Жаңалықтар

Ақтөбе маңындағы өзен бойында қамыс өртенді (ВИДЕО)

ТЖМ

Өрт аумағы – 5 гектар. Зардап шеккен адам жоқ.

 Ақтөбе қаласы маңындағы Сазды өзені бойында қамыс өртенді. Арада үш сағат өткенде өрт оқшауланды.

Ақтөбе қаласының Сазды өзені маңында басталған өрт бау-бақша ұжымының тұрғындарын әбігерге салды. Қазір мұнда өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органның мамандары, полиция жүр.

- Ақтөбе қаласы Астана ауданы Сазды өзені бойындағы Лесное маңында қамыс жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына ТЖД гарнизонынан 37 адам, 10 техника жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдардан 10 техника мен 7 адам бар. Қазіргі кезде өрт сөндіру жұмысы жалғасып жатыр, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, хабарлама сағат 13:28-де түсті. Сағат 16:26-да өрт аумағы оқшауланды. Өрт аумағы – 5 гектар. Зардап шеккен адам жоқ.

- Бау-бақша ұжымының күзетшісі ортақ чатқа Лесное тұрғын алабы жағынан өрт шыққаны туралы хабарлады. Алдымен адамдар өздері сөндіріп жатты. Кейін өрт сөндірушілер келді. Өрт түсте басталды, - деді саяжай тұрғыны Лена Кравец. 

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына 30 полиция қызметкері жіберілген. Олар да қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр.