Түркі бірлігінің рухани діңгегі
Іс-шараға тұтас түркі дүниесінің дін лидерлері мен қайраткерлері арнайы жиналды. Сонымен қатар, конференция еліміздің және шетел ясауитанушы ғалымдарының басын қосты. Одан бөлек Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, шығыстанушылар, сарапшылар, руханият пен зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Ясауи – ұлтымыздың рухани темірқазығы
Жиында сөз сөйлеген Мәулен Сағатханұлы ең алдымен Ясауи мұрасын зерделеу мен дәріптеуге байланысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғұламаның есімін ұлықтап, оның адамзатты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбектерін жан-жақты зерделеуге үнемі баса мән беретінін айтты: «Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн», – деген еді. Осыған орай еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы іс-шара өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бүгінгі конференция – аталған бастаманы іске асырудың нақты көрінісі». Сондай-ақ ол Президент жуырда ғана киелі Түркістанға жасаған сапарында ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне зиярат еткенін еске салды. Оның айтуынша, мұның бәрі Ясауи – ұлтымыздың рухани темірқазығы екенін айқын көрсететін қадамдар. Бүгінгі іс-шара да ұлы тұлғаның есімін және еңбегін жаңаша жаңғыртудың жарқын үлгісі болады деп сенім білдірді.
Ясауи тұлғасы тек діни шеңберде қарастырылмауы керек
Сенат Төрағасы Қожа Ахмет Ясауидің есімі бірегей тарихи тұлға ретінде бүкіл әлемге белгілі екенін айтты. Сондықтан ойшылдың мұрасын терең зерттеп, оны дәріптеу аса маңызды екеніне тоқталды: «Жалпы, Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын кең ауқымда қарастырудың маңызы зор. Ясауи, бірінші кезекте, сопылық ілімнің түркілік дәстүрін қалыптастырған ірі діни көшбасшы. Ол осы бағытта «Диуани Хикмет» секілді бірқатар ауқымды әрі аса маңызды еңбектер қалдырды. Мыңдаған рухани ізбасар тәрбиеледі. Сондықтан халық оған «Әзірет Сұлтан» деген мәртебелі есім бергені белгілі. Дегенмен, біз Ясауидің тұлғасын тек діни шеңберде қарастырсақ, оның болмысы толық ашылмайтыны анық. Себебі, ол – түркі-ислам философиясын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл. Сонымен бірге, төл әдеби тіліміздің бар байлығын, қуатын көрсете білген ақын, сөз зергері». Конференцияға Ясауи әлемін жан-жақты зерделеуге елеулі үлес қосып жүрген беделді дін қайраткерлері мен ғалымдар жиналғанын айтқан ол Ахмет Ясауи туралы терең көзқарас одан әрі дәріптелетініне сенім білдірді.
Түркі жұртына ортақ құндылық
Сонымен қатар ол Ясауи тек қазақ халқының ғана емес, бауырлас елдердің бірлігін нықтау ісінде маңызды рөл атқаратын тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Сондай-ақ ол ойшылдың есімі мен еңбегін рухани диалог пен мәдениетаралық және дінаралық келісімнің алтын көпірі деп бағалады. – Жалпы, Ясауи жолы – ұлттық және түркі жұртының бірегейлігін нығайтудың кепілі. Бүгінгідей сын-қатерлерге толы алмағайып заманда өзімізге тән ерекшеліктерді сақтай отырып дамудың маңызы өте зор екені анық. Бұл тұрғыдан алғанда, Ясауи ілімінің берері мол. Себебі, Ясауи – түркілік дүниетаным мен Ислам қағидаларын шебер үйлестіре алған тұлға. Осылайша, ол өзіміздің тарихи тәжірибемізге және салт-дәстүрімізге негізделген рухани бағдар қалыптастырды, – деді Сенат Төрағасы. Сондай-ақ ол болмысымызға сай келмейтін, діни догмалар мен радикализммен күресте Ясауидің ілі- мін бағдар етіп ұстану, рухани бастауымызға назар аудару – баршамыз үшін маңызды екенін жеткізді: «Ясауи тұлғасы – түркі бірлігінің рухани діңгегі десек, артық айтқандық болмайды. Қазақстан түркі әлемімен және түркі тілдес мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөледі. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Осы ретте соңғы жылдарда ауыз толтырып айтуға болатын көптеген жұмыс атқарылды». Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының 10-ыншы мерейтойлық саммиті өткенін еске салған ол жиын аясында мемлекет басшылары өте маңызды стратегиялық құжаттарды қабылдағанын еске салды: «Қазір Түркі мемлекеттері ұйымы ынтымақтастығымыздың барлық саласын қамтитын толыққанды, беделді халықаралық құрылымға айналды. Бұл бір жағынан біздің тарихи сабақтастығымызды жалғастыруға, жан-жақты даму бағыттарын жандандыруға және бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ортақ тарихи тұлғаларды бірлесе дәріптеу ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретіні анық. Осы орайда Ясауидің тұлғасы тұтас түркі жұртының басын біріктіре алады».
Рухани диалог пен байланыстың алтын көпірі
Мәулен Сағатханұлы Ахмет Ясауи ілімі қоғамда гуманистік құндылықтарды дәріптеуге жол ашатынын айтты. – Ғұлама-ойшылдың даналық хикметтері адамзатты ізгілікке, бауырмалдық пен адал еңбекке шақыратыны баршаға аян. Бұған қоса, ол өзінің шығармаларында адамгершілік пен имандылықты биік көтеріп, бүкіл түркі жұртын татулыққа үндеген. Мұның бәрі уақыт өткен сайын Ясауи ілімінің маңызы арта беретінін және оған әрдайым назар аударып отыру қажет екенін көрсетеді. Сондай-ақ, Ясауидің есімі – рухани диалог пен байланыстың алтын көпірі бола алады деп сенеміз, – деді ол. Біздің еліміз түркітілдес кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейде де мәдениетаралық және дінаралық келісімді насихаттауға ерекше көңіл бөлетінін айтқан ол Қазақстанда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп келе жатқанын еске салды. – Жалпы, Съезд дүние жүзіндегі беделді дін өкілдерінің, саяси қайраткерлердің және халықаралық ұйым басшыларының басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын бірегей диалог алаңына айналды. Бұл ретте бейбітшілік, бауырластық және төзімділік сияқты құндылықтарға негізделген Ахмет Ясауи хикметтері де Съезд идеяларымен үндес екенін атап өткен жөн, – деді ол. Түркі мұрасы және түркітілдес елдерге ортақ тұлғалар мен құндылықтар жүйесін дәріптеу үшін Съезд алаңын белсенді пайдалануға шақырған ол Қожа Ахмет Ясауи – түркі дүниесі үшін ерекше қадірлі есім екенін айтты. Сөзін түйіндей келе ол осы алаңда айтылған ойлар мен көтерілген мәселелер ясауитану ісін және түркі тұтастығын жаңа белеске шығарады деп сенім білдірді.