Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті

Akorda

Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығы талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуден басталды.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Халк Маслахатының төрағасына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.

Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.

– Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, оның Түрікменстанға ресми сапары аясында қол жеткізілетін уағдаластықтар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді

Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды.