, бірінші рет музыка тыңдап көрдім. Мұнда музыка қалай ойналады, бұл қосымша қалайша музыкалық стримингқа айналған дегендей сұрақтарға бас қатырдым. Сол сауалдарға жауап табу үшін осында жұмысқа тұрдым десе де болады. Қазір кезінде мені мазалаған сұрақтардың бәрінің жауабын білемін. Арманым орындалды.
– Әңгіме арасында Нидерландының жағымды тұстарын айтып қалдың. Дегенмен қолайсыздық тудырған тұсы да бар шығар.
– Мұнда тұратын кез келген эмпат басты минус деп құбылмалы күн райын айтатыны сөзсіз. Бір қызығы, мұнда жаңбыр жауып тұрғанда жел соғады. Бетіңе тамшы ұрады. Сосын тағамдары дәмсіздеу. Біз Қазақстанда тұзды көп жейміз ғой. Тамақтың дәмін, тұзы көп, азын бірден байқаймыз. Мұнда өздерінің ұлттық тағамдары жоқ, әр елдің тағамдарының қоспасы. Сосиска, шөп араласқан пюре секілді тағамдар жейді. Түскі асқа нан мен май, арасына шұжық немесе ірімшік қосып жейді. Өздері ыстық тамақ ішпейді. Ал ыстық тамақ жеп отырсаң, сені түсінбейді. Содан соң мұнда банк қызметі де баяу. Мысалы, мен карточкамды екі ай күттім. Жалақы түссе де, бірден қолдана алмайсың. Карточка, құпиясөз, тағы басқа құжаттар бар төрт конверт келеді. Төртеуі төрт уақытта келеді. Кейде поштаңдағыны әлдебіреу алып кетіп, оны таппай қалуың да мүмкін. Дегенмен мұнда да тез аударым жасайтын сервис бар. Әлі Tikkie жүйесі арқылы басқа біреуге төлем шотын жібере аласың. Айрықша айта кетерлігі, мұнда фестиваль көп өткізіледі. Король күні бүкіл халық қызғылт сары түсті киім киіп, көшеге шығады. Билейді. Қайықтарға отырады. Тойлайды. Алайда біз секілді үлкен ауқымда тойламайды. Туған күнде де аста-төк дастарқан жаймайды. Тіпті, негізгі ас түгілі, торт та қоймайды. Көп тамақты ысырап санайтындар да бар. Мұндағылар көбіне билеп, ішімдік ішіп, демалғанды құп көреді.
– Ендігі арманың не?
– Құдайға шүкір, армандарым бірте-бірте орындалып келеді. Алда осы жолдан таймай, өсіп-өнгім келеді. Әлі білмейтінім көп. Тәжірибемді молайтып, қорымды байытқым келеді. Мен Қазақстанда жақсы ұстаздар мен оқытушылардан тәлім алдым, ондағы ортам көп көмегін тигізді. Өзім де іздендім. Бойында таудай талабы, көзінде от, кеудесінде асқақ арманы бар адам дегеніне жетеді. Сондықтан болашағын жарқын еткісі келетін жастар өз-өзіне сеніп, арманына адаспай жетуді мақсат етуі керек. Алдағы уақытта елдегі жастарға бар білгенімді үйреткім келеді. «Бізге келіп, білгеніңді бөліс» десе, бірден келісер едім. Магистратура бітіргенмін, сондықтан кезі келгенде елге қайтып, университеттердің бірінде сабақ бергім келеді. Болашақта ешқандай жоба жасағым келмейді. Тек бар білгенімді елдегі қарадомалақ балаларға таратсам, оларды өз қолымнан келетіннің бәріне үйретсем деймін.
– Іске сәт! Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