T-Newspaper

Болашақ үшін дауыс берген күн

сурет: istockphoto.com

Өткен жексенбіде бір жыл бойы халық талқысында болған АЭС құрылысы бойынша референдум өтті. 6 қазанда 7 820 918 қазақстандық ел келешегін айқындайтын маңызды іс-шарада дауыс беруге қатысты. Референдумға қатысқан отандастарымыздың 71,12 пайыздан астамы «Иә» деп жауап берді. Бұл референдумның еліміздің тарихында ерекшеленіп қалатыны анық. Өйткені АЭС салу мәселесін халық өзі шешті.

Асуан  СИЯБЕКОВ,  «Қазақстандық  атом электр стансалары»  ЖШС Атом энергетика  бөлімінің жетекші инженері:

Референдум – үлкен жұмыстың тек басы ғана

– Негізі, референдум өткізу  бұл – үлкен жұ­мыстың тек басы ғана. АЭС-ті басқару жүйе­сі бойынша қай мемлекеттің техно­ло­гиясы озық екенін жете зерттеп, еліміздің гео­саяси жағдайын да ескере отырып, дұрыс шешім қабылдаймыз деп ойлаймын. Қай ел­ді, қандай технологияны таңдасақ та, бізге, ең бірінші, қауіпсіздік мәселесі маңызды. Одан кейін өзіміздің отандық ядролық отын ба­засын қолданудың жолдарын қарас­тыра­мыз. Уран өндірісінің байытылған қоры Қа­­­­­зақстанда жетерлік. Оны өндіріп, экспорттап отыр­мыз. 2021 жылдан бері Өскемен қаласында дайын зауыт жұмыс істеп тұр. Биылғы қуат­ты­­лығы 200 тоннаға дейін жетеді. Яғни, уран өндіру бойынша біздің мамандарымызда бі­ліктілік жетеді, ресурс та бар. Тағы да қа­рай­тын мәселе – кадрлардың әлеуеті, маман­дар­ды даярлау. АЭС салушы ел отандық ма­ман­дарды реакторлық технологияға сай оқы­тады, біліктілігін шыңдайды.  Атом энергиясы бізге таңсық нәрсе емес. Біз­де 3 ядролық реактор бар,  Алматы, Кур­ча­тов қалаларында қаншама маман жұмыс іс­тейді. Олардың жұмыс істеу принципі біз са­ламыз деп отырған АЭС-тің жұмысына қа­рағанда өте қиын. Өйткені әр энер­ге­ти­ка­лық диапазонда зертханалық жұмыстар жа­­салады. Ал АЭС-те бір энергетикалық дең­­­­­гей­ге шығарып қойғаннан кейін ма­ман­дар оны тек қадағалап отырады. Сондықтан оны басқара алатын мамандар бізде жет­кі­лік­ті. Сон­дықтан АЭС салынатын 10-12 жыл­­дың кө­лемінде біз өзімізге керекті ма­ман­дарды даярлап аламыз.  Негізі, АЭС салатын елді таңдайтын кез­­де техникалық-экономикалық си­пат­та­ма­ла­рына баса назар аударамыз. Мә­селен, Фран­ция мен Ресейді алып қа­райық. Олар 1960-70 жылдардан бастап АЭС сала бастады. Сондықтан екі елде де үлкен тә­­­­жірибе бар. Франция да, Ресей де пай­да­ла­нылған ядролық отынды игеру, ары қарай оның радиоактивтілігін төмендетудің жол­дарын жақсы зерттеген. Францияның кадр­лар даярлайтын арнайы мекемесі бар. Қытай процесті оңтайландыруда озық. Олар басқа мем­лекеттерге қарағанда құрылыс нысан­да­рын тез әрі берік қылып салады. Оңтүстік Ко­рея БАӘ-ге 4 блоктан тұратын APR-1400 реак­торы бар АЭС салып берді. Кәрістер Ха­лық­аралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) берілген ұсыныстарын орындай оты­рып, белгіленген уақытта АЭС құры­лысын сәтті аяқтады.  Референдум нәтижесінен соң вендорды таң­даумен қатар дәлелді түрде АЭС орна­ла­са­тын жер бойынша Үкіметтің арнайы қау­лы­сы керек. Атом электр стансасы үшін таң­­­далуы мүмкін жерлердің бірі – Алматы об­лысындағы Үлкен ауылын бекітетін бол­сақ, сол жерден 3 алаң қарастырылады. Бір – маңыз­ды алаң, екі – альтернативті алаң. Бұл біз­дің нормативтік құжаттардың да талабы, МАГАТЭ-нің де ұсынысы. Үш алаңды таңда­ған­­нан кейін ол жерде міндетті түрде ин­же­нерлік зерттеулер жүргізіледі. Мамандар «АЭС-ті қандай алаңға салған дұрыс?» деген сауал­ға жауап іздейді. Бұл 1-2 айдың көле­мін­де бола қалатын жұмыс емес. Орташа есеп­пен 1-1,5 жылда аяқталады. Негізі, Үлкен ауы­лының тарихи деректері бар, өйткені мұн­да кезінде үлкен жобалар басталып, аяқ­сыз қалған болатын. Бірақ біз дайын дерек­тер­ге сүйенбейміз, бәрін басынан бастаймыз. Себебі АЭС өте күрделі құрылыс, қауіпсіздік дең­гейі жоғары нысан болатындықтан асқан жауаптылықпен зерттеу жүргізуіміз керек.  Инженерлік зерттеулерден кейін тех­ни­ка­лық-экономикалық сипаттама жұмыстары жүр­гізіледі. Оның ең үлкен бір бөлігі – АЭС-тің қоршаған ортаға әсерін бақылау. Бұған бар­ша қазақстандық қатыса алады. Өйткені ол ашық түрде жүргізіледі. Кейін осы сипат­та­маның барлығы біткеннен кейін АЭС-тің сараптамасы жасалады. Сараптамадан соң «Шынымен де сол технология осы жерге ке­рек пе?» деген сұрақ көтеріледі. Егер бар­лы­ғы құпталатын болса, тағы да Үкіметтің қау­лысымен бекітіліп, ары қарай жобалық-сме­талық құжаттамалар дайындалады. Таң­дал­ған вендормен келісімшарттар жасалып, кейін бірінші бетонның құрылысы баста­ла­ды. Осыған дейінгі жұмыстарға 4-5 жыл уа­қыт кетеді. Бірінші бетонның құрылысы да 5-6 жылға созылады. Сонда АЭС-ті салуға бас-аяғы 10-12 жыл уақыт қажет.    Мұндай үлкен жобаның құрылысына эко­логтар алаңдаушылық білдіріп отыр. «Балқаштың суын пайдалансақ, тау­сы­лып қалмай ма? Пайдаланылған су көлге қай­та құйыла ма?» деген мәселеге жан-жақты тү­сініктеме бере кетсем деймін. 1960-1990 жыл­дар аралығында Балқаш көлінің суы азайып, кейін қайта толысқанын білеміз.  Яғни, судың қайтуы мен толысуы бұрын да бол­ған. Ал енді булану деңгейіне келсек, Бал­қаш көлінің көлемі – 108 млрд текше метр. Оның 1/5 бөлігі жыл сайын буланып ке­теді. Бұл шамамен 19 млрд текше метр. АЭС-тің пайдаланатын су мөлшері – 63 млн текше метр. Яғни, жылдық буланудың 0,33 пайызы, бір пайызға да жетпейді. Сондай-ақ пай­­даланылған су көлге қайтадан құйыл­май­ды. Өйткені біз тікелей суды алу техноло­гия­сын қолданбаймыз. Қазір әлемде 415 реак­тор жұмыс істеп тұрса, соның жарты­сына жуығы осы технологиямен жасалады. Өйткені бұл арзанға түседі. Ал бізде Балқаш көлі жабық әрі оған Іле өзені ғана келіп құя­тындықтан, жоғарыда аталған тәуе­кел­дердің бәрін ескере отырып, мұнаралы градирнялар жүйесін қолдануға ұсыныс беріп отырмыз. Астананың шетіне шықсаңыз, жылу электр стан­саларында дәл осындай мұнаралы гра­дирнялар жұмыс істеп тұр. Олардың биіктігі 50-60 метр болса, атом электр стансасында бұл биіктік 200 метрге дейін барады. Осы тех­нологияларды қолданатын болсақ, 63 млн текше метрді сумен суытуға болады. Бұл жерде ядролық реакторды ешкім суытпайды, тур­бинадан шыққан буды конденсаторға қарай жіберу үшін суды қолданады. Яғни, пай­даланылған су қайтадан көлге құйыл­майды. Үлкен градирнядан шығатын су емес, бу ғана. Ол ешқандай да радиоактивті зат не­месе түтін емес. Сол себепті де АЭС жасыл тех­нологияға жатады.  Одан көмірқышқыл газы, ауыр металдар – метан, азот шықпайды. Екінші технология бар. Ол – құрғақ гра­дирнялар. Олар суды мүлдем қажет етпейді, бұл желдеткіштердің көмегімен жүзеге асы­рылады. Сол жердегі оқшауланған жүйе жел­­д­еткіштер арқылы буды суытып қай­та­дан конденсатқа айналдырып, мұны екінші контурға жіберіп отырады. Түсінікті болу үшін айтсақ, біздің көлігіміздегі қарапайым радиаторлар секілді жұмыс істейді. Біз осы 2 технологияны техникалық-экономикалық сипаттаманы жасаған кезде міндетті түрде қараймыз.  Жалпы, АЭС салу – базалық генерация кө­зін салу деген сөз. АЭС-тің басқа энергия көз­деріне қарағанда операциялық шығын­дары жоқ. Мысалы, ЖЭС-те бұл көмір. Еліміз­де кейбір стансаларда 10 мың тонна көмір жұм­салады. Ал АЭС-ке «тамызықты» бір сал­­саңыз, 18-24 айға дейін, яғни бір цикл біт­кенге дейін тұрады, оны ешкім қозға­май­ды. Одан кейін оның 1/3 бөлігін әр 18 ай сайын ауыстырып отыру  керек. Екіншіден, АЭС стратегиялық жоба, елімізде эконо­ми­ка­лық тұрақтандыру болады. Базалық гене­ра­ция көздерін біз үздіксіз тәулік бойы энер­гия алу мақсатында қолданамыз. Өйт­ке­ні бұл тұрақты және қазіргі трендттердің бар­лығын ескеретін генерация көзі. Тренд де­ге­німіз – жасыл энергетикалық даму, бү­кілә­лемдік декорбонизацияны азайту мақ­сатында дәл қазіргі кездегі оңтайлы шешім­нің бірі. Өйткені көп ел өздерінің страте­гия­лық даму мақсатында АЭС-ті қайта қарас­ты­рып жатыр. Әлемде 415 реактор істеп тұрса, оны 32 ел қолданады. Әлемдегі 206 мем­ле­кетпен салыстырғанда АЭС-ті қолданатын 32 ел аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол 32 ел­де 4,5 млрд адам тұрады. Яғни, бүгінде 4,5 млрд адам атом энергиясын қолданып отыр деген сөз. 

