Серік Әбдінұров: Қазақтың кәсіби музыкасы қолдауға зәру
– Серік Құтымбетұлы, Қазақстан композиторлар одағы биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде бұл шығармашылық одақтың қандай ірі жетістіктерге ие болғаны жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?
– 1939 жылы қарашаның 3-і күні Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Василий Великанов, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Сергей Шабельский секілді жеті композитордың бастамасымен ұйымдастыру комитеті ретінде құрылып, 1957 жылы ғана Қазақстан композиторлар одағы атанған еліміздің композиторлары мен музыкатанушыларының ерікті одағы биыл өзінің құрылғанының 85 жылдығын тойлады. Бұл – бір шығармашылық одақ үшін елеулі уақыт. Бұл ұйым Қазақстан композиторлар одағы атанғанда оның тұңғыш төрағасы Е.Брусиловский болса, одан соң композитор Мұқан Төлебаев басқарды. Сондай-ақ әр жылдарда одаққа КСРО Халық әртістері Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Балнұр Қыдырбек төрағалық етті. Осы аралықта Қазақстан композиторлары 53 опера, 18 балет қойылымы, сондай-ақ симфония, оратория, кантата, киноға, спектаклдерге, хорға, халық аспаптар оркестрлеріне, симфониялық оркестрлерге арналған музыкаларды, аспаптық музыка, романстар мен әндерді дүниеге әкелді. Бүгінде Қазақстанда 3 опера және балет театры, 7 симфониялық оркестр, 18 халық аспаптар оркестрі бар десек, олардың репертуары негізінен еліміз композиторларының үздік туындыларынан тұрады. Қысқасы, қазақтың кәсіби музыкасын дамыту арқылы қазақ композиторлары да өзінің әлемдік деңгейдегі беделіне ие болды. Оған осы кезге дейін халықаралық конкурстарда жүлде алып жатқан әндеріміз, музыкалық туындыларымыз дәлел болса керек.
– Қазақстан композиторлар одағы басшылығына өзіңіз келгеннен бері қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Мен Композиторлар одағы төрағасы қызметіне 2020 жылы келдім. Содан бері де композиторларымыздың түрлі жанрдағы туындылары жарық көріп, қойылып жатыр, сондай-ақ авторлары ортамызда жоқ туындылар да көрермен көзайымына айналуда. Айталық, кейінгі жылдары Шымкенттегі опера-балет театрында Тасқын Жармұхамедовтің «Домалақ ана» операсы, Астана опера театрында Е.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсы, Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті, Астана балет театрында Ақтоты Райымқұлованың «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» балеті, Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық опера-балет театрында Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» операсы, Алмабек Мейірбековтің «Алдар көсе» атты балалар балеті қойылды. Сонымен бірге Композиторлар одағы Астанадағы Ұлттық өнер университетімен бірігіп, 2021 жылдан бастап жас композиторларға арналған республикалық «Самал» конкурсын өткізіп келеді. Бұдан сырт, 2021 жылы Кеңес Дүйсекеев атындағы республикалық І хор конкурсы өтсе, 2023 жылы Композиторлар одағы Қорғаныс министрлігімен бірігіп, «Әскери музыка» атты фестиваль өткізді. Мен бұл жерде басты-бастыларын ғана айтып отырмын, әйтпесе, біздің одақ мұрындық болған мұндай ауқымды іс-шара көп.
– Бір кезде осы композиторлар одағының мүшесі болуға күллі қазақ әндерін жатқа айтатын қазақтың танымал композиторы Шәмші Қалдаяқовтың қолы жетпеді. Бұның себебі қандай? Композитор ретінде танылу үшін міндетті түрде классикалық үлгідегі көлемді шығармалар (симфония, оратория, кантата, сюита, т.б.) жазуы міндетті ме? Әр елдің өз композиторларын ресми мойындауы үшін белгілі бір деңгейде өз стандарттары неге жоқ?
