Елордада ағаш егу күні өтті
Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірінде сәтті жалғасын тауып, жалпыхалықтық экологиялық челленджге айналды. Алғашында бұл шараны ерікті жастар мен белсенді студенттер қолдаса, кейін түрлі мекеме қызметкерлері, еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, мәдениет қайраткерлері атсалыса бастады. Қазан айының алғашқы сенбісінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі – «Хан Шатыр» сауда орталығы жанындағы скверге 100-ден астам ағаш көшеттері (емен, шырша, терек) отырғызылды. Сондай-ақ ботаникалық баққа да 500 түп ағаш (алма, ырғай, шие, қарақат) екті. Акцияға барлығы 300-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында жергілікті тұрғындар мен еріктілер ерекше белсенділік танытты.
– Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Біз тек Астананы ғана көгалдандырып қоймаймыз, басқа елді мекендердегі жасыл аймақтар үлесін арттыру бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Еліміздің экологиясына қосқан осы үлесіміз өз нәтижесін беретіні және оны болашақ ұрпағымыздың тиісті деңгейде бағалайтыны анық, – деді іс-шараға қатысқан Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көгалдандыру акциялары Астана көшелерінің көркін ашып қана қоймай, сонымен қатар ауаның сапасын және жалпы экологиялық жағдайды жақсартуға да ықпал етеді.
– Бүгін біз өз ауданымызды тағы да жасыл-желекке айналдырып жатырмыз. Қаланы жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізудеміз, әсіресе Астана тұрғындарының бұл жұмысқа белсенді қатысып жатқаны көңіл қуантады, – деді Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков.
ЮНИСЕФ-тің экология белсенділері де қосылған ағаш отырғызу акциясы Мемлекет басшысының экологиялық жағдайды жақсарту бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыруда маңызды қадам болып отыр. Бұл бас қаланың экологиясын жақсартумен қатар жасыл-желекке оранған әдемі қала қалыптастыру үшін маңызды. Елордада «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі Бауыржан Момышұлы атындағы паркте өтті. Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен сенбілікке «Астана-ЕРЦ» ЖШС, Dosjan Temir Joly АҚ, сондай-ақ жергілікті белсенділерден құралған 105 адам қатысты.
– Күзде жерге түскен жапырақтар өрт қауіпсіздігін тудырады. Сондықтан іс-шараның негізгі мақсаты – қала тазалығын сақтау және Астана парктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай акциялар ұжымдар мен тұрғындардың ауызбіршілігін арттырады, бұл өз кезегінде экологияға оң әсерін тигізеді, – деді Dosjan Temir Joly АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері Меруерт Жүсіпова.
Шараға қатысушылар астаналықтардың сүйікті орнына айналған паркті қоқыстан, жапырақтардан тазартты.
– Таза қала – денсаулық кепілі. Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз және біздің ұжым экология акциялары мен сенбіліктерге үнемі қатысады. Біздің қаламыздың тазалығы мен экологиясы біз үшін өте маңызды, – деді «Астана-ЕРЦ» ЖШС қызметкері Гүлмира Асқарқызы.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу жұмыстарымен қатар санитарлық тазарту, жаңбыр және арық каналдарын тазарту, көшелер мен тротуарларды, аула ішіндегі және қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстары да жүргізілуде. «Таза Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны сақтай отырып, экология мәдениет қалыптастыру. Осы орайда биыл елордада жыл соңына дейін шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылатын болады. Бүгінде олардың бір бөлігі қаланың көшелерін безендіріп үлгерді. Мәселен, апта сайынғы челлендждің арқасында елордалық өрт сөндіру бекеттерінің аумағына 900-ден астам жас қарағай мен шырша көшеттері егілді. Жалпы, ағаш егу акцияларының тарихы тым тереңде. Мұндай бастамалар экологиялық сана мен табиғатты қорғауға деген қажеттіліктен пайда болған. Ежелгі дәуірде ағаш егу мен қорғау дәстүрлері көптеген мәдениетте кездеседі. Мәселен, ежелгі Мысыр мен Шығыс елдерінде ағаштар қасиетті саналып, оларды отырғызу маңызды рәсім болған. Кейін ХІХ ғасырда ағаш егу акциялары көбейе бастады. Адамзаттың табиғатқа жанашырлығы арта түсті, экологиялық мәселелер туралы көбірек ақпарат пайда болды. Ал 1970 жылдары БҰҰ мен басқа да ұйымдар экологиялық акцияларды қолдап, халықаралық деңгейде ұйымдастыра бастады. Мәселен, 1977 жылы БҰҰ-ның Экология бағдарламасы «Жер күнін» жариялап, ағаш отырғызу акцияларын қолдады. Бүгінде ағаш отырғызу акциялары экологиялық мәселелерді шешу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және табиғатты қорғау мақсатында өткізіледі. Әр түрлі ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар мен волонтерлер бірігіп, бүкіл әлем бойынша миллиондаған ағаш егу жұмыстарын жүргізуде. Бұл экологиялық тәрбиені нығайту, қоғамның экологияға жауапкершілігін арттыру және болашақ ұрпаққа таза, жасыл орта қалдыру үшін маңызды.
А.Бимендиева