Банк туралы заң: өзгерістердің бағыты қандай болмақ?
Қаржы саласы мен жаңа технологиялардың интеграциясы банк секторының қызметіне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Осылайша, мол мүмкіндікпен қатар, реттелуге тиіс, алдын алуға тиіс сын-қатер де көбейді. Осы және басқа да факторлар банк саласын реттейтін заңды жаңартудың алғышарты болып отыр. Себебі қолданыстағы заң бұдан 30 жыл бұрын қабылданған.
Қазіргі заң 30 жыл бұрын қабылданған
Кейінгі жылдары онлайн банкинг кең тарала бастады. Тұтынушылар да, сәйкесінше өнім мен қызмет көрсету түрлерін ұсынушылар да қолма-қол ақшасыз төлем түрін дәсүрлі төлем түрімен қатар қолдануға көшті. Инфрақұрылым дамыған қалаларда, тіпті, қағаз ақшаға қарағанда онлайн төлемді қолай көретіндер көбейді. Қолма-қол ақшасыз экономиканың өсімі, цифрлық банк сервистерін дамытуда, қаржы және мемлекеттік қызметтерді интеграциялауда айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Банк шотын ашу, несие рәсімдеу, ақша төлеу мен аудару, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі қаржы қызметінің барлығына цифрлық форматта, қашықтан қол жеткізе аламыз. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, кейінгі 5 жылда халық арасындағы қолма-қол ақшасыз транзакция көлемі 10 еседен көп өскен және оның бөлшек тауар айналымындағы үлесі 89 пайызға жетіпті. Биылғы 9 айда Ұлттық Банктің банкаралық төлем жүйелері арқылы өткен транзакция айналымының жалпы көлемі 1 квадриллион теңгеден асып түскен. Дегенмен инновациялардың өмірімізге жылдам енуімен қатар киберқауіп пен онлайн-алаяқтық та өршіп барады. Шілденің аяғында алаяқтықтың алдын алу үшін Антифрод-орталық іске қосылғанын жазған едік. Қазірдің өзінде орталық 500 млн теңгеден астам соманы алаяқтардың иемденіп кетуінен сақтап қалған. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қаржы технологияларын дамытуға жалпыұлттық деңгейде басымдық беру екенін айтқан болатын. Сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екенін де назарға салды. Ал бұл үшін жаңа сын-қатерге тосқауыл бола алатындай жаңа тетіктер, яғни жаңа заң қажет. – Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды, – деген еді Президент. Көп ұзамай жауаптылар жаңа реттеу тетіктерін әзірлеуге қамдана бастады. 10 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров банктер мен несие ұйымдарының қызметін реттейтін жаңа заң жобасын 2025 жылғы маусымда енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң 1995 жылы қабылданған. Осы жылдар ішінде заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елу жылда – ел жаңа. Әлемнің қазіргі қарқынына қарасақ, бұл мерзім тіпті қысқарғандай әсер береді. Әсіресе, бас-аяғы 5-10 жылда финтех саласында болған өзгерістер өмір салтымызға айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте соған сай заң қабылдау уақыт талабына айналып отыр.
Нақты қандай өзгеріс енгізілмек?
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, заң жобасында экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтер мен қаржы технологияларын реттеу мәселелері басты назарда болады. Осы бағыттағы теңгерімсіздікті жою үшін теңдестірілген салық саясаты жүргізілмек. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң жобасын әзірлеу аясында жұмыс басталып кеткенін хабарлады. Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың пікірінше, бұл заңда экономикаға несие беруді арттыруға баса назар аудару қажет. Яғни, ірі және орта банктер үшін әмбебап лицензиялар және шағын банктер үшін реттеу әдістері төмендетілген базалық лицензиялар болады. – Қазіргі Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканы либерализациялау туралы Жарлық аясында банктер үшін әмбебап және базалық лицензияларды енгізу қарастырылуда. Қазір қолданыстағы банктер туралы заңда барлық банктер үшін бірыңғай лицензия және бірыңғай талаптар қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе көрсеткендей, шағын және орта бизнес пен микробизнесті несиелеу үшін орта немесе шағын банктерге төмендетілген талаптар қоюға болады, – деді Мәдина Әбілқасымова Парламентте. ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Кизатов жақында Алматыда өткен Moody's саммитінде нақты қай бағытта өзгеріс енгізілетіні туралы айтып берген еді. – Біз бұл бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Мемлекет басшысы жаңа заңды цифрлық технологияларды реттеуге және банк бизнесін цифрландыруға бағыттау туралы тапсырма берді. Осы тұста біз қаржы институттарының финтех компанияларының капиталына қатысу үлесін арттыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ банктерге кейбір операцияларды кеңейтпекпіз. Сонымен қатар агенттік негізгі және әмбебап лицензияларды енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл лицензия түріне байланысты пруденциялық нормативтерді реттеу деңгейі белгіленетінін білдіреді. Яғни, әмбебап лицензиясы бар банктер жоғары деңгейде қадағаланады. Бұл тұрғыда біз Ресей мен басқа да елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз, – деп қосты ол. Төраға орынбасары ислам банктерінің мүмкіндігін кеңейту мәселелері де талқыланып жатқанын айтты. ҚНРДА өкілінің айтуынша, жаңа заң жобасын әзірлеуге байланысты екінші деңгейлі банктермен кездесу өткен. Осы арқылы оларға өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік беріліпті. – Себебі олар тікелей жұмыс істейтіндіктен, біз қаржы институттарына жаңа құжатты әзірлеу бойынша өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік бердік. Жалпы алғанда, агенттік банктер мен рейтингтік ұйымдардың ұсыныстарын қабылдауға дайын, – деп түйіндеді ол. Заңгер Дәулет Әбжанның пікірінше, қолданыстағы заңның негізгі мәселесі – оның қазіргі заманғы банкингтің дамуын толық есепке алмауында. – Жаңартылған құжат екінші деңгейлі банктерге өз экожүйесін кеңейтуге мүмкіндік беруі керек, – деп сарапшы қысқаша пікірін білдірді. Заң тетіктері талқыға шыққанда, нақты қай бағыттар бойынша жұмысты жетілдіру қажет, нені өзгерту қажет, нендей мәселе назардан тыс қалды деген сұрақтың жауабын іздейтін боламыз. Әзірге, жұмыстың басталғаны, оның қай бағытта жүретіні анық.
Қаржы технологиясы қарыштай бермек
Осы аптада Алматыда Central Asia Fintech Summit (Орталық Азия Финтех Саммиті) өтті. Іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиын финтех индустриясының сарапшылары, қаржы реттеушілері мен 15 елдің орталық банк өкілдерінің басын қосты. 2 күнде цифрлық активтерден бастап қаржы нарығында жасанды интеллектті қолдануға дейінгі қаржы технологиялары саласындағы ең өзекті мәселелерді жан-жақты талқыланды. Саммитте сөз сөйлеген Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қаржы секторын цифрландыру GovTech саласынан бастап электрондық коммерция индустриясына дейінгі көптеген салаға оң мультипликативті әсерін тигізгенін жеткізді. Сондай-ақ қаржы қызметтерінің цифрлық форматқа сәтті көшіп жатқанын, біздің міндетіміз – осы бағытта одан әрі дамып, аймақта көшбасшы позициясын сақтап қалу екенін де айтып өтті. – Қазір біз ҚНРДА-мен, сондай-ақ нарық қатысушыларымен бірлесіп, алдағы 5 жылға арналған Қаржы реттеушілерін цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Бұл стратегия біздің барлық «цифрлық» бастамамызды біріктіріп, қаржы нарығындағы проинновациялық заңнамалық орта қалыптастыру үшін жоспарланған реттеуші өзгерістерді, бірыңғай Цифрлық Ұлттық Банк тұжырымдамасын толықтырады. Қаржы ұйымдары арасында өзара байланыс орнататын, цифрлық қаржы қызметтерінің ұлттық деңгейде, ауқымды түрде енуіне жол ашатын Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымынсыз цифрландырудың жаңа кезеңіне өтуді елестете де алмаймыз, – деді ол. Инфрақұрылымның негізгі құрамдас бөліктері – Ұлттық төлем жүйесі, Цифрлық теңге платформасы, Open API платформасы, цифрлық келісімдер механизмі, биометриялық сәйкестендіру жүйесі және Антифрод-орталық. Бұл бастамалардың кейбірі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, ал Цифрлық теңге, Open API платформасы, Антифрод-орталық былтыр пилоттық режимде іске қосылды, қазір сервистер кеңейтіліп жатыр. 2025 жылға қарай осы аталған инфрақұрылымды құру бойынша негізгі жұмыстар аяқталмақ. Ақылжан Баймағамбетов басты мақсат – Data-Driven Банк құру екенін жеткізіп, Цифрлық Ұлттық Банк тұжырымдамасын таныстырды. Ол Ұлттық Банктің негізгі бизнес-процестерін қайта құруды да талап етеді. Ұлттық Банк пен оның еншілес құрылымдарының иелігіндегі әкімшілік және транзакциялық деректер негізінде деректер платформасы құрылады. Ол макро және микро пруденциялық реттеу мен қадағалаудың деректерге бағытталған технологияларын жетілдіруге бағытталмақ.
Қорыта айтқанда, қаржы саласында жаңа бастамалар мен жаңалықтар көп. Ал заңнаманың соған сай жаңармауы көптеген сын-қатер тудырады. Алаяқтықтың өршуі, кибершабуыл сияқты мәселелер – соның негізгі мысалы. Банк саласын реттейтін жаңа заң да, негізінен, осы бағытқа қарай бағдарланбақ.