Нұрлан АМАНГЕЛДІҰЛЫ,  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ЯФЖМжТ кафедрасының қауымдас­тырылған профессоры, ядролық физика бойынша PhD:

Көне энергия көздерінің проблемасы көп

– Референдумға бір кісідей қатысып, өт­кіздік. Халыққа түсіндіру жұмыстары жақ­сы жүргізілгендіктен де дауыс берушілердің 70 пайыздан астамы «Иә» деп жауап берді. Ха­лық АЭС салу, салмау мәселесін өзі шешті.  Жалпы, референдум басталғанға дейін жұ­мыс тобында болғандықтан халықпен жиі кездестік. Жамбыл, Қызылорда облыс­та­рын араладық. Сонда түсінгенім, тұрғы­н­дар бізде энергия тапшылығы бар екенін сезбейді, керісінше көп деп ойлайды екен. Энер­гия тапшылығының зардабын оңтүстік өңір тұрғындары бір кісідей біледі. Сарап­шы­лардың айтуынша, елімізде энергия тап­шы­лығы 3-6 пайыз мөлшерінде. Сонымен қатар «Көмірді жағып отыра берейік» дей­тіндер де жиі кездеседі. Қазір көп ауру кө­мірден шығатын ауыр металдардан пайда бо­лады. Күлдің ішінде мыс, қорғасын сынды ауыр металдар толып жатыр. Елімізде жы­лына 400-500 мың тонна күл шығады. Оның көбі тау болып үйіліп, қалғаны шашылып жатыр. Ал АЭС-тен 50 шаршы метр ғана қал­дық шығады. Мұның өзі 2-3 жылдағы кө­лемі. Көмірмен салыстырғанда мұны қал­дық деп санауға да келмейді. Ғалымдар оны қайта өңделетін отын ретінде қарастырып жатыр. Біздің ғалымдар Жапония, Франция ғалымдарымен қосылып, бірнеше рет экспе­ри­мент жасады. Болашақта қалдық отынға эле­менттерді қосып, қайтадан пайдалануға болады деген болжам жасалып отыр.  Дәл қазір Америкада 96 реактор «ың-шың­сыз» жұмыс істеп тұр. АЭС салған елдің бәрі ақымақ емес. Мамандар қауіпсіздігі, технологиясы жағынан Францияныкі артық деп отыр. Иә, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын». Қазір қорқып, бұғып отыратын за­ман емес. Осылай отыра берсек, қалай дами­мыз? «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді қазақ. Сосын АЭС салынған аумақта өсімдік өспейді, жануарлар жүрмейді деген де жаңсақ пікір. Мен Жапониядағы Фукусима стансасында болдым. Бізді сол маңға жақын жерде қияр, қызанақ өсетін жылыжайға апарды. Көзімізше көкөністерді кесіп, ра­диация мөлшерін тексерді. Бәрі қалыпты. Иә, І және ІІ буын реакторларда қателіктер кетті. Ал ІІІ буында осы қателіктердің барлығы ес­керілген. АЭС-тің қауіпсіздігіне салған ком­паниялар жауап бере алады.  Соңғы жылдары баламалы энергия көз­деріне де сұраныс артып келеді. Жаң­ғыр­тылған энергия көздерінің бір кемшілігі – тұрақ­сыздығы, өйткені ауа райын, күннің жылуы мен желдің соғар-соқпасын ешкім бақылай алмайды. Жел электр станса­ла­ры­нан шығатын дауыс адамға зиян, жануарлар ол жерден қашып кетеді. Жел бағандарын 70 метр биіктікте орнатады, ол үшін оның астын 50 метр қазып, цемент құяды. Егер жел ба­ғаны қираса, құласа, астындағы цементті еш­кім алып шығара алмайды, жердің астын­да сол күйі жатады. Сондықтан көне энергия көз­дерінің проблемасы көп деуге негіз бар. АЭС керек емес дегендердің үйіндегі жарық­ты 3 күнге өшірсек, содан кейін өз пікірлерін өз­гертер еді. Бір күн жарық өшсе халық шайын қайнатып, тамағын істей алмай, жұ­мысына бара алмай қалады. Электрсіз барлығы тоқтайды. Кейбір экономистер «Энер­гияны сатып-ақ ала берейік» деп отыр. Бұл да шешім емес. Кісідегінің кілті – аспан­да. Бүгін келісімді бағада жарығын сатып отыр­ған көршің ертең ойынан айнып, жа­рық­ты қымбаттатса, ешқандай шара қолдана алмайсың. Амалсыз сатып аласың. Сондық­тан АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізудің бір жолы. 

Нұржан МҰХАМЕДОВ,  ҚР ҰЯО, Атом энергиясы институты филиалының реакторлық құрылғыларды әзірлеу және сынау бөлімінің бастығы: 

АЭС қоғамның барлық саласына өзгеріс алып келеді

– Референдум күні ел қатарлы мен де учас­кеге барып, өз таңдауымды жасадым. Сол күні халық белсенді дауыс беріп, өзде­рі­нің конституциялық құқығын білдірді. Сай­лау учаскесінен таңнан кешке дейін адам үзіл­ген жоқ. Бұл – еліміздегі соңғы жылдары жү­зеге асырылып жатқан саяси рефор­ма­лар­дың үлкен нәтижесі деп ойлаймын.  Азаматтарымыздың референдумға қа­тысуы еліміздің келешегін нығайтудағы маңыз­ды қадам. Әрбір қазақстандықтың өз таң­дауын жасауға мүмкіндік берілді. Қабыл­дан­ған шешім елімізді оң өзгерістерге бас­тай­тыны анық.  АЭС туралы халықтың едәуір хабардар еке­ні білінді. Референдумда «Иә» деп таңдау жа­сағандар Қазақстанның энергетикалық дамуына, экономикалық тұрақтылығына өз үлестерін қосты деп ойлаймын.  Референдум нәтижесі оң болғандық-тан, енді алдағы жылдарға арналған жұмыстар өз кезегімен орындалатын болады. Ең алдымен АЭС салушы мемлекетті таңдап, қай жерге салынатыны белгіленеді. Бізге са­лынатын 2 блоктан тұратын АЭС-тің қуат­ты­лығы 1 200 немесе 1 400 МВт болады. Елі­міз АЭС-тің жұмысын оң жолға қойға­н­нан кейін мүмкін АЭС салуға ынталы елдерге ұсыныс жасайтын шығар. Қазіргідей техника мен технология қарыштап дамыған заманда мұн­дай мүмкіндікті жоққа шығара алмай­мыз.     Қазақстан демократиялық мемлекет бол­­ғандықтан, әрбір азаматтың пікірі маңыз­­ды. Біз үшін энергетикалық тәуел­сіз­дік­­ке қол жеткізу, елімізді энергиямен то­лық­тай қамтамасыз етуге талпыну кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Сондықтан Мем­лекет басшысының АЭС салу туралы ұсы­нысы дер кезінде қолға алынды деп ой­лай­мын. АЭС салу қоғамның барлық сала­сы­на өзгеріс алып келеді. Соның бірі – энер­ге­ти­ка саласына қызығатын мамандар саны­ның артуы. Ядролық энергетика сынды тех­никалық мамандық иелері өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратын болады. Тіп­ті, жастар шетелде білім алған күннің өзін­­де оның жемісін елімізде көретіні анық. Бұл экономикамызды да алға жылжытып, Қа­зақстанды дамыған елдер қатарына қо­са­ды деп ойлаймын.