– Қазақстан композиторлар одағы КСРО композиторлар одағының жарғысымен құрылды және сол ұйым жасаған стандарттарды қабылдады. Оның басты шартының бірі – Композиторлар одағына мүше болатын адам міндетті түрде консерваторияның композиция класын бітіруі керек. Ол кезде жарғыға қатты қарайтын. Сол қатал тәртіптің себебінен талай оқымаған немесе оқуын толық бітірмеген, бірақ табиғи дарыны мықты өнер иелері композиторлар одағына мүшелікке қабылданбады. Бұл талап – атақты Шәмші Қалдаяқовтың жолын жапты. Егер Шәмші атамыз консерваторияны ІІ курстан кейін тастап кетпей бітіргенде, оған еш кедергі болмас еді. Егер ол кісі композиция класын толық бітіріп, музыканың қыр-сырын жете меңгергенде симфония, оратория сияқты ірі жанрдағы музыкалар жазып, өзінің ерекше талантымен қазақ музыкасын әлемге танытар еді. Ұлы композитордың тағдыр жолындағы осы сәтсіздік – бәріміз үшін үлкен өкініш... Тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін Композиторлар одағының жарғысына өзгеріс енгізілді. Онда арнайы оқу орнын бітірмесе де, әндері ел арасына кеңінен танымал, композиторлық қабілетімен танылған тұлғаларды Композиторлар одағына мүшелікке қабылдауға болатыны атап көрсетілген. Міне, сол өзгерістің арқасында шығармашылығы халқымызға кең танымал көптеген тұлға біздің одаққа қабылдана бастады.
– Кеңестік кезде кәсібилік деген нәрсеге қатты мән берілетін. Білім, тәжірибе, біліктілік талап етілетін. Мәселен, автордың әдеби шығармалары арнаулы редакторлардың алдынан өтіп, оның әдеби көркем туынды талабына жауап беретіні белгілі болса ғана баспасөзде жариялануына рұқсат берілсе, музыкалық шығармалар да арнайы құрылған көркемдік кеңестің қатал сүзгісінен өтіп барып эфирге жіберілетін. Сол сияқты композитор атану да, бұдан алдын өзіңіз айтып кеткендей, арнаулы білімі мен таланты жоқтарға бұйырмайтын. Осы күні екінің бірі композитор болып кеткен жоқ па?
– Бұл – маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі, сонда да жауап беруге жалықпаймын. Себебі бүгінде екі-үш нотаның басын қосып, ыңылдап ән шығара беретіндердің бәрі өздерін композитор санап кеткен заман болды ғой, сондықтан барлық талапқа жауап беретін нағыз композиторлар мен әуесқой сазгерлердің аражігін ашып, халыққа дұрыс түсінік беру керек. Композитор атауын сазгер деп қазақшалап жүргендер бар, бірақ ол композитор деген ауқымды ұғымды бермейді. Композиторда талант пен арнаулы білім болуы керек. Композитор латынның compositor (құрастырушы) деген сөзінен шыққан термин. Бұл атау музыкалық шығармалардың авторларына қатысты бұдан төрт ғасыр әріде Италияда пайда болған. Ол ыңылдап ән шығаратындарға емес, музыкадағы кәсіби жазба дәстүрді ұстанғандарға арналып айтылған. Композиторлықтың негізінде композиция деген ғылым жатады. Оның өз теориялары бар. Соның бәрімен таныс болып, бәрін түгелдей игерген адамнан ғана композитор шығады. Әрине, композиторлардың ішінде жан-жақтысы да, негізінен музыканың бір жанрымен айналысатындары да болады. Бірақ бәрібір кәсіби деңгейі көрініп тұруы керек. Қазір арнаулы білімі болмаса да ән шығарып, олары той-томалақтар мен бүгінде ештеңені талғай бермейтін эфирден беріліп жататындар көп, тіпті көбісінің шығарғандары бір-бірімен ұқсас болып жатады. Нағыз композиторлар ондайға бармайды. Плагиатқа ұрыну – олар үшін үлкен абыройсыздық. Нағыз композиторлардың туындыларын бір маусымдық не әлдебір оқиғаға ғана арналып, бірер