Жұмабай ағамның жылы сөздері
2010 жылы аяқ астынан жұмысқа тұруым керек деген ой мазамды қашырды. Өзім он тоғызға енді келейін деп отырғанмын (Сірә, сол туған күн қарсаңында өз-өзіме есеп бере келе, есеймесем болмайды деген шешімге келген болуым керек). Туған күнім мерекеге сәйкес келгендіктен, бірінші жұмыс күнінде газеттердің біріне барып, тәжірибе жинақтаймын деп бекіндім. Ойлана келе «Қазақ әдебиетін» таңдадым. Сейсенбі күні болатын. Таңертеңгі уақытта Жазушылар одағына бардым. Оның алдында курстастармен топырлап шараларға келгеніміз болмаса, кеңсе жағына кіріп көрмеген екенмін. «Қазақ әдебиетінің» қабылдау бөлмесін тауып алып, ашық тұрған есігінің табалдырығын аттадым. Ортада хатшы апай отыр, екі жақта екі кабинет бар екен. Біреуі бас редактордікі, екіншісі орынбасардікі. Хатшы апайға жөнімді айтып едім, қазір отыра тұр деді де, үлкен бастықтың кабинетін ашып, табалдырықтан аттап, есікті жаппастан маған естірте «Аға, сізге Арман деген студент бала келіп тұр, КазГУ-дың екінші курсында оқиды екен» деді. Ар жақтағы адам не деп жауап бергенін естіген жоқпын, әйтеуір көзілдірігінің үстінен сүзе қарайтын хатшы апай (кейін жанашырыма айналған Айнұр Балаубаева) есікті шалқайтыңқырап ашып, өзі бері шықты да, «Кір» деді. Кірсем, кең кабинеттің төр жағында бір кісі маған тіке қарап күтіп тұр екен. Тани кеттім. Өзім баяғыда теледидардан көріп жүретін кісі. «Үзеңгі жолдас» хабарын бала күнімде көріп тұратынмын. Кейін студент болған соң «Қазақ әдебиетін» тұрақты оқып тұрдық, бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы деген кісі екенін де жақсы білетінмін. Бірақ «Үзеңгі жолдасты» жүргізген кісінің түрін білсем де аты-жөнін білмейді екенмін, ал «Қазақ әдебиетінің» редакторының аты-жөнін білсем де, түрін білмейді екенмін. Екеуі бір адам болып шықты. Жұмабай аға сол қарағанынан мен жанына барғанша қарап тұрды. Амандасқан соң, қысқа-қысқа сұрақ қойды. Сөйтсем, асығып тұр екен. Апта сейсенбіден басталған соң, бейсенбіге дейін газет дайындау керек, сол күні ерекше әзірленіп келгеніне қазір күмәнім жоқ. Бірақ ол кезде қайдан білейін, таң атпай жетіп барып отырмын ғой. – Өзің қай жақтың баласысың? – деді Жұмабай аға сынай қарап. – Ұлытау. – Ұлытау де... Осы Ұлытаудың халқы біртүрлі дейді ғой, ә? – Білмеймін енді... – Сен ертеңге дейін екі әңгіме жазып келші онда. Мен сасқанымнан Жұмабай ағаға қарап ұяла күліп жібердім. – Өзіңнің ауылың туралы жаз, сол жақтың адамдары туралы жаз. – Ертеңге дейін жаза алмаймын ғой, – деймін күмілжіп. Арғыкүнге дейін десе, жазатын адамдай. – Жазып кел ертеңге дейін, – деді Жұмабай аға. Бұнысы «жазасың ғой» дегендей естілді. Одақтан шықтым да, Ұлттық кітапханаға дейін жаяу бардым. Жол бойы не жазамын, екі әңгімені қалай жазамын, қай уақытта жазамын деген сұрақтарға бас қатырдым. Одан кейін Ұлттық кітапханаға кіріп алып, тағы біраз отырдым. Мен жетінші сынып оқып жүргенде-ау деймін, бір көршіміз екінші бір көршіміздің итін атып тастаған оқиға болған. Содан сәл бұрын, я сәл кейін ауылдың ішіне түлкі кіріп кетіп, адамдар мылтықтарын алып шығып, әйелдер балаларға тиіп кетеді деп айқайлап, дүрліккен жағдай да болған. Соларды еске түсіріп, көршілерімнің ішіндегі мінезі ерекше-ерекше дегендерді таңдап алып, бір әңгіменің нобайын шығардым. Екі әңгіме болмаса да, бір әңгіме жазып барайын, ренжімейтін шығар деп қоямын. Қысқасы не керек, сол күні ғана танысқан адамымнан ұят болмасын деп, түннің бір уағына дейін отырып бірдеңе ғып, «Аңшы» деген шағын әңгіме жазып шықтым. Ертесіне нешеде барғаным есімде жоқ, әңгімені шығарып алып, екі-үш беттік қолжазбамды ұстап, кеше кіріп-шыққан кабинетіме қайтып бардым. «Бір-ақ әңгіме жаздым» дедім Жұмабай ағаға. Ол кісі түрегеп тұрған күйі қағаздарымды қолына алды. Мен алдындағы орындықта, терезе жаққа арқамды беріп көлденең отырмын. Отырған адамның түрегеп тұрған адамға ұрлана қарауы оңай емес. Сонда да Жұмабай аға оқи бастағаннан қайта-қайта түріне қарап, қалай қабылдар екен деп аңдумен болдым. Мынауың нашар екен деп айта ма деп қауіптендім дей алмаймын, бірақ өмірімде бірінші рет әңгіме жазып, оны бірінші рет оқытып тұрған соң, бұндай кезде қалай болатынын білмей, дегбірім қашты. Бір мезгілде Жұмабай аға мырс ете қалды. Қарасам, кәдімгідей күлкісін тежеп оқып тұр екен. Ішімнен «Уф» дедім. Жұмабай аға оқып болды да, «Шебер жазады екенсің» деді (Бұнысы баланы қанаттандырайын дегені ғой деп ұқтым). Содан кейін жүр деп өзі бастап, мені компьютер кабинетіне ертіп барды. Ертесіне газет типографияға кететін болған соң, жоспар бекітіліп, біраз материал беттеліп жатыр екен. Менің көзімше бір материалды алғызып тастады да, менің әңгімемді салғызды. Енді ертеңге дейін екі сурет әкеп бер деді. Біреуі өзіңнің суретің, біреуі тақырыпқа сай бір сурет болсын деді. кешіктіріп алсам, ұят болар деп, оны да жанталасып жүріп орындадым. Сөйтіп, жұма күні «Аңшы» деген әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетінің «Проза» деген бетіне жарқ ете қалды. Ол уақытта ел әлі газет оқитын. Адамдар дүңгіршектен барып газет алып, аялдамада ақтарып тұратын. Интернет дегеннен «М-агент» қана, Facebook-тың жалпыласуына әлі бір-екі жылдай уақыт бар кез. Сайттардың өзі одан кейін ауызға іліне бастады. Сондықтан газет-журнал деген ол кезде әлі де қастерлі тұғын. Оның үстіне телеарналар да әлі Астанаға көше қоймаған, рухани өмір әлі де Алматыда қайнап жатқан уақыт. Ескі дәуірдің соңғы жылдары, бәлкім айлары еді. Жұмабай аға адамды мақтауға болмайды, мақтау деген адамды құртады дейтін. Біз де ол кісіге бір жылы сөзімізді айта алмаушы едік. Алғашқыда «Шебер жазады екенсің» дегенінен кейін жылы сөзді бір жылдан кейін бір-ақ естідім. Оның өзінде екі рет жақсылап тұрып ұрыс естуге тура келген... Келесі көктемде Жұмабай аға мені кітап дайындау жұмысына араластырды. Өзінің ауылынан шыққан бір үлкен шенеуніктің туған апасымен мектепте бірге оқыған екен. Сол кісі бір жыл бұрын дүниеден өтіпті де, енді жылына арнап әулеттік шағын кітап шығаруды күйеубаласы қолға алған екен. Жұмабай аға соны маған тапсырды. Кітапқа жауапты Асқар деген кісімен таныстырған кезде менің жиырмаға енді толған бала екенімді көріп ол кісі тосылып қалғандай болды. – Осы әйбат жазады, – деді Жұмабай аға күмәнін сейілту үшін. Бұл менің «Қазақ әдебиетінде» ресми жұмыс істеп жүрген кезім. Бастығымның өзім туралы айтқан сөзіне аңтарылып та қалдым. Оған дейін дайындап әкелген сұхбаттарымды, бірлі-жарым мақаламды ұнатқаны бар, бірақ өзіме қаратып айтқан жылы сөзінің екіншісі осы болған болуы керек. Сөйтіп, мен үлкен-үлкен қызметтерде істейтін адамдары бар өскен бір әулеттің кітабын әзірлеуге кірісіп кеттім. – Осыны дұрыстап істемесең, екеуіміз ағайындықтан кетеміз, – деген Жұмабай аға. Кітаптың кейіпкері бір жыл бұрын қайтқан кісі дедім ғой, сол марқұмның жолдасы да Жұмабай ағамен бірге оқыған, жақын досы екен. Сол кісілермен араласып жүріп Жұмабай ағаның ауылын жақсы біліп алдым. Қайта-қайта барып жүріп адамдармен сөйлесіп, жазып бергендері болса, соларды түзеп, таза жаза алмаймын дегендердің әңгімесін өзім қағазға түсіріп кітап құрастырдым. Көктемнің соңында, күн әбден жылыған кезде ол кітап та шықты. Тапсырыс берген кісілер қатты риза болды. Кітаптың кейіпкері бүкіл ауыл жақсы көрген, қадірлі кісі болған екен, жылдық асына адам өте көп жиналды. Кітап елге ұнағанымен, ішінде бір-екі мәселе Жұмабай ағаға ұнаған жоқ. Біріншісі, бала кезінен бәсекелесіп өскен, кейін жау болмаса да, соған жақын боп кеткен бір адамның жазбасына қатысты түйткіл еді. Ол өзі жазуы нашар болса да, журналист деген атаққа да, жазушы деген атаққа да Жұмабай ағадан бұрын жеткен кісі. Жұмабай аға жас күнінде жазуға ұмтылып жүргенде анасы «Несіне әуре боласың, бәрібір пәленшедей бола алмайсың ғой» дегені бар екен. Сол сөз Жұмабай ағаның ішінде беріш болып қатып қалғанға ұқсайды. Оның үстіне ана адам да әртүрлі қулық жасаймын деп Жұмабай ағаның алдында әбден нашар адам болып қалыптасып болған кісі екен (Бұл туралы Жұмабай аға тірі күніндегі сұхбаттарында астарлап айтқаны бар, егер өзі солай айтпаған болса, мен де бұны жазбас едім). Кітаптың кейіпкерімен жаңағы кісі де сыныптас болған соң, маған естелік жазып берген. Алып оқысам, өте нашар жазылған екен. Бәсекелес-жауының естелік жазып бергенін естіп, Жұмабай аға менен қалай екен деп сұрағанда «Нашар екен» деп шынымды айтқанмын. «Өзгертпей солай бер» деген Жұмабай аға. Бірақ мен олай бергім келген жоқ. Біржола алып тастауға тағы болмайды. Жағдайды тапсырыс берген кісіге айтып едім, өзім жауап беремін, түзей бер, кітап жақсы боп шығуы керек деді. Сөйтіп, кітап дұрыс болсын деген оймен, Жұмабай ағаның бұйрығына қарсы шыққанмын. Естелік өте нашар жазылғанымен, ішінде баяндалған оқиғалар өте қызық еді. Отырып алып, бастан-аяқ қайта жазып шыққанмын. Кітапқа сол мен жазған нұсқа кеткен. Ас беріліп жатқанда Жұмабай аға мені оңашалап алып шықты да: – Елдің бәрі Пәленшенің жазғанын мақтап жатыр ғой? – деді өзі ыңғайсыздана күліп. – Мен оны бастан-аяқ қайтадан жазып шыққанмын, – дедім. – Әй, неге жазасың сен? – деп Жұмабай аға айқай салды. – Мен саған тиіспе деген жоқпын ба? – Ол кісі өзі де ұялатын шығар, – дедім мен. – Ішінде бірде-бір сөйлемі өзінікі емес. – Ұялмайды ол! Оған бәрібір. Беріп жіберу керек еді өзінің жазғанын. Жұмабай аға осылай бір ұрсып алды. Одан соң тамақ ішіп болған кезде ме, тағы бір жағдай болды... Кезінде бұл үйдің үлкен ұлы үйленгенде Жұмабай аға құда болып Түркістанға барған екен. Сонда құданың әкесі, яғни келіннің атасы Жұмабай ағаны ерекше жақсы көріп күткен екен. Ол уақытта Жұмабай аға «Үзеңгі жолдасты» жүргізіп тұрған шағы, халықтың ішінде танымал. Сол кәрі құда құдағиы туралы кітап шығайын деп жатқанда жасы тоқсанға келіп қалған екен. Жақсы көрген құдағиым еді деп шын көңілден арнау жазып салып жіберіпті. Мен оны әрі оқып, бері оқып, нашар жазылған екен, кітапқа қосуға келмейді деп қоя салғанмын. Үлкен кісінікі екенін білмей қалдым ба, әлде жастықпен әуесқой адамның жазғанынан үлкен өнер іздеп кеттім бе, есімде жоқ. Ал Түркістанда жатқан қария болса, өлеңім кітапқа шығады деп осы асты қатты күтіпті. Асқа келгендегі бірінші әңгімесі сол кітап болып, бірден ашып, ақтарып өзінің өлеңін іздегенге ұқсайды. Қараса, жоқ. Мен аулада тұрғанмын. Жұмабай аға үйден жүгіріп шықты. Шығып келе жатып «Әй, Арман!» деп айқайлап келе жатыр екен, мен қарсы жүрдім. Тура есіктің алдында кездестік. – Әй, ана ақсақалдың өлеңін неге қоспағансың? – деді ұрсып. – Онша емес екен. – Әй, онша емес болса, айтпайсың ба? Адамдар бар, дұрыстатып беретін едім ғой. Сонау Түркістаннан келгенде ұят болды ғой? Жұмабай аға маған осылай ұрсып тұрғанын ауладағы он-он бес адам, дәлізден өтіп бара жатқан бес-алты адам анық көрді. Есік ашылған кезде іште отырған отыз-қырық адам да естіген болуы керек. Ішінде әлгі ақсақал да бар шығар. Есік алдында кітап кейіпкерінің туған сіңілісі де отырған. – Ұрыспашы, болды, – деді ара түсіп. – Ештеңе етпейді, ең бастысы кітап жақсы шықты ғой. Кейін ол кісі де марқұм болып кетті. Жұмабай ағаға басу айтып, маған жымиып қарап отырған отырысы көз алдымда тұр. Астан соң қалаға Жұмабай ағаның көлігімен қайттық. – Дұрыс, сен бір азаматтық жасадың, – деді Жұмабай аға кітаптың жалпы алғанда жақсы шыққанын меңзеп. Алға қарап отырған күйі сөйледі. Мен артта отырғанмын. – Бірақ мұндай жұмыстарға онша әуес болмағаның жөн. Мүмкін мен сені дұрыс жұмысқа салмаған да шығармын осы жолы... Жұмабай ағадан үшінші рет жылы сөз естігенім осы еді. Сол жылы қыста әлгі Түркістандағы кісі өлеңін жіберіп, Жұмабай аға оны дұрыстатып, оқырман хаты деген секілді айдармен газетке басып берді-ау деймін. Әйтеуір бас редактордың кабинетіне емес, журналистер отыратын кабинеттегі телефонға сол ақсақал қоңырау шалғанын білемін. Жұмабай аға ақсақалдың атын естіп жүгіріп келе жатыр екен. Мен не болып жатқанын түсінбей әлгі кабинетке кіріп, қайта шығып бара жатқанмын. Тура босағаға таяй бере Жұмабай ағаның жолына тұрып қалыппын. – Кетші-ей, сен де... – деді Жұмабай аға мені көре сала. Былай қарай зып бердім. Телефонның басында Жұмабай ағаны күтіп тұрған Қарагөз Смәділ осы көрініске ішек-сілесі қата күлгені есімде. Өзім де күлдім. Сөйтіп, ақсақалдың өкпесі де тарады, Жұмабай ағаның өкініші де басылды. Тағы екі жарым жылдай уақыт өткенде жұмыстан да шығып, Алматыдан да кететін болдым. Жұмабай аға: «Қандай жігіт екеніңді білмеймін, бірақ әйтеуір өтірік айтпайтыныңды білемін» деді. Сол күні өзінің көңіл күйі болмай отырған. Оның үстіне алдында әртүрлі жағдай болып (мені жақтырмайтындардың пікірі де әсер етті ме екен), арамыз бұрынғыдай емес, біраз суыңқырап қалған еді. Кабинетіне сирек кіретін болғанмын. Өзім қол астында істеп жүргенде үш-төрт рет қана жылы сөз естіген болсам, ол кісінің адамгершілігі мен шығармашылығы туралы ашылып бір ауыз сөз айта алған жоқпын. Кейін жұмыстан кететін болсам, бір мақала жазармын, бастығың туралы жазған ұят қой деп жүруші едім іштей. Ақыры, соны жұмыстан кеткен соң жаздым. «Жала мен нала» деген повесі туралы еркіндеу көсіліп, республикалық газеттердің біріне ұсынып едім, тез-ақ басылып шықты. Кейін білдім, ол повесть әдебиеттанушы Рафат Әбдіғұлов пен о кісінің әкесі туралы екен. Ертеректе повесть жазылғанда үндемеген әдебиеттанушы менің мақаламды оқып алып, мен бұдан да артық қылып жазамын деп, қолына қалам алыпты. Сірә, ескі жараның аузын тырнап жіберген болуым керек. Жазғаным Жұмабай ағаның өзіне де ұнапты. Кейін кездескенде саған суық қарағаным дұрыс болмапты, о бастағы ойым дұрыс екен дегендей қипақтады. Ашып ештеңе айтқан жоқ, бірақ әр нәрсені еске алып, сөз арасында іркіліп қап, үнсіз қалған кездерінде осындай бір күйді сезгендей болдым. Көп ұзамай Жұмабай аға газеттің бас редакторлығынан кетті де, ресми зейнеткерге айналып, ауылына көшті. Бұрынғыдай қаланың қақ ортасында тұрған Жазушылар одағына кіріп, сәлем беріп тұру мүмкіндігінен айрылдым. Енді бір күніңді арнап, Ұзынағаштың ар жағындағы Жамбыл ауылына барып тұру керек болып қалды. Бірақ оның жақсы жағы да бар болып шықты. Жұмабай аға енді қолы босаңқырап, ешқайда асықпай, қонақ боп бара қалсам басқа ештеңеге алаңдамай Әскен тәтеміз екеуі әлекке түсіп тұрып күтіп алатын болды. Кейде жолшыбай көліктерге мінгесіп барып, қонып кетіп жүрдім, кейде Ерболат Әбікенұлы, Думан Бақыткелді, Мұрат Есжан сынды азаматтармен барып, түннің бір уағына дейін отырып қайтатын едім. Бұл Жұмабай аға екеуіміздің арамыздағы қарым-қатынастың екінші кезеңі еді. Өзі баурайында ойнап өскен таудың қуыстарын атпен де араладық, көлікпен етегіне дейін барып, жаяу да серуендедік. Адамды сөйлету, тыңдай-тыңдай ішіндегісін толық шығару Жұмабай ағаның қашанғы әдеті тұғын. Мен де, менімен еріп барған жігіттер де ол кісінің алдына барғанда ашылып кетер едік. Астанада жүргенде Жұмабай аға қоңырау шала қалса, отырған жерімнен атып тұрып, оңашалау жерге кетіп қалатынмын. Көлікпен келе жатсам, тоқтап, көзім түскен кафе, мейрамхана секілді бір жерге кіріп отыра қалатынмын. Хат жазса, соны қайта-қайта оқитын едім. Өзі де көркем шығарма жазғандай етіп, аз сөзге көп мағына сыйдырып жазатын. Сол хаттарды қарасам, соңғы сөйлескенде бір нәрсені кейін кездескенде айтамын депті. Мен болсам жазып жүрген шығармамды ол кісіге жіберіп, сынатып алғанмын («Сен атаңа нәлет, сөйлемдерге салақ қарайтын боп кетіпсің ғой» деп баяғы кездегідей бір ұрсып алған). Сол еңбегіне қаламақы берсем деп жүрдім де, қайтарынан бұрын күздігүні барғанымда соқпай кеттім. Жұмысымның көптігі бір себеп, екіншісі қолжазбамды оқып бергеніңіз үшін деп баспаның атынан тастап кетемін деп жүрген қаламақым қолымда болмай қалды. Ол кісі менен ештеңе күткен жоқ, дегенмен өзім алдын ала осылай істеймін деп ниеттеніп қойған соң, онсыз барғым келмеді. Көп ұзамай-ақ қайтып келемін, сол кезде міндетті түрде сөйтемін деп кеткенмін. Келесі келгенімді қалтамда ақша болғанымен, Жұмабай аға үйінде болмайтынын, ауруханада емделіп жататынын қайдан білейін. Одан тағы аз уақыт өткенде жаназасына келіп, сол соманы батаоқырға жаздырып кеттім ғой. Жылы сөзді аз айтса да, ар жағында жылы жүрегіндегі ықыласы сезіліп тұратын. Айқайлап ұрысса да түк ызбары жоқ, тек жанашырлықтан шығатын ұрыс еді. Бірде-бір сөзін көңіліме алмаппын, кейін тек күліп еске алып жүрдім. Жұмыс барысында немесе жастыққа салып артық сөйлеп қойып ренжіткенім болмаса, өзінің көңіліне келетін қылық жасап немесе жанын ауыртатын сөз айтып қойған кезім жоқ екен, қазір соған шүкір деймін. Үлкен өмірге аяқ басқанда танысқан алғашқы адамым осы Жұмабай аға болған соң ба, біразға дейін елдің бәрін Жұмабай аға секілді деп ойлап жүріппін. Кейін ондай адамдар аз болатынын түсініп, біраз құлазып та қалғаным бар. Уақыт өте келе жүрек қатайып, өзім де жыртқыштана бастадым ғой, әрине. Сондайда Жұмабай ағаға соғып, кеудемдегі жұдырықтай етті жұмсартып қайтушы едім. Енді, міне, еске алып қана ескі күйге түсіп отырған жайым бар.
Арман Әлменбет