шырқалып қалу үшін жазбайды. Олар өз шығармаларына қанша қайталап айтылып жатса да, тыңдаушыны жалықтырмайтын тереңдік дарытуға күш салады. Қазақта Әбілахат Есбаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев секілді танымал композиторлардың әндері айтылмай қалған, тыңдаушысын таппай қалған кез бар ма? Жоқ қой! Міне, осындай тұлғалы өнер иелеріне қарап ел кімді композитор деп атауға болатынын біліп жүргені дұрыс. Сонда нағыз композиторлар мен әуесқойларды айыра алады. Бүгінгі музыка индустриясы күнде өзгеріп тұруына, күнде жаңа музыканың шығуына күш салады. Әрине, әртүрлілік деген жақсы, бірақ музыкалық туынды бар-жоғы бір-екі жыл ғана айтылып, сәннен шығып қала беретін болса, онда жұрттың да талғамы құлдырап, әйтеуір жаңа нәрсе болса болды деген ұстанымға бойы үйреніп кетуі мүмкін. Бізде де күнде туып жатқан шалажансар музыкалық туындылар жұртты нағыз әндерден көкжасық дүниелерді айыра алмайтын етіп барады. Әрине, әр музыкалық жанрдағы шығармалардың өз тыңдаушылары болады, бірақ тыңдаушы қауымға үлкен ізденістен туған мән-мазмұны терең шығармаларды ғана ұсыну керек.
– Жасыратын несі бар, қазір халқымыз классикалық формадағы музыкалардан гөрі ұлттық музыканы көп тыңдайды. Ол құбылыс кеңестік кезде де белгілі еді. Қазір көшедегі кез келген адамнан сұрасаңыз, біздің композиторлардың классикалық музыкаларын біле бермейді, есесіне туындылары ұлттық негізде жасалған композиторларымыз, олардың шығармалары туралы айтып бере алады. Сонда біз неліктен еуропалық үлгідегі музыканы дамытуға күш сала береміз?
– Жалпы, өзім композитор ретінде елімізде классикалық музыканың рөлі төмендеді дегенге келіспеймін. Әрине, ұлттық музыка мұрасы бай халқымыз өздерінің дәстүрлі музыкаларын – әндерін, күйлерін, жыр-термелерін сүйіп тыңдайтыны талассыз нәрсе. Бірақ ол жағдай біздің композиорларымыз тудырған классикалық үлгідегі музыкаларды тыңдаушысыз қалдырды деген сөз емес. Өзіңіз білесіз, Алматыда Абай атындағы Ұлттық опера-балет театры, Астанада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Шымкентте опера-балет театры бар. Сонымен бірге біраз облыстардағы музыкалық театрларда опера әншілері, классикалық бағытта музыка орындарушылар жұмыс істейді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде классикалық музыкалар бойынша мамандар даярлайды. Осылардың бәрі бізде классикалық музыканың дамып жатқанын көрсетсе керек. Ал қазіргі поп жанрындағы өзбек, түрік, орыс, ағылшын, т.б. елдер музыкаларының әсерінде туып, тойларда, концерттерде шырқалып жүрген әндер қанша сұранысқа ие болғанымен, оның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Олар қазір қаншама танымал болғанымен, классикалық музыкалардың орнын баса алмайды. Классикалық музыка әлі күнге тұғырынан тайған жоқ. Мысалы, осыдан үш ғасыр әріде шыққан немістің ұлы композиторы Иоганн Себастьян Бахтың музыкалары әлі орындалады, әлі тыңдалады. Өзімізден айтсақ, атақты композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы осыдан 77 жыл бұрын жазылған, әлі күнге опера театрларының сахнасынан түскен жоқ! Келтіре берсек, мұндай мысал көп.
– Шынын айту керек, біздің қоғам – Қазақстан композиторларының бүгінгі жағдайынан хабарсыздау. Сіздердің одақтың жасап жатқан шаруалары, қандай жетістіктері бар, қандай проблемалары бар – ол туралы біле бермейді. Ендеше, кәсіби композиторлардың шығармашылығын жұртқа кеңірек таныту үшін не істеу керек?
– Құдайға шүкір, біздің одақ мүшелерінің арасында баяғы даңқты тұлғалардың жолын жалғастырып келе жатқан кәсіби композиторлар жетерлік. Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Төлеген Мұхамеджанов, Балнұр Қыдырбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серік Еркінбеков, Бейбіт Дәлденбаев, Ақтоты Райымқұлова секілді кәсіби композиторлар – опера, балет, симфония сияқты күрделі жанрларда шығармалар жазып, Қазақстан композиторлары мектебін әлемдік деңгейде ұстап тұрған тұлғалар. Сонымен қатар Оралда Донеділ Қажымов, Еркін Нұрымбетов, Қарағандыда Марат Сүтішов, Ақтөбеде Аманжол Исмагулов, Дина Ниязова, Қайырғали Қожанов секілді әріптестеріміз қызмет етіп жатыр. Сондықтан Композиторлар одағы кәсібилік тұрғыда әлі өз биігінде тұр деп айта аламын. Сонымен бірге Әліби Әбдінұров, Арман Жайымов, Айсұлу Тани, Аружан Есіркеп, Дастан Құлмағамбетов, Әлібек Қадыров, Әзімбек Жамбаев сынды жас композиторлар есімдерін лайықты атап өтуге болады. Бұлардың бәрінің шығармалары республикалық, халықаралық конкурстарда өз бағасын алып, жүлдегер болып жүр. Әрине, қазір қайсы шығармашылық одақ болсын, өз қиындықтары бар. Бұл орайда Композиторлар одағының шешілмей жатқан мәселелері барын айтқым келеді. 2020 жылы Композиторлар одағы өзі секілді шығармашылық ұйымдардың арасында алғаш рет ел ордасы Астанаға көшті. Өзінің барлық құжатын заңды түрде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеді. Содан бері біз Астанадамыз. Бірақ мен қанша министрлердің, әкімдердің қабылдауында болсам да, осы күнге дейін Композиторлар одағына елордадан кеңсе беру ісі шешілмей келе жатыр. 1991 жылы Кеңес өкіметі құлағанға дейін басқа шығармашылық одақтар қатарында Композиторлар одағы да мемлекет тарапынан қаржыландырылатын. Қазақконцерт мекемесінде, филармонияларда, Мәдениет министрлігінде репертуарлық комиссия болатын және оларға өзге шығармашыл адамдарымен бірге композиторлар да өздерінің туындыларын өткізіп қаламақы алып отыратын. Міне, тәуелсіздік алғалы 33 жыл өтіп бара жатыр, бұл уақыт ішінде Қазақстан композиторлар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру болмады. Мәдениет және ақпарат министрлігі жылына бір рет («Дала дауысы») өткізетін конкурс бар, оған қатысып жүлделі орын алған композиторлар ғана марапатталады, өзге композиторларға ол да жоқ. Сондықтан өзге одақтар сияқты композиторлар одағының жағдайы да өте қиын. Әр композитор әр жерде жұмыс істеп, соның аздаған жалақысымен ғана күнелтіп отыр. Ал өзінің зияткерлік еңбегі үшін қаламақы алу композиторлар одағында мүлде жоқ. Сол үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бізге опера-балет жазуға, балаларға арналған, оркестрлерге арналған музыкалар жазуға мемлекеттік тапсырыстар, гранттар болса, жақсы болар еді. Ондай қолдау композиторларымызды шабыттандыратын нәрсе ғой. Қазірше ондай мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан әр жерде әркім өз бетінше күн көруге мәжбүр, мұндай жағдай ұлттық кәсіби музыканың дамуына кесірін тигізе ме деп қауіптенеміз. Бұл мәселемен тиісті орындарға талай ұсыныс хаттар жазып, талаптанып көрдік, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Өнер ұлтқа керек, оны құлдыратып алсақ, руханияттың бір саласы әлсірейді. Демек, біз қазақ музыкасының дамуын тежеп алсақ, оның салдары да жақсы болмайды. Сондықтан елдің атын шығарып, абыройын көтеретін қазақтың кәсіби музыкасы қолдауға зәру екенін сіздің газет арқылы жоғарыға тағы бір мәрте жеткізгім